V Дүниежүзілік көшпенділер ойынында облысымыздың намысын қорғаған спортшылар Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлының қабылдауында болды. Өңір басшысы «Ұлы дала дүбірінен» оралған азаматтарға алғыс білдіріп, ынталандыру қаражаты сертификатын табыс етті.
Атап айтар болсақ, додада ашыртмалы аба гюрешинен күміс жүлдеге ие болған Айдос Ғалымов Ұлытау облысының құрмет грамотасымен марапатталып, 700 мың теңгелік ақшалай сертификатқа, ал мас-рестлингтен қола жүлдегері Асылмұрат Бірімжан, 500 мың теңгелік ақшалай сертификатқа ие болды.
Бұл тұрғыда бапкерлер де марапатсыз қалмады. Ұлытау облысының құрмет грамотасымен Айдос Ғалымовтың жеке бапкері Асыл Барменов марапатталып, 350 мың теңгелік ақшалай сертификатқа ие болды. Өңір басшысы Асылмұрат Бірімжанның жеке бапкері Асқар Әбдіхамитқа да құрмет грамотасын табыс етіп, 250 мың теңгелік ақшалай сертификатпен ынталандырды.
Айта кетейік, 8-13 қыркүйек аралығында өткен көшпенділер ойындарына Ұлытау облысынан спортшылар, бапкерлер, керуен мүшелері, өнерпаздар, қолөнершілер, гид мамандары, ұйымдастыру алқасының мүшелері, жалпы саны 150-ге жуық азамат тікелей қатысты.
Көшпенділер ойындарында басты қасиетті нышан және негізгі элемент Су болды. Ойындар қарсаңында Қазақстанның барлық өңірінің қасиетті бұлақтарынан ашылу рәсіміне апарылатын Су алынды. «Бірлік керуені» жобасы аясында құрамында «Батыр қыз» және 10 елшіден құралған облысымыздың өкілдері Ұлытаудағы Тасбұлақтан су алып, оны этноауылдың ашылу салтанатында «Тайқазанға» құю рәсіміне қатысып, өздеріне жүктелген жауапты істі абыроймен атқарып келді.
Сондай-ақ, іс-шара аясында Астанада «Көшпенділер әлемі» этноауылы бой көтеріп, Ұлытау облысы 3 киіз үйін тікті. Онда әрбір келуші қонақтарға қазақ халқының салт-дәстүрлері қойылым ретінде ұсынылып, туристерге облысымыздың тарихи-мәдени орындары таныстырылды. Одан бөлек, біздің киіз үйлердің қонақтарына арнап 80-ге жуық көне жәдігер экспонат қойылды.