«Қолымнан келмейді» деген сөз жоқ

Әдетте, таптырмайтын адам болмайды деп жатады. Бірақ дәл осы жағдай бұл пайымдауға қатысты емес сыңайлы. Жәйрем КБК техникалық күтіп қарау және жөндеу жұмыстары басқармасының автокөліктерді жөндеуші слесарі Алмас Өмірбеков – әріптестерінің айтуынша таптырмайтын, алтын қолды, құнды маман. Жөндеуге келмейді, істен шықты деген ондаған автотехника мен жабдықтарға жан бітірген жан. Ал бұл – компания үшін орасан зор қаржының үнемделуі.

Алмастың тұла бойы кішіпейілділік пен қарапайымдылыққа тұнып тұр. Өзінің жетістіктерін мақтан етіп айту оған тіптен жат. Сонымен бірге жан-жағына нұрын шашып, жарқылдап, жадырап жүретін жаны жайсаң жан. Қасына жақындаған адамдардың жүзіне күлкі үйіріліп, жақсылық жасағылары келіп тұрады. Оның бойындағы жарық қуаты бәріне жететіндей. Бәлкім, кез келген күрделі деген жабдықтың өзін ұршықша үйіріп әкететіні сондықтан болар.

– Мен бар болғаны өз жұмысымды, техниканы жақсы көремін, – деп бөлісті Алмас Өмірбеков. – Және бұл жерде ең бастысы ақша емес. Әрбір агрегат, қозғалтқыш, компьютер – тірі ағза сияқты. Маған ақаудың себебін анықтап білу қызықты және оны түзету, машинаны емдеп жазу өте маңызды. Көңіл-күйім көтеріліп, қуаныш сезімі бойымды кернейді. Сондықтан мен үшін «қолымнан келмейді» деген сөз жоқ. Тек «жасау керек» деймін, болды. Бірде мынандай жағдай болған. Жол талғамайтын көлікті жөндеуге көмектестім. Неге жұмыс істемей тұрған себебін анықтай алмадым. Барлығын ақтарып, тексеріп шықтым. Түк таппадым, іс алға баспады. Үйге қайттым. Мүлдем ұйықтай алмадым. Мәселенің түйіні неде, не істеу керек деген ойлар шыр айналып шықпай қойды. Орнымнан тұрып, машинаға қайта келдім. Ақыры таптым-ау! Көлік от алып, жүріп кетті. Үйге таңға жуық қайттым, риза көңілмен бірден ұйқыға бас қойдым. Жұбайым маған «Неге соншалықты жаныңды жейсің, өзіңді неге ойламайсың?» дейді. Менің жауабым болса, әдеттегідей: «Жә, жарайды, түк етпейді». Шын мәнісінде, сен шешімін таптың, сенің қолыңнан келді деген қанағаттану сезімін сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Бұл қызметіңді одан әрі мүлтіксіз атқаруға күш-жігер беріп, шабытыңды оятады. Адамдарға көмектесесің, олардың алғысын алып, марқайып қаласың, — дейді мағұрланып.

Алмас – Жәйремнің тумасы. 6 қыз бен 5 ұлды өсіріп жеткізген көп балалы отбасының кенжесі. Ол – 1987 жылы дүниеге келсе, үлкен әпкесі – 1967 жылғы. Әкесі мен анасы кеңшарда жұмыс істеді, мал ұстады. Ал кешке әкесі жұмыстан бос кезінде гаражда машина жөндейтін. Отбасында 24 үлгідегі «Волга» көлігі болды. Кішкентай ғана ойын баласы болса да, сол жаққа магниттей тартып тұратын. Әкесіне көмектесетін. Кейіннен бәрін өзі ретке келтіретін болды. Осылайша, жасөспірім кезінен-ақ өмірі техникамен сабақтас болатынын түсінді. Және ешқашан өз таңдауына өкінген емес. Жасы үлкен әріптестері Алмастың 9 сыныпта әкесінің «Волгасына» электроника орнатқанын әлі күнге дейін естеріне алады. Бәрін өз бетінше жете түсініп, ұғынып алған. Кентте оны өздігінен үйренген алтын қолды маман, техниканың данышпаны деп атайды. Одан кент орналасқан Қаражал аймағынан ғана емес, тіпті сонау шалғайдағы Қарағанды, Жезқазғаннан да адамдар көмек сұрап жатады. Ешкімнен көмегін аяған емес. Жәйрем кен байыту комбинатында 2010 жылдан бері жұмыс істейді.

– Алмас – бірегей маман. Мұндай өз ісінің шеберлерін Қазақстанды шыр айналып шықсаң да таппассың деуге болады, – деп санайды «Жәйрем КБК» АҚ тұрақты даму жөніндегі атқарушы директоры Айдос Серіков. – Техникаға сапалы қызмет көрсетеді. Жұмысқа жанын салып, жүрегімен беріліп жасайтын жан. Фабрикаға, карьерге жіберсе де, қай жерде болмасын автотехниканы қалпына келтірмей тыным таппайды. Өз ісіне ғашық альтруист. Комбинатта ғана сұранысқа ие емес, өзінің демалысында мердігер кәсіпорындарымызға да барып көмектеседі. Caterpillar, Komatsu, Hitachi сияқты тұрып қалған көліктерді жөндеп, жан бітіреді. Біраз уақыт бұрын салынып жатқан байыту фабрикасында болған өрттен кейін көптеген жабдықтарды қайта қалпына келтірді. Ол кезде қондырғыларды орнатып жатқан болатын, және көпшілігі құрастырылып та қойылған еді. Жабдықтармен қоштасуға тура келеді деп ойлаған едік. Санкция кезінде, жаңа агрегаттарға тапсырыс беру қиындаған уақытта, маман ретінде баға жетпес көмек көрсетті.

Соңғы жағдай таяу арада болды. Осыдан кейін басшылықтың ұжыммен тоқсандық кездесуінде Алмастың еңбегі ерекше аталып өтті. «Казцинк» бірнеше жыл бұрын Жәйремге аса қажетті вакуумды машина – канализациялық шаю қондырғысын сатып алған болатын. Оның компьютері күйіп кетіп, істен шығып қалды. Машина екі жыл қаңтарылып тұрды – санкцияға байланысты электрониканы сатып алу мүмкін болмады. Міне енді Алмас осы машинаны өз қолымен жөндеп іске қосты және жұмысына ақы да сұрамады. Осыған дейін көптеген мамандар жөндеуге тырысқанымен, қолдарынан келмеген еді. Қазір Алмастың арқасында кентте кәріз жұмыстары бойынша сұрақтар туындамайтын болды. Бұрын проблема шаш етектен еді. Ол өте жауапты, білікті маман. Бастады ма, істі аяғына дейін жеткізіп істейді. Сондай-ақ, салауатты өмір салтын ұстанады, абыройлы, қадірлі отағасы және қамқор әке. Мұндай адамдармен мақтануға болады, — дейді Айдос Серіков. Айдос Ахметжанұлының айтуынша, комбинатта Алмас өз ортасына сыйлы. Мұның дәлелі – көптеген грамоталар мен алғыс хаттар. 2012 жылы Жәйрем КБК басшылығы атынан оған грамота мен бағалы сыйлық – теледидар табысталды. Енді ол Өмірбековтардың үйіндегі құнды заттардың бірі ретінде төрден орын алған. Алмастың қызметтік тізімінде III дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені де бар.

Отбасының кенжесі ретінде, қазақтың дәстүрімен бүгінде қара шаңырақтың иесі болып отыр. Анасы 2009 жылы өмірден озды, әкесі бірге тұрады. Ағалары мен әпкелері балалық шақтары өткен ыстық ұяларына жиі жиналып тұрады. Дастарқан басында шүйіркелесіп, өткен-кеткенді еске алып, арқа-жарқа боп бір жасап қалады. Алмастың өзі де көп балалы, айрандай ұйыған тату отбасының отағасы. Жұбайы Арайлым екеуі үш қыз бен бір ұл тәрбиелеп отыр.

Алмас Өмірбеков өмірде ең бастысы – бұл береке-бірлік пен махаббат орнаған тату-тәтті отбасы, жақындарыңның қолдауы және балаларыңның салиқалы ұрпақтардың қатарынан болуы деп санайды. Және де – сүйікті жұмысың.

– Мен үшін туыс-туғандарымның бейбіт күнде бақуатты өмір сүргені, дендерінің сау болғаны өте маңызды. Балалар өздері қалаған істерімен айналысып, қабілет-қарымдарын дамытса деймін. Біздің компаниямыз қазір Жәйремде барлық жағдайды жасап қойды. Ұжымым өте жақсы, басшыларым да тамаша, –– Заманауи техникамен байланысты қызықты жұмыс. Тұрақты, жақсы жалақы. Бақытты болу үшін бұдан басқа не керек? Сонымен бірге елге пайдалы болу, адамдарға көмектесу. Ең маңыздысы да осы, — деп өз ойымен бөлісті Алмас.

Алена ЕРМОЛАЕВА.