Облыста – жаңа әкім

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы қызметінен босатылды. Аптаның басында аймағымызға келген Премьер-Министр Олжас Бектенов Президент тапсырмасы бойынша Ұлытау облысының активіне жаңа әкімді таныстырды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Премьер-Министр Олжас Бектенов пен Президент Әкімшілігінің Басшысы Айбек Дәдебай Ұлытау облысы мәслихатының сессиясына қатысып, облыс әкімі лауазымына Дастан Рыспеков пен Ұлантай Үсеновтің кандидатураларын депутаттардың қарауына ұсынды.
Ашық дауыс беру нәтижелеріне сәйкес 64 депутаттың 49-ы Дастан Рыспековтың кандидатурасын қолдады, 15 депутат өз дауыстарын Ұлантай Үсеновке берді.
Дауыс беру қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Дастан Адайұлы Рыспековты Ұлытау облысының әкімі лауазымына тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды.
Бұдан соң Премьер-Министр облыс активімен кездесіп, өңірдің жаңа әкімін таныстырды. Үкімет басшысы өз кезегінде Берік Әбдіғалиұлына өңірдің дамуына қосқан үлесі үшін алғыс айтты. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Ұлытау облысы басшылығының алдында экономиканы әртараптандыру, жаңа өндіріс орындарын ашу, инвестициялық ахуалды жақсарту, инфрақұрылымды жаңғырту, сондай-ақ, экология мәселелерін шешу, көлік және туристік әлеуетті барынша дамыту бойынша маңызды міндеттер қойғанын атап өтті.

Досан ДУЛЫҒАЛЫ.