Дана халқымыздан сөз қалған ба?! «Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек, жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек» деген сөз Төлеухан ағамызға арнап айтылғандай. Асыл да ардақты ағамыз, еліне елеулі болған азамат, Жаңаарқа ауданының тумасы Төлеухан Ілиясұлынан көз жазып қалғанымызға да 1 жылдың жүзі болыпты. Жұлдыздай аққан бір ғұмыр араға талай күнді салып үлгеріпті.
Қаражал қаласының Құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, 20 жылдан астам уақыт мамандығы бойынша Қаражал қаласындағы орыс мектептерінде тарих пәнінен дәріс берген, тоқсаныншы жылдары журналистика саласында еңбек еткен дара тұлға.
«Центральный Казахстан» газетінің тілшісі, аймақтық «Қазыналы өңір» газетінің бас редакторы болды. Негізінен тарихи-деректі тақырыптарға қалам тартып жүрген жазушының қаламынан «Ақпан-Бәйеш», «Аралбай батыр», «Бала бақсы», «Қарашаның тоғызы», «Хан Кененің қазасы», «Сарбазы Сарыарки», «Мир Асатова», «Сәкеннің соңғы мүмкіндігі» сияқты көптеген деректі шығармалары жарық көрді.
Газет беттерінде жарияланған Төкеңнің өткір де шыншыл мақалалары өзінің оң бағасын алғанын көзіміз көрді. Қандай тақырыпта жазбасын, қандай өзекті мәселе көтермесін оның тәрбиелік мәні мол, ел мүддесін қолдағаны аңғарылатын. Қоғам дамуына кері әсерін, кесір-кесапатын тигізетін келеңсіз жайттарға Төкең төзбейтін еді. Әділетсіздікті жаны қаламайтын.
Әрбір мақаласында көтерген өзекті тақырыптары көңілге қонымды, айтқан пікірлері атқан оқтай әсер беретін. Төлеухан ағаға деген құрметімнің бөлектігі, ілтипатымның ерекшелігі өзіме аян және ол кісіге де белгілі еді. Әрқашан ақиқаттан аттамай, адамгершілікті сақтап, адал жүріп, ақ сөйлеп өмірден өткен ағамның болмысы дара еді.
Адамзат баласы өнегелі өмір мен арман-қиялын ұштастырып, асыл мұраттарға жетуге асығады. Бүгінде Төкеңді еске алып, толғаныспен отырып ұққаным – ол өзіндік болмысы және тектілігі, қарапайымдылығы арқылы рухы мәңгілік ұмытылмас кейіпкерге айналғандығы.
Төлеухан аға үлкен жүректі, дархан көңілді жан еді. Кішіге аға, үлкенге іні бола білді. Сондықтан да, досы көп, дұшпаны жоқ болатын. Ол кісінің қоғамдық өмірде қалдырған ізі жайлы да көп нәрсе айтуға болады.
Қаражал қаласында тұңғыш рет құрылған «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы ретінде талай іс-шараларды ұйымдастыруға ұйытқы болғанын қаражалдықтар ұмытқан жоқ. Қаланың мәдени-сауық орталығында бірнеше рет «Тамаша» ойын-сауық отауын ұйымдастырғанын, ұлттық ат спортының дамуына үлкен үлес қосқанын, ақындар айтысының жандануына ұйытқы болғанын бәріміз жақсы білеміз.
Төлеухан Ілиясұлы өмірде көргені мен түйгені көп қоғам мүшесі. Өнегесі өрнекті әке, жазира пейіл жар, айтары мол ақылман аға, ниеті таза, адал жан еді. Лебізінен ізгілік лебі есіп тұратын, жүзінен нұрлы шуақ тарап тұратын иманды азамат еді.
Парасат-парқы биік, өрелі тұлға, оқығаны мен тоқығанынан түйген тұжырымдарын ортасына таратуға ынтызарлығы басым ұстаз еді. Қысқасы, бес күндік жалғанда бекер ғұмыр кешпеген дара тұлға.
Иә, тіл ұшына оралып, шынайы тәнтіліктен туған теңеу тіркестерін тізбелей берсек, олардың бір демде түгесіле қоймасы анық. Төлеухан ағамыз осынау сипаттамалардың бәріне де барынша лайықты еді, жарықтық. Мағыналы ғұмыры соның басты арқауы.
Әдебиеттің нәрін сарқа сімірді, мәдениеттің мәйегін қалқып ішті. Төкеңнің бір ерекшелігі – еңбектерін екі тілде жазатындығы. Ол ұлтты сатқандық емес, керісінше өз ұлтын өзгеге таныту, асқақтату мақсатында болатын. Өзгелерді төмендетпей, өзіңді биіктете білудің өзі нағыз ұлтжандылық деп білеміз.
Ол кісінің өнегелі өмірі болашақ ұрпаққа үлгі болары сөзсіз. Ортамызда жоқ болса да, қалдырған мұралары жерлестеріміздің есінде мәңгілік қалдыру үшін Қаражал қаласының бір көшесіне есімі берілсе – нұр үстіне нұр болар еді.
Өмірдің барлық қиындығы мен бұралаң жолдарын бағындыра білген асыл азамат көзі тірісінде ұлын ұяға, қызын қияға қондырып кетті. Бір басының даналығымен отбасының ғана емес, әулеттің, бүтін бір ауыл-аймақтың ақылшысы бола білді десем, артық айтқаным болмас.
Төкеңнің жер бесікке қайтқанына сене алмай жүргенде бір жылдың жүзі болыпты. Мына бір шумақ өлең жолдарымен аяқтағым келіп отыр:
Жалғанда Төкеңнің жөні бөлек,
Жан баса алмас орны бар елден ерек.
Төке, аңсаймыз сіздің ақ жүзіңді,
Ісің – үлгі, ақылың жүр ғой демеп бізді.
Иә, өмір бір орында тұрмайды. Уақыты келгенде бәрі де кетеді. Кеудесінде жаны бар барлық пенде өмір сүреді, бірақ сол өмірде өзіндік орны бар, қайталанбас даралығымен ел есінде мәңгі қалатын жандар қатары кем де кем.
Сондай санаулы жандардың бірі – Төлеухан Ілиясұлы дер едім. Өзі кетсе де, артында аталы сөзі мен тәлім-тәрбиесі қалды. Асыл бейнесі мәңгі жадымызда болады.
Ауданбай АСАНБАЙҰЛЫ,
қала тұрғыны.