Отбасылық бизнесті өрістеткен Гүлнар

Қаражал өңірінде табанды еңбегімен, адал кәсіппен елге танылып жүрген шағын бизнес өкілдері аз емес. Сол кәсібін нәсібі етіп жүрген азаматтардың алдыңғы легінде тумысынан еңбексүйгіш, қолы берекелі кәсіпкер Гүлнар Исатаева тұр. Оның бүгінгі табысты жолының негізінде маңдай тер, төзім мен отбасылық тату тірлік жатыр.

Гүлнар Қыдырбайқызы Ақтау ауылында дүниеге келген. Мектептен кейін арман жетегіне еріп, Жезқазған педагогикалық институтының табалдырығын аттайды. Алайда, жас шағында Исатаев Арынғазы Кеңесұлымен шаңырақ көтеріп, отбасылық өмірге қадам басқан соң, оқуын аяқтауға мүмкіндігі болмайды. Бірақ бұл оның еңбек жолына тұсау болған жоқ. Қайта жаңа өмірдің өз талабына сай түрлі салада тер төгіп, тәжірибе жинайды.

Қаражал өңірінде әр салада еңбек еткен ол, әсіресе асхана жұмысында кәсіби шыңдалып, Ақтай кентіндегі фабрика асханасында аспаз болып көпшілікке танылды. Асхана жұмысы — тиянақтылықты, ұқыптылықты, төзімділікті талап ететін сала. Гүлнар бұл міндетті абыроймен атқарып, қолының дәмін қалың жұртшылыққа мойындата білді. Ал жұбайы Арынғазы Кеңесұлы көп жылдар бойы жүргізуші болып еңбек етті.

Екеуінің маңдай терге сүйенген тіршілігі бір арнаға тоғысып, жаңа кәсіп бастауға жол ашты. Шамамен жеті-сегіз жыл бұрын отбасы тәуекелге бел буып, жеке кәсіп ашуды ұйғарады. Алдымен үй жағдайында түрлі тәтті өнімдер пісіруден бастады. Артынша кәсіп кеңейе түсуі үшін грантқа қатысып, қолдау тауып, шағын баспана сатып алып, арнайы кондитерлік цех ашты. Шаруаны ширатып, дөңгелету үшін өз қаражаттарына «Газель» автокөлігін сатып алды. Осы сәттен бастап еңбектің нақты жемісі көріне бастады.

Бүгінде Гүлнар Қыдырбайқызының өнімдері Қаражал жұртшылығы үшін жақсы таныс. Той-томалақтың дастарханындағы торттар, тәтті тағамдар, түрлі кекстер мен печеньелер — барлығы да қолдың дәміндей жылы, табиғи өнім. Халық сұранысы артқан сайын Гүлнардың еңбегі де еселене берді. Қазіргі таңда кондитерлік цехта 13–14 адам тұрақты жұмыс істейді. Жалақысы көңілге қонымды, жұмыс ауысыммен жүргізіледі. Бұл — жаңа кәсіп қана емес, аймақ үшін маңызды әлеуметтік жоба.

Цех өнімдері Қаражалдағы барлық дүкен сөрелеріне таратылады. Жергілікті өндірістің дәмді бұйымдарына сұраныс жылдан жылға артып келеді. Соңғы уақытта отбасылық брендтің аты алысқа кете бастады. Бүгінде олардың тәтті өнімдері Қарағанды қаласына дейін жеткізілуде. Арынғазы мен Гүлнардың баласы Аян мен келіні Арай Қарағанды қаласына қоныс аударып, осында кондитерлік цехтың филиалын ашты. Бүгінде бұл филиал да табысты жұмыс істеп тұр.

Жас отбасы ата жолын жалғап, ана жолын үлгі тұтуда. «Келін ененің топырағынан жаралады» деген қазақ нақылы тегін айтылмаса керек. Арай келіні де Гүлнардай шебер, пысық, ісмер. Қарағандыдағы цехты ұршықша иіріп, тәтті өнімдерді үлкен сұраныспен дайындап келеді. Енесінің қолөнерін, дәм сезімін бойына сіңіріп, бүгінде оны өз кәсібіне ұтымды пайдаланып отырған еңбексүйгіш келіннің табысы — бүкіл әулеттің мақтанышы.

Жуырда облыс орталығында өткен аграрлар форумында Гүлнар Исатаева «AMANAT» партиясының Алғыс хатымен марапатталды. Бұл — оның алғашқы марапаты емес. Бұған дейін де облыс және қала деңгейіндегі түрлі мадақтауларға ие болған. Оның әрбір жетістігі — өзінің ғана емес, Қаражалдағы шағын кәсіпкерлік ортаның дамуына қосқан үлесі.

Бүгінде Исатаевтар отбасы кәсіпкерлік арқылы тек табыс тауып қана қоймай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да үлес қосып отыр. Жергілікті халықты жұмыспен қамту, табиғи әрі сапалы өніммен қамтамасыз ету, ел ішінде жауапкершілік пен еңбектің үлгісін көрсету — олардың күнделікті атқарып жүрген жұмысы.

Гүлнар Қыдырбайқызының жетістігі — табандылықтың, талпыныстың, тектіліктің жемісі. Кәсіп ашамын деген жанға үлгі боларлық әйел, отбасына берекенің ұйытқысы болған ана, өңірге пайдасын тигізіп отырған кәсіпкер. Қаражалдың тәтті өнімдері көпшілікке қуаныш сыйлап жүрсе, оның артында тұтас бір отбасының ынтымағы, маңдай тері мен адал еңбегі тұрғанын естен шығармаған жөн.