ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ – ЖАҢАРУ МЕН ЖАҢҒЫРУ НЫШАНЫ
22 наурыз – табиғаттың жаңарып, тіршілік атаулы қайта түлейтін ерекше кезең. Дәл осы күні күн мен түн теңеліп, табиғатта үйлесім мен тепе-теңдік орнайды. Сол себепті халқымыз бұл күнді ежелден «Ұлыстың ұлы күні» деп қастерлеп, жаңа жылдың бастауы ретінде атап өткен.
Наурыз – тек көктем мерекесі ғана емес, ол – халықтың сан ғасырлық дәстүрі мен рухани құндылықтарын дәріптейтін ұлы мейрам. Бұл күні адамдар бір-біріне ақ тілектер айтып, өкпе-ренішті ұмытып, татулық пен сыйластықты ту етеді. Әр шаңырақта дастарқан жайылып, ағайын-туыс, көрші-қолаң бас қосып, жаңа жылды қуанышпен қарсы алады. Халық бұл күнді ерекше дайындықпен қарсы алып, үйін тазалап, қонақ күтіп, кең дастарқан жайған. Мұның бәрі халқымыздың кеңпейілдігін, қонақжайлығын және бірлікке деген ұмтылысын көрсетеді.
Биылғы Ұлыстың ұлы күні еліміз үшін айрықша мәнге ие. Өйткені, жуырда ғана өткен бүкілхалықтық референдумда Қазақстанның жаңартылған Конституциясы қабылданды. Бұл – ел өміріндегі маңызды тарихи кезеңдердің бірі. Кемел келешегіміздің темірқазығына айналатын Ата Заңымыздың жаңаруы мемлекетіміздің дамуына жаңа серпін беріп, қоғамдық-саяси жүйенің жаңғыруына жол ашатын маңызды қадам болып отыр.
Жаңа Конституция – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге және қоғамдағы әділеттілік қағидаттарын нығайтуға бағытталған маңызды құжат. Бұл өзгерістер ел болашағына деген сенімді арттырып, қоғамның тұрақтылығы мен бірлігін бекемдей түсері анық.
Наурыз мейрамы мен ел өміріндегі осындай маңызды жаңғырудың қатар келуі терең символдық мәнге ие. Себебі, Наурыз – табиғаттың ғана емес, қоғамның да жаңаруын білдіретін мереке. Көктемнің келуімен бірге үміт пен сенім жаңарып, ел дамуына тың серпін беретін игі бастамалар жүзеге асады.
Ұлыстың ұлы күні әр шаңыраққа құт-береке әкелсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын. Бірлігі бекем, болашағы жарқын Қазақстанның келешегі кемел болғай!
НАУРЫЗ МЕЙРАМЫ ТУРАЛЫ ҚЫЗЫҚТЫ ДЕРЕКТЕР
Бұрын Наурыз мейрамын тойлау таң атуды қарсы алудан басталды. Бұл ежелгі ғұрыптардың біріне — «Бұлақ көрсең, көзің аш!» деген мәтелге байланысты болды. Мереке күні қар жауып тұру жақсы ырым деп саналған. Бізге жеткен қазақ аңыздарында қыздың сұлулығы Наурыздың ақ қарына теңестеріледі. Бұл таңғажайып жайт емес, өйткені, наурыздағы қар әдетте жұмсақ, ерекше аппақ болады.
Мерекенің рухани бейнесі – Қыдыр ата саналады. 22 наурызға қараған түні бүкіл халық оның келуін күтеді. Бұл түнді «Қыдыр түні» атайды. Қыдыр ата — бүкіл халықтың қамқоры, оларға жақсылық жасаушы, ырыс, құт, несібе әкелуші, бақыт, береке, өмір сыйлаушы қасиет иесі, кемеңгер, әулие, көріпкел, жарылқаушы қарт. Ол Ұлыстың ұлы күнінде әр елге келіп, әр шаңыраққа соғып бата береді, деген сенім бар. Сондықтан, әр үй Қыдыр атаның жолын күтіп, өздерінің жанын да, тәнін де, киер киім, ыдысы мен бұйымдарын да таза ұстауға тырысады. Үйдің іші-сыртын, қора-қопсыны тазартып, ағаш егіп, өсімдікке су құяды. Мұсылман қауымы мұндай үйге Қыдыр ата түнеп немесе бата беріп кетеді деп түсінген. «Қыдыр қонған», «Қыдыр дарыған» деген сөздер осындайдан шыққан.
Әбу Райхан Бируни, Омар Һайям тәрізді ұлы ғұламалардың еңбектерінде Шығыс халықтарының Наурыз мейрамын тойлауы туралы деректер бар екен. Наурыз күндерінде мынадай салт-дәстүр, ырымдар жасаған: Әр жерде үлкен от жағып, отқа май құйған. Жаңа өнген жеті дәнге қарап болашақты болжаған. Жеті, ақ кесемен дәстүрлі ұлттық көже «сумалық» ұсынған. Ескі киімдерін тастаған. Ескірген шыны аяқты сындырған. Бір-біріне гүл сыйлаған. Үйлерінің қабырғасына дөңгелек ою — «күн символын» салған. Үйлеріндегі тіреу, ағашқа гүл ілген. Жамбы ату тәрізді түрлі жарыстар өткізген. Бұл күні кәрі-жас мәз болып, бір-біріне жақсы тілектер айтқан, араздаспаған.
НАУРЫЗ КӨЖЕ – МОЛШЫЛЫҚТЫҢ БЕЛГІСІ
Наурыз мейрамы қарсаңында әзірленетін басты тағам – наурыз көже. Бұл – жеті түрлі дәмнен жасалатын, береке мен бірліктің нышанына айналған ұлттық ас.
Наурыз көже – қатаң рецепті жоқ, бірақ, философиясы бар тағам. Оның басты ерекшелігі – міндетті түрде жеті түрлі дәмнен жасалуы. Қазақ халқы үшін жеті саны қасиетті саналады. Көженің құрамына әдетте: су – тіршіліктің негізі, ет (сүр ет немесе жаңа сойылған қой еті) – күш пен берекенің нышаны, дәнді дақылдар (бидай, тары, арпа, күріш, кейде жүгері) – тоқшылықтың белгісі, бұршақ – өсіп-өнудің символы, сүт немесе айран – ақ ниет пен тазалықтың көрінісі, май – молшылық пен байлықтың белгісі, тұз – дәм мен өмірдің мәнін білдіреді.
Кей өңірлерде көжеге қазы, қарта, шұжық сияқты ұлттық тағамдар қосылып, оның дәмі мен құнарын арттырады. Дайындау тәсілі де өзіндік рәсімге ұқсайды. Алдымен ет ұзақ уақыт баяу отта қайнатылады – бұл асықпай, сабырмен өмір сүрудің белгісі іспетті. Одан кейін әртүрлі дәндер бөлек пісіріліп, өз дәмін сақтауы үшін ерекше күтіммен дайындалады. Соңында барлығы бір қазанға құйылып, айран немесе қатық қосылады. Бір қазанға әртүрлі дәмнің қосылуы – әртүрлі адамдардың бір қоғамда тату өмір сүруінің символдық көрінісі.
Ұлыс оң болсын, Ақ мол болсын!
Топтаманы әзірлеген
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
