Оны тағдырдың өзі шыңдады

Адам өмірінде қадап айтатын, тағдырын соған байланыстырып, өзгелерден даралайтын бір сәттер болады. Бүгінде тоқсанның табалдырығын аттағалы отырған қаражалдық қария – Амангелді Тлеубаевтың өмір жолы туралы әңгіме қозғағанда, сонау сұрапыл соғыс жылдарында тылда тыным таппай, қан майдандағы жеңістің әр күнін қайтсем жақындата түсуге септігім тиеді деп жанұшыра еңбек еткен бұғанасы қатып, буыны бекімеген баланың бейнесі көз алдымызға келеді.

Кейіпкеріміз Амангелді Тлеубаев 1937 жылы наурыз айының 15 күні Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданындағы «Өндіріс» колхозында қарапайым ауыл отбасында дүниеге келген екен. Оның балалық шағы ел басына күн туып, ер етікпен су кешкен сұрапыл соғыс жылдарына тап келді. Балалық шақ деген сол заманның балаларында болмады да. Ер азаматтар қолдарына қару алып, ел қорғауға аттанғанда тылдағы ауыр еңбек қарттар мен әйелдердің, сосын осы Амангелді сияқты буыны қатып, бұғанасы бекімеген балалардың иығына түсті. Олар да таңның атысы, күннің батысы колхоздың жұмысын істеп, майданда, оқ пен оттың ортасында жүрген жауынгерлерге киім-кешек пен азық-түлік жіберуге өздерінің сүбелі үлестерін қосты.

Әбекең тағдырдың тауқыметін жасында-ақ тартқан жан. Сол бір ауыр жылдарды өзінің естелік кітабында егжей-тегжейлі баяндайды.

«Шаруашылық енді қыза бастаған кезде, ел басына нағыз қаралы күн туды. 1941 жылы 22 маусымда фашистік Германия соғыс ашып, ел еңсесі тағы түсті. Біздің үй де көздеріне жас алып, уайымға түсті. Бір күні әкемді «Труд армияға алындың» деп алып кетті. Үйдің іші азан-қазан жылап жатыр. Мен де жылағандарға қосылып егіліп жүрмін. Не екенін көп түсіне қоймаймын, бірақ, әкемді алып кеткеніне жылап жүрмін. Үйіміз қоржын үй болатын. Бір жағында атамдар тұратын. Екінші жағында әкем мен анам тұрды. Ортада тамақ істейтін асхана болатын. Енді үйдің ішін қорқыныш, уайым, үрей билей бастады. Себебі, әкем жоқ. Бұл 1941 жылдың қысы еді. Мен бала болсам да, «неге алып кетті, қашан келеді, келмей ме?» – деп уайымдап, алаңдай бердім. Дегенмен, бірнеше күннен соң тіршілік бір сарынға түсе бастады. Шешемді «Апатай» деп атаушы едім. Бір күні апатайымды жиналысқа шақырып кетті. Жиналыстан келе жаңалықтарды айтып жатыр. Бізден әскерге көмек сұрап жатыр: «көпейке, биалай, нәски тоқып тапсырыңдар, біздің көмегіміз сол болады», – деп, әрқайсымызға салық салып жатыр екен. Білетінім, әжем биалай тігіп, нәски тоқып беріп, біз міндеттен құтылдық. Мұнымен біткен жоқ, кейін де тағы да қолдан келгенше көмек беріп жатты. Колхоздың азын-аулақ малын бағушылардан басқа азаматтар тегіс соғысқа – Отан қорғауға аттанды.

1942 жылдың көктемі келді. Ел егіске көше бастады. Соқа айдап, дән себетін азаматтар жоқ. Олардың орнын әскерге кеткендердің жесірлері басты. Апатайым да солардың бірі болып, егін салуға баратын болды. Шешемді егін салуға көшіртетін болған соң, мен де қалмаймын, бірге барамын деп едім, атам мен әжем мені жібергісі келмеді. «Киіз үй суық, ауырып қаласың» деп көндірмек болып, қарсылық білдіріп жатыр. Ал мен болсам шешемнен қалғым келмейді. Ақыры жібермеген соң, жылап шалқамнан түстім. Артымда айран құйған кесе тұр екен, соған құладым. Қираған кесе желкеме кіріп кетті. Осы күнге дейін желкемде сол тыртық (шрам) бар.

Егін салып болған соң, анам қайта оралды да, жаз айында шөп дайындауға шықты. Шөп дайындауға бәріміз көшіп бардық. Шөп дайындалып болар-болмастан, егін оруға аттанады. Осылайша күндер, айлар, жылдар өтіп жатты. 1943 жылдың көктемі келді. Егін салуға мені де бірге алып кетті. Мен соқаның басына мінемін, апатайым соқаны ұстап отырады. Осылайша бірнеше рет егін салуға қатыстым. … Бала демей, кәрі демей ел тегіс жұмысқа жегілген. «Бәрі де Отан үшін, бәрі де майдан үшін», «Майданға кеткен ерлер үшін екпінді еңбек ет!» деген ұранды алға салып, еңбекке бар халық жұмылды. Шешем көктемгі егіске барса, мені де ала барады, мен көліктің басына мінем, шешем соқаны қолымен тік ұстап жүреді. Соқа бір жүзді, не екі жүзді болады. Оны биік тұрған тұтқасынан ұстап тұрмаса, құлап қалады. Аңыздың басынан соңына дейін қолмен ұстап жүріп отыру керек. Аңыздың ұзындығы 500-700 метр. Күніне оны неше рет айналамыз, сонша уақыт оны тік ұстап, құлатпай жүріп отыру керек. Кешке жұмыс аяқталғанда мен екі атты ауылға мініп қайтам. Анам иығына қабын арқалап, жол-жөнекей бір қап тезек теріп ала келеді. Онсыз тамақ піспейді. Кешкісін диірмен тартып, табаға салып бір таба нан пісіріп, түскі тамаққа бірге жұмысқа ала кетеді. Күндегі кәсіп – осы. Менің таңғы ұйқыдан оянуым әрине, өте қиын. Бригадир таң атпай зікір салып, «жұмысқа, жұмысқа», – деп ысқырып жүреді. Батыста оқ атып, соғысып жатса, ауылда еңбек майданы қайнап жатты», деп жазады Амангелді әкей естелігінде. «Жұт жеті ағайынды» демей ме дана қазақ. Елдің азаматтарын сұрапыл соғыс майдан даласында жалмап жатқанда, тылдағы тірілердің де тағдыры қыл ұшында жүрді. Соның тауқыметін Амангелді әкейдің де отбасы аз тартқан жоқ. «Труд армияға» деп алынған жандардың тұрмысы түрмедегілерден де жаман болыпты. Оны әкесі босап келгенде білді Аманкелді. Босап келді деп айтуға ғана оңай еді. Сол жолда олар не бір азапты күндерді бастан өткерген. Оны да Амангелді әкей өз естелігінде тәптіштеп жазады. «Әкемді «Труд армияға» алғанда ауылдағы өзі қатарлы біраз азаматтар аттанды. Бұл кісілерді Көкшетау маңындағы Любин деген жерге апарып, түрлі жұмысқа салыпты. Соғыс зардабы жайлаған кезең, өте ауыр болды. Тамақ тойымсыз, ұйқы кемшін, жатын орын да жайсыз. Осы қиындыққа төзбей, арда өскен азаматтар қашуды ойластырады. Бірін-бірі үгіттеп, көндіріп ақыры қашпақшы болды. Бірнеше күн берген тамақтарынан іркіп, жол азық жинайды. Тас-түйін дайын болдық дегенде шешімге келіп, сентябрь айының орта кезінде барактан біртіндеп шығып, жанталасып қашып шықты. Түнде жүріп, күндіз тығылып жатады. Бірнеше күн жүріп, біраз жер өндіреді. Бір күні таң ата қалың егінге кез болады. Күзгі мәуелеп өсіп тұрған егін ортасын паналайды. Ұйқыдан оянса, күн қызып, күздің шуақты күні болып тұр екен. Азын-аулақ нан-пандарымен ораза ашып, суларын ішеді. Бір уақытта Егінбай ақсақал тұрып: «Неге босқа жатамыз, біраз бидай үгіп алайық та!» – деп бәрі бидай үгуге кіріседі. Әрқайсысының үккендері бір-бір шелектей болған кезде, Егінбай бәрінің басын қосып: «ал енді осы бидайымызды қуырып алайық деп, тауып алған ескі шелекпен от жағып, бидай қуыра бастайды. «Өй, от жақпа, түтінді көріп, өрт шықты деп бізді ұстап алады», – десе Егінбай: «тал түсте түтін көрінбейді», — деп отты жаға берді. Жалындап жанған оттың түтіні қаулап, аспанға бірақ көтерілді. Алыстан көрінген түтіннен егін өртеніп жатқандай көрініп, колхоз басшылары жан-жақтан машина, трактормен келіп, бидай қуырушыларды ұстады. Бұларды машинаға салып алып, ауылға әкеліп, колхоз басқармасының үйінің бір бөлмесіне қамайды. Көп ұзамай екі милиция келіп, оларды аудан орталығына алып кетеді. Тергеу басталды, әрқайсымызды жеке-жеке тергеп, сотқа жіберді. Бәрін бір статьямен соттап, әрқайсына сегіз жылдан беріп, әр тарапқа жіберді. Менің әкемді де сегіз жылға кесіп, Моңғолияға жіберді», – деп жазады Әбекең.

Сөйтіп, әкесі сотталып кете барды. Соғыс ел әлеуетін әлсіретіп, тамақ та, басқа да жағдай қыспаққа ала бастайды. Осының бәріне бала да болса қажыр-қайратын қарсы қойып, еңсесін түсірмей еңбек етеді.

«Қырық күн қырғын болса да ажалды ғана өледі» деген рас екен. Амангелді әкесін тірі көремін деп ойламап та еді. «…Әкем Бөкен, Жәкен деген ақсақалдардың баласы Қисықтың үйінде екен. Үйге кірдім. Әкемді танымай қалдым. Қарап тұрмын. Әкем: «Келе ғой», – деп, алдына алды. Өзгеріпті, толып кеткен, киімі симай отыр. Сөйтсем, денесінің бәрі ісік екен. Моңғолия жерінде бір кен шахтасына жұмысқа салады. Тамақ жоқтың қасы, үстінде киім-кешек, аяқ киім жоқ. Тамақ аш, киімі жұқа, соның салдарынан сотталғандардың басым көпшілігі – ауру бопты. «Көбі туберкулез деген ауру болады екен», – дейді әкем. Күнде шахтаға айдап апара жатқанда 2-3 адам жолда құлап қалады. Қайтарда да дәл солай. Сотталғандардың саны күн санап азая бастады. Моңғолия жері өте суық болады екен. Суығы шекеден бірақ өтеді. Және аш адам суыққа қанша шыдайды. Содан ауру көбейді. «Бір күні «комиссия болады» деп бізді дәрігер отыратын жерге апарды» – дейді әкем.

Міне, сонау майдан даласында ер азаматтар мұз жастанып, қар жамылып, оқпен оттың ортасында жандарын шүберекке түйіп жүрсе, тылдағы елді де тағдыр осылай тәлкегіне салды. Әйтеуір, төрт жылға созылған сұрапыл соғыс та жеңіспен аяқталып, елдің еңсесі көтерілді.

Соғыстан кейінгі өмір де Амангелді Тлеубаев үшін оңай болған жоқ. Ол кісі мектеп табалдырығын 1946 жылы ғана, колхозда ашылған мектепте аттады. Сол жылы әкесін қой фермасына завферма етіп жіберді. Осылайша ол екінші сыныпты туысқандарының үйінде жатып оқыды. Үшінші сыныпты «Өндіріс» совхозында оқып, төртінші сыныпты 57-ші разъездегі туысқандарының үйінде жатып, оқып бітірді. Әкесі сол жылы қой фермасынан шығып, колхоздың сиырын бағуға ауысты. Әбекең әрі қарай оқуды «Жеңіс» совхозындағы Секер деген жақын туыс апасының үйінде жатып жалғастырды. Кісі үйіндегі қиындықтарды басынан кешірген бала, ол үйден кетуге мәжбүр болады. Бұдан әрі ол Жаңаарқа ауданындағы № 1 мектептің бесінші сыныбын аяқтайды. Осылайша, үй жағалап жүріп оқыған бала орта мектепті Жаңаарқа ауданындағы интернатта бітіріп шығады.

Қандай жағдайды, қандай қиындықты басынан өткерсе де білімге құштар жан мектепті ойдағыдай аяқтап, Ақмоладағы педагогикалық училищеге оқуға түседі. Алайда қуанышы ұзаққа бармады. Сол жылы анасынан айырылып, үй-іші қиналып қалады. Қиын кезде жақындарына демеу болу үшін ол оқып жүріп жұмыс істеуге бел буды. 1957 жылдың қараша айынан Қаражалдағы бастауыш мектепке бірінші сынып мұғалімі болып жұмысқа орналасты. Кейін Жаңаарқадағы Қызылтау совхозында № 1 ферма мектебінде мұғалім болып жұмыс істеді.

Аманкелді Тлеубаев «Өркендеу» совхозында 1976 жылға дейін мұғалім болып қызмет атқарды. Білімді әрі еңбекқор, жалынды азамат 1964-1965 жылдары Қарағанды педагогикалық институтының тарих факультетінде оқып, сәтті аяқтаған еді. Отбасылық жағдайға байланысты 1976 жылы Қаражал қаласына қоныс аударып, сол жердегі түзету мекемесінің мектебінде жұмысын жалғастырды.

1978 жылдың 26 қыркүйегінде қалалық білім бөлімінің бұйрығымен Ақтай ауылындағы № 6 мектептің директоры болып тағайындалып, 1996 жылға дейін директорлық қызмет атқарды. Оның осы Ақтай ауылындағы мектеп үшін сіңірген еңбегін ел жырдай етіп айтады. Сол мектепті 9 жылдық негізгі мектептен 11 жылдық орта мектепке ауыстыруды мақсат етіп, аянбай тер төкті. Ақырында аталмыш мектеп 11 жылдық орта мектеп болып ашылды…

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ