Қазір ел ішінде ең көп талқыланып жатқан мәселенің бірі – жаңа конституциялық реформа. Бірі оны елдің жаңаруына бастайтын маңызды қадам деп бағалап, азаматтарды референдумға қатысуға шақырып жатса, енді бірі күмәнмен қарап, әртүрлі пікір білдіруде. Бұл – заңды құбылыс. Себебі, демократиялық қоғамда әр азаматтың өз ойы, өз ұстанымы болуы қалыпты жағдай.
Алайда, мәселе елдік деңгейге келгенде жеке пікірден гөрі ортақ мүдде алға шығуы тиіс. Конституция – кез келген мемлекеттің іргетасы, қоғам мен билік арасындағы негізгі келісім. Сондықтан, оның тағдырына бейжай қарау – өз болашағымызға немқұрайлы қараумен тең.
Кейбір отандастарымыз «мен бармасам да референдум өтеді» деген көзқарасты алға тартып жатады. Бұл – қате түсінік. Иә, рәсім ретінде референдум өтуі мүмкін. Бірақ, оның мазмұны мен маңызын айқындайтын – халықтың қатысу деңгейі мен белсенді ұстанымы. Халықтың үнінсіз қабылданған шешімнің салмағы да әлсіз болары анық. Ал саналы түрде қатысып, өз таңдауын жасау – әр азаматтың азаматтық парызы.
Бүгінгі ұсынылып отырған жаңа Конституция – 1995 жылы қабылданған Ата заңның мазмұнын сақтай отырып, оны заман талабына сай жаңғыртуға бағытталған құжат. Сарапшылардың айтуынша, оның шамамен 80 пайызы жаңарып, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге басымдық берілген.
Жаңа редакцияда халықтың шешім қабылдау үдерістеріне қатысу мүмкіндігі кеңейеді, жергілікті өзін-өзі басқарудың рөлі артады, әлеуметтік кепілдіктер нақтырақ айқындалады, заң үстемдігі мен әділеттілік қағидаттары күшейтіледі.
Бұл өзгерістер – қағаз жүзіндегі нормалар ғана емес, елдің ұзақ мерзімді дамуына бағытталған стратегиялық қадамдар.
Әрине, кез келген реформа мінсіз болмайды. Пікір алуандығы – қоғамның дамуының белгісі. Бірақ, сын айту мен бейжай қалу – екі түрлі ұғым. Егер біз ел тағдырына қатысты маңызды шешімдерден шет қалсақ, онда ертеңгі нәтижеге қатысты талап қоюымыз да әлсірейді.
Сондықтан, бүгінгі басты міндет – қоғамды ортақ іске жұмылдыру. Референдумға қатысу – белгілі бір көзқарасты қолдау ғана емес, ол – азаматтық жауапкершіліктің көрінісі. Бұл – «менің де дауысым бар, мен де ел болашағына үлес қосамын» деген ұстаным.
Ата заң – бір күннің емес, бірнеше ұрпақтың тағдырына әсер ететін құжат. Оны қабылдау немесе жаңарту – тарихи сәт. Осындай кезеңде әрқайсымыз сырт қалмай, саналы таңдау жасап, ортақ мүдде жолында бірігуіміз қажет.
Ел тағдыры – әр азаматтың қолында. Ортақ іске жұмылған ел ғана қуатты мемлекет құра алады.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ

