Облыс орталығынан ұшатын рейстер саны артады

Ұлытау облысының әуе қатынасы жаңа серпін алуда. Өңір басшысы Дастан Рыспеков жуырда Qazaq air (Vietjet Qazaqstan) әуе компаниясы басқарма төрағасының міндетін атқарушы Әділбек Өмірәлиевпен кездесті.

Кездесу барысында тараптар Ұлытау өңіріндегі әуе қатынасын кеңейту, күзгі-қысқы маусымға дайындық және маршруттардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету жайын егжей-тегжейлі талқылады.

Өңір тұрғындарының ұшақпен қатынауға деген сұранысы жылдан жылға артып келе жатқанын назарға алған әуе тасымалдаушы компания қазіргі бағыттар бойынша рейс жиілігін көбейтіп, жаңа бағыттар ашуға ниетті екенін жеткізді. Бұл – өңір халқы үшін жақсы жаңалық.

Орайы келгенде айта кетейік, қазіргі таңда Qazaq air әуе компаниясы Жезқазған қаласынан үш негізгі бағытта тұрақты рейстер орындайды. Атап айтқанда:

  • Астана–Жезқазған бағыты бойынша – аптасына 5 рет;

  • Шымкент–Жезқазған бағыты бойынша – аптасына 5 рет;

  • Қарағанды–Жезқазған бағыты бойынша – аптасына 3 рет.

Жезқазған әуежайындағы ұшу-қону жолағына жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін, Жезқазған–Астана бағыты бойынша рейс жиілігі аптасына 7 ретке дейін арттырылады деп күтілуде. Бұл жолаушылар үшін аса ыңғайлы болмақ.

Кездесу барысында 2026 жылға арналған маршруттық желіні жоспарлау мәселесі де көтерілді. Бұл ретте коммерциялық өзекті бағыттардан бөлек, көлік қатынасының қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік субсидиямен жүзеге асырылатын әлеуметтік маңызы бар бағыттарды енгізу мәселесі қаралуда.

Мұндай қадам шалғай аймақтардағы тұрғындардың ірі қалалармен тұрақты байланысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ұлытау өңірі еліміздің географиялық орталығына жақын орналасқанымен, көлік қатынасы жағынан әлі де бірқатар қиындықтарды бастан өткеріп келеді. Сондықтан, әуе қатынасының дамуы – тек өңір тұрғындары үшін ғана емес, туризм мен экономиканың басқа салалары үшін де тиімді қадам болмақ.

Ұлытау – ежелгі тарих пен мәдениеттің алтын діңгегі. Ел астанасынан бастау алып, киелі Ұлытау жеріне тікелей жетуге мүмкіндік беретін тұрақты рейстердің көбеюі – туристік ағынды ұлғайтып, өңірдің инвестициялық тартымдылығын да арттырады.

Облыс әкімдігі мен Qazaq air арасындағы серіктестік алдағы уақытта да жемісті жалғасып, Ұлытау жұртшылығына тиімді әрі сапалы әуе қызметін ұсынуға бағытталмақ.