Облыста мұнай базасы салынады

Жезқазғандағы Оңтүстік өнеркәсіп аймағында жаңа мұнай базасының құрылысы басталады. Инвестициялық жобаны жалпы сомасы 4,5 миллиард теңгеге «PetroRetail PFS» ЖШС жүзеге асырмақ. Мақсат — өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Алмаз Ыдырысов жобаның іске асырылу жолымен танысты. Мәлім болғандай, жаңа мұнай базасы жазғы және қысқы дизель отынын, сондай-ақ, АИ-92 және АИ-95 маркалы бензинді қабылдау, сақтау және босату бойынша бірқатар нысанды қамтиды.
Мамандардың айтуынша жобаның жалпы ауданы 7 гектарды құрайды. Оның шамамен 5 гектарына құрылыс жүргізіледі. Сондай-ақ, сақтау көлемі 5 мың текше метр болатын жанармай сақтайтын резервуарлық парк қарастырылған және оны болашақта қажеттілігіне қарай 10 мың текше метрге дейін үлкейтуге аумақ жеткілікті.
Сонымен қатар, аталған орында 5 вагон-цистернаға құйылатын темір жол эстакадасы, сорғы станциясы және автоцистерналарға құю станциясы, трансформаторлық қосалқы станция және дизельдік электр станциясы, әкімшілік корпус, теміржол және басқа да объектілер орналастырылатын болады.
Жобамен танысқаннан кейін тараптар ескерткіш капсула салу рәсімін өткізді. Айта кетейік, мұнай базасының құрылысы биыл шілде айында басталады. Жобаның аяқталу мерзімі – 2025 жылғы тамыз.