Үлкенге — құрмет, кішіге — ізет танытып, жетімі мен жесірін жылатпаған халқымыздың кең пейілдігін жас ұрпаққа үлгі етіп, жылы сөзге зәру қарияларға қуаныш сыйлау мақсатында Алғыс айту күні қарсаңында №30 орта мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Жанар Жиенбаева «Жан жылуы» акциясы шеңберінде жоғары сынып оқушыларынан құралған еріктілер тобын бастап, Жәйрем кентіндегі жалғызбасты қариялардың амандығын сұрай барды.
Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының желілік кестесіне сәйкес ұйымдастырылған қайырымдылық акциясы шеңберінде қолдауды сезінген қарттардың ризашылығын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Жылулыққа шөліркеп, қамқорлықтан тарылған үлкендер есігін қаға келген жастарға ризашылықтарын білдірді. Өмір жолынан сыр шертіп, өнегесімен бөлісті.
Аймақтық кәсіподақтың қайырымдылық акциясына қатысуға ниет танытқан ұл-қыздар шын мұқтаждың алғысын алғаннан артық разылық жоғын ұғынды.
Төраға Марат Қоңырбаев жетекшілік ететін жарты ғасырлық тарихы бар Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы және оның филиалдары сүрінгенге сүйеу, құлағанға демеу болуды дәстүрге айналдырғалы қашан?! Біреу мұны асыптасығандыққа балар… Дегенмен, білім қызметкерлерінің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған кәсіподақ белсенділері мұқтажға қарайласып, қайырымдылық жасауды ардың ісі санайды.
Өз тілшімізден.