Облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы «Сәт Тазалық» ЖШС құрылтайшысы Валерий Сибагатулинді қабылдап, Жезқазған, Сәтбаев қалаларындағы қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметінің сапасы бойынша тапсырмалар берді.
Аймақ басшысы коммуналдық қызмет көрсетуші кәсіпорын құрылтайшысына аймақ тұрғындары тарапынан «Сәт Тазалық» ЖШС-ның қызметіне сын көп екенін айтып, компания жұмысын ұйымдастырудағы кемшіліктерге назар аудартты. Атап айтқанда, қызмет көрсетуші компанияның техникалық базасы, қатты тұрмыстық қалдықтарды жинаудағы кемшіліктерді жеткізді.
Компания құрылтайшысы қоқыс алаңдарына жаңа үлгідегі «Ecobin» контейнерлерін орнату жұмыстары туралы ақпарат берді.
Жезқазған қаласының облыс орталығына айналуына байланысты алдағы уақытта тазалық мәселесіне ерекше талап қойылатынын ескерткен өңір басшысы В. Сибагатулинге көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту жөніндегі жоспарды ұсынуды тапсырды.