«Патшалар» мерекесі патшаға лайық деңгейде тойланады

Халықаралық балаларды қорғау күні биыл «Балалар жылымен» тұспа-тұс келіп отыр. Осыған орай қазыналы өңірде кішкентай патшалар мерекесін патшаға лайықты деңгейде атап өтуге күш салынуда. Мереке қарсаңында біз қалалық білім бөлімінің тəрбие ісі жөніндегі əдіскері Бақыт МАМИНАҒА хабарласып, мерекелік шаралардың жөн-жобасы жөнінде кеңінен білген едік.

Кішкентайлардың биылғы мерекесі еліміз бойынша «Бəрі де балалар үшін» деген ұранмен өтетін болады. Ал 1 маусымдағы іс-шаралар легі қалалық мəдениет үйінде «Бала деген бір бақыт» деген тақырыппен салтанатты түрде ашылатын болады. Ол бірнеше блоктарға бөлінген. Сол блоктарға сəйкес шаһарымыздағы алаңдар мен дəмханаларда, рухани орталықтарда əдеттегідей думанды концерттер жəне байқаулар ұйымдастырылады.

– 1 маусым жұмыс күні – сəрсенбіге келіп тұр. Дейтұрғанмен, қала тұрғындары мен қонақтары үшін бұл күні кең ауқымды бағдарлама ұсынып отырмыз. Атап айтқанда, театрландырылған қойылымдар, суреттер көрмесі, асфальтта сурет салу, «Біз бақытты баламыз!» деген тақырыптағы концерттік бағдарлама балалар мен олардың ата-аналарын бей-жай қалдырмайды деп ойлаймыз, – дейді Бақыт Ибратайқызы.

Білім бөлімі əдіскерінің айтуынша, бұл күні балалардың ата-аналарымен бірлесіп қатысатын, өнерлі ұжымдар қатысатын шаралар да аз емес. Мəселен «Папа, мама и я – спортивная семья» деп аталатын спорттық жарыс, «Ғажайып əлем» деп аталатын сурет салу байқауы, «Бақытты балалық шақ» деген атаумен өтетін флешмоб балаларды қызыққа кенелтсе, аниматорлардың қатысуымен өтетін «Балғын балалар – біздің болашағымыз» атты шоу мен өнерлі өрендер қатысатын «Айналайын» əн-би фестивалі мереке ажарын аша түсетін болады. Бұл күні балаларға тегін мультфильмдер де көрсетіледі.

– Балалар жылы аясында өтетін бұл мерекелік шараларға қала əкімдігі мен білім бөлімі жəне Жəйрем кентіндегі Kazzinc металлургиялық компаниясы демеушілік жасап отыр. Осылайша «Балар жылындағы» балаларды қорғау күнінің қызықты, əрі есте қаларлықтай болуы үшін қолдан келгеннің бəрін жасаймыз, – дейді Бақыт Мамина.

Ізтай БЕЙСЕНБАЕВ