Білім ордасы елге қайтарылған заңсыз иемденілген активтер есебінен салынады. Нысанның құны – 1,4 млрд теңге.
«Қаражал қаласында 1,7 мың бала мектепте оқитын болса, соның 200-ге жуығы «Теміржол» ықшам ауданында тұрады. Олар қаладағы жалпы білім беретін үш мектепке қатынап білім алуда. Әрине, балаларды оқыту үшін автобус тасымалын ұйымдастырамыз. Бірақ дегенмен де оқушылар үшін қалаға келіп, кету қиын. Сондықтан халықтың сұрауы, оның ішінде ата-аналар мен балалардың өтінші бойынша «Теміржол» ықшам ауданында жаңа мектеп салу қажет. Алдағы уақытта, жаңа мектеп салынса, ескі мектеп ғимаратынан балабақша ашуды жоспарлап отырмыз. Балабақша ашылған жағдайда үйде отырған қаншама жас ата-ана жұмыспен қамтылар еді», — деді Қаражал қаласы білім бөлімінің басшысы Тілеш Аштаев.
«Күн сайын 100-ден астам бала Қаражалдағы мектепке барады. Сонымен қатар қалада оқып жүрген көптеген студентіміз бар. Олар автобусқа орын жетпей қала ма деп алаңдайды. Біздің шағын ауданымыздағы ескі мектебіміз тар, ешқандай жағдай жоқ. Көптеген жастар баласын оқыту үшін жақын ауылдардан осында көшіп келеді. Сондықтан бізге жаңа мектеп қажет. Мысалы, менің балаларым қалалық мектепте оқиды. Бізге оған жету қиын. Сондықтан біздің ықшам ауданымызға мектеп пен балабақша қажет», — деді Қаражал қаласының тұрғыны Қаршыға Сейсенбеков.