Оқу жылына дайындық мәселелері талқыланды

Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспековтің төрағалығымен кезекті аппараттық жиын өтті. Күн тәртібінде жаңа оқу жылына дайындық және бюджеттің кіріс бөлігінің 7 айдағы орындалуы мен жыл соңына дейінгі міндеттер қаралды.

Дастан Рыспеков облыстағы балабақшаларға орын тапшылығы проблемасын шешу үшін жеке балабақшалар салу жолдарын қарастыру қажеттігін айтты. Бұл бағытта инвесторлар тарту бойынша ұсыныс әзірлемеген білім басқармасының жұмысын сынға алып, бір ай ішінде арнайы Жол картасын дайындауды тапсырды.

Кеңесте білім сапасы мен педагог кадрлар мәселесі де назарға алынды. Әкім «Дипломмен ауылға» бағдарламасын түсіндіру жұмыстарын күшейту, бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізу және мұғалімдердің тұрмыс жағдайын жақсарту бойынша нақты шаралар қабылдауды жүктеді.

Сондай-ақ, жиында жергілікті бюджет кірістерін арттыру, жол картасындағы кемшіліктерді жою және салық базасын кеңейту арқылы қосымша резервтерді пайдалану міндеттері қойылды.

Досан ДУЛЫҒАЛЫ.