Қойнауы тұнған қазына

Жәйрем – Қаражал қаласының солтүстік-батысында 65 шақырым жерде орналасқан кент. Ол 1964 жылдан барланып, 1976 жылдан өнім бере бастаған Жәйрем барит-полиметалл және темір-марганец кен орындар тобының игерілуіне байланысты пайда болған. 1972 жылы Қиыр Батыс кенішінде кен бетін ашу басталады. Содан Жәйремнің іргетасы қаланып, Қазақстан картасында тағы бір кент көрініс берді.

1960 жылы Шығыс Жәйремдегі пайдалы қазба байлықтардың құрамын зерттеген геологтар қорғасын, мырыш, бариттің, күмістің, кадмийдің компоненттері бар екені анықтап, 1961 жылы «Үшқатын-І» кен орны игерілді.

Жәйрем жерінің флорасы мен фаунасын, табиғаты мен қазба байлығын терең зерттеген геолог Сұлтан Күзембаев ХХ ғасырдың орта тұсында Жомарт, Жәйрем, Үшқатын, Қамыс Мола, Бестөбе, Қужал жерлеріне барлау жүргізіп, бұрғылау мостыларын құрды. 1960-1961 жылдары Батыс, Шығыс Жәйрем кенін зерттеген геологтар қорғасын, мырыш, барит, күміс, темір, марганец, кадмий компоненттері бар «Үшқатын» кен көздерін ашты.

1971 жылы қазан айының ортасында Жәйрем кеніші геологтар поселкесінің іргесіне алғашқы қазықтар қағыла бастады. Бұл болашақ елді мекеннің алғашқы көшелері болатын.

1972 жылы Бабкиннің басшылығымен құрылысшылар поселкесінің негізі қаланды. Осы жылы «Дальне-Западный» ашық кенішінде алғашқы темір-марганец кені көтерілді. 1972 жылы Қиыр Батыс кенішінде кен бетін ашу басталып, Жәйрем кентінің іргетасы қаланды.

Тарихқа көз жіберсек, «Жәйрем» атауы да қызық жағдайда пайда болған. Бұл жөнінде қарт зейнеткер Әбілда Ысқақов өзінің естелігінде былай деген: «Қатарласым Дәулет екеуміз киік аулауға шығып едік, қасымызға мосыағаш, тақтайлары бар 4 адам келді. Жердің жағдайын тексеріп жүрген топографтар екен. Біздің атып алған олжамызға таңырқап, «бұл киік емес қой» деді. Біз «бұл аң – қарақұйрық, ал орысшасын білмейміз» дедік. Олар «бұл джейран деп аталады» деді.

Содан кейін топографтар бізден: «Сендер тұрған жер қалай аталады?» деп сұрады. Біз «киік жатқан алақандай жерге кім ат қоюшы еді. Бұл жердің аты жоқ» деп едік, «онда осы жерге қазақша ат қойыңдар, картаға жазамыз» деп айтып еді, Дәулет «онда мына жануардың құрметіне «Жәйрем» дейік» деді. Сөйтіп, кейін осы атау халық арасында кеңінен таралды.

Жәйрем бүкілодақтық комсомол құрылысы болды. Оның кен байлығын игеруге Совет Одағының түкпір-түкпірінен келген молдаван, қырғыз, орыс, украин, армян ұлт өкілдері осы жерде бас қосты.

«Жер асты – көгілдір тау, құлама жар, жер үсті – көк тіреген мұнарлар. Көлбеп жатқан көк тасқа сына қағар, кеншілер – кереметтей ғұламалар» деп ақын жырлағандай, Жәйремнің қойнауын зерттеп, ұрпаққа қазынасын мұра етіп қалдырған, кенттің өсіп-өркендеуі жолында аянбай қызмет еткен алғашқы зерттеушілер, алғашқы кен орнын ашушылар – ардақты азаматтар. Нақтылай түссек, Е.Меерсон, А.Строителева, Л.Ф. Думблер, А.Рожнов, И.Бабанин, В.Шебрик, Е.Бузумаков, В.Середа, А.Шинтуринов, С.Асатов, К.Мусин, Т.Каймирасова, М.Биғалиев, Д.Төребаев, Ә.Бапов, Ж.Ақеділов, Т.Ақшабаев, В.Фурсов, В.Шевчук сынды көптеген жақсы-жайсаңдардың еселі еңбектері – ел есінде. Олардың ұрпақтары кен байыту комбинатында әлі де аянбай қызмет етуде.

Комбинаттың өсуі мен жетістігі, ең алдымен, басшының алдына қойған мақсаттарына тікелей байланысты. Әр уақытта комбинат директоры қызметін Иван Бабанин (1971-1974 жж.), Садық Асатов (1975-1988 жж.), Нұрша Кәкенов (1989-1992 жж.), Рақымбек Күзембаев (1992-2004 жж.), Марат Дәрібеков (2004-2005жж.), Береке Мұхаметқалиев (2005 ж.) абыройлы атқарды.

1975 жылы Жәйрем полиметалл орнының негізгі кен қоры СССР Мемлекеттік Комитетінің қарауына тапсырылған. Экспедицияның қол жеткізген табыстары Отан алдында ескеріліп, жоғары техникалық-экономикалық көрсеткішке жеткені үшін КПСС Орталық Комитетінің, СССР Министрлер Советінің, ВЦСПС-тің, ВЛКСМ Орталық Комитетінің ауыспалы Қызыл Туын екі дүркін жеңіп алды. 1976 жылы Қазақстанда сирек кездесетін барит полиметалл рудасы алына бастады. 1996 жылдың 14 қарашасында ҚР Президенті Жарлығымен Жәйрем-Атасу арнаулы экономикалық аймағы құрылып, 1997 жылы Жәйрем кен байыту комбинатының қайыра түлеу кезеңі басталды.

2004 жылы Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасары Ислам Тоғайбаев пен «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ басшысы Рақымбек Күзембаев кент тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық ахуалын жақсарту жөніндегі бірлескен бағдарламаға қол қойды.

1965 жылы ең алғашқы геология барлау экспедициясы ашылған кезде Қаражал қалалық мәдениет бөліміне қарайтын №4 кітапхана филиалы ашылды. Алғашқы геологиялық барлау экспедициясының кітапханашысы Қаппарова, Аманбала Түсеева болған.

1974-1992 жылдар аралығында оқырман санының өсуіне байланысты Жәйрем кентінде Жезқазған қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарайтын 5 кітапхана болды. Онда кітапхана қызметкерлері Ж.Жандыбаева, З.Мужипова, Т.Переверзева, А.Барихова, Г.Түсеева, Г.Мұқашева, С.Степова, Қ.Асанова жұртшылыққа сапалы қызмет көрсетті.

Ескі Жәйрем кентіндегі №11 орта мектептің іргетасы қаланып, Қарағанды облыстық білім департаментінің бұйрығымен 8 жылдық мектеп ретінде ашылды. Мектептің тұңғыш директоры болып Карл Жансағымов тағайындалып, алғашқы 1967-1968 оқу жылында 97 оқушыға 10 мұғалім сабақ берді. Осы орайда, саналы ғұмырларын балалардың білімі мен тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаздар Қ.Оразбеков, Г.Эртыс, М.Серікбаева, К.Құдайбергенова, Г.Жаналинова, Қ.Еспаева, Г.Бақтыбаева, М.Жамбекованың есімдерін ерекше атап өткен жөн.

1972 жылы алғашқы медпункт ашылып, оны Ж.Шекимов басқарса, 1973 жылы құрылған Жәйрем емханасының алғашқы бас дәрігері болып терапевт Сапар Мақажанов тағайындалды. Жергілікті тұрғындар денсаулығын сақтау ісімен осы саланың тәжірибелі мамандары А. Шекимов, терапевт С.Дәуренбеков, гинеколог Е.Шералиев, дерматолог С.Хасенов, Н. және Е.Зинковскийлер, М.Жұмақожаев, Э.Эрих, З.Рысмағамбетова, Т.Маклюкова, хируг С.Баеділов, Г.Закирова, тағы басқалары айналысты. Елге сыйлы, өз ортасында құрметті, талай жанның өмірін ажалдан арашалап қалған ақ халатты абзал жандар кент тарихынан орын алды

1984 жылғы 30 желтоқсанда мәдени-сауық орталығы пайдалануға беріліп, алғашқы директоры Феликса Дмитренко болды. Кент мәдениетінің дамуына Б.Аманжолова, М.Байдәулетов, Т.Илипова сынды тұлғалар өз үлестерін қосты.

1996 жылы 14 қарашада Мемлекет басшысының Жарлығымен Жәйрем-Атасу арнаулы экономикалық аймағы құрылып, М.Көпеев төрағасы болып тағайындалды. Қазыналы өлкенің қанат жайып, ілгері басуына үлес қосқан зиялы азаматтар қатарында Б.Илипов, С.Романенко, А.Тоқымбаев, Ш.Кәріпжанова, Б.Махмутов, Ж.Сәденов, А.Бегленов, М.Жамбекова және А.Наукеновтің есімдерін атап өткен жөн. Олар – кенттің экономикалық, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға, инфрақұрылымдардың жандануына бар білімі мен күш-қуатын салып, адал қызмет атқарған тұлғалар.

Жұмыс пен өнерді ұштастырған шығармашыл жастардың басын біріктірген ең алғашқы «Балауса» ансамблі, Халықаралық «Азия дауысы» байқауының жеңімпазы «Роксанаки» ансамблі Жәйремнің атын бүкіл елге паш етті.

2017 жылы кенттегі мәдениет ошағына күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп, іші-сырты әрленіп, жиһаздары мен музыкалық аспаптары жаңартылды. Кент көлемінде жыл сайын ән-би байқаулары, қолөнер, сурет көрмелері, алуан түрлі фестивальдер, «Сарыарқа сазы», «I’M A SINGER ZHAYREM», «Айналайын», «Күз ханшайымы мен ханзадасы», «Биле, биле!» байқаулары өткізіліп тұрады. 2019 жылы тұңғыш рет Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына орай, дәстүрлі әншілер мен термеші-жыршылар сайысы ұйымдастырылды.

2005 жылы Жәйрем кен байыту комбинатының директоры, марқұм Марат Дәрібековтың бастамасымен заманауи үлгідегі спорт кешені салынып, қолданысқа берілді. Онда қазақ күресі, дзюдо, бокс біріншіліктері және кент мекемелері арасында Спартакиада өткізіліп тұрады.

Кентте Отанға берген сертін адал орындаған Ұлы Отан соғысына қатысушы майдангерлер мен тыл ардагерлерінің құрметіне «Мәңгілік алау» стелласы, Ауған соғысы жауынгерлеріне арналған ескерткіш орнатылды.

«Қаражал қаласының Құрметті азаматы» атағына ие болған жәйремдіктер қатарында К.Мусин, Р.Күзембаев, В.Белявский, Д.Мұстафаев, С.Белов, С.Дәуренбеков, Т.Ақшабаев, С.Мақажанов, В.Бессонов, К.Жансағымов, Н.Норманский, С. Сырттанбеков, С.Баеділов, М.Мұхаметбаев, В.Шевчук, Б.Айкыш, М.Шамбұлов, Е.Верещук, Н.Норманская және Т.Амельянович бар.

2019 жылы 25 сәуірде Қарағанды облысы әкімдігі мен «Казцинк» ЖШС арасындағы Меморандум аясында Жәйрем кентінде ұлттық нақышен әсемделген мешіт ашылды. Имандылық ордасы – екіқабатты, намаз оқу залы, имамдар бөлмесі, асханасы бар. Мешіт жас буынды ізгілікке баулып, олардың жат қылықтардан аулақ болуына ықпал етуде.

Ата-бабалар жолын жалғастырып, туған жердің атын бүкіл республикаға паш еткен жерлестеріміздің есімдерін ерекше мақтанышпен айтамыз. Мәселен, мектеп ұстазы Айтуған Охан республикалық «Жігіт сұлтаны» сайысында ел мерейін өсіріп, жүлделі I орынды иеленсе, қазақ қызына тән барлық асыл қасиет бойына ана сүтімен дарыған Кәмшат Қоскелова «Қазақ аруы-2015» байқауының жеңiмпазы атанды.

2019 жылы қыркүйек айында халықпен тікелей жұмыс істеп, құжаттарды дер кезінде дайын етіп, сапалы қызмет көрсететін Халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚКО) ашылды. Ал, 2021 жылы ұлттың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың бюсті бой көтерді.

2021 жылы 20 қазанда жаңа өндіріс нысаны – Полиметалл кенбайыту фабрикасы іске қосылды.

Қазіргі уақытта кенттегі ең ірі кәсіпорын – «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ. Халыққа «Бизнес орталығы», мешіт, «Жәйрем-Болашақ» мекемесі, 8 бюджеттік мекеме, оның ішінде: сот және полиция құрылымдары, 1 көпсалалы аурухана, 3 жалпы білім беретін орта мектеп (2-і – аралас, 1-і – қазақ мектебі) қызмет көрсетуде.

Жәйрем құрылған жылдары кентте 5 балабақша болған еді, қазір «Балдырған» бөбекжайы ғана қалды. Бұлардан бөлек, мәдени-сауық орталығы, кітапхана, спорт кешені, «Форте банк» және тағы басқа да әлеуметтік маңызы бар нысандар мен жекеменшік кәсіпорындар бар. «Жастар саябағы», балалардың демалыс-ойын орындары елі игілігіне жарап тұр. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында спорт алаңдары жасақталған.

Кенттің 50 жылдық тарихы, оның өркендеуіне үлес қосқан аға буынның өнегелі өмірі мен даңқты дәстүрлері – ұрпаққа үлгі.

Кеншілер мекені – әр ұлт өкілдері қоныс тепкен Жәйрем кенті жарқын болашаққа бағыт алып, өсіпөркендеу үстінде.

***

Материалдар мерзімдік басылымдар мен М.Жандәулетов пен К.Сатжановтың «Тағдырлар тоғысқан – Жәйрем», А.Рыбаков пен В.Нудьганың «Жайрем», Б.Әшімұлының «Жәйрем», С.Асатовтың «Құштарлық» еңбектерінен алынды.

Алма ӘБДІРАЗАҚОВА,

Жәйрем кентіндегі №12 кітапхана филиалының кітапханашысы