Ұстаз – шәкірт алдында қашанда сыйлы адам. Ұстаз жайлы айтылар сыр да, жыр да көп. Ұстаз сенімін ақтау — адамгершіліктің белгісі. Мұғалімнің жүрегі соғып тұруы үшін жауаптылық, қажырлылық, білімділік, жүректілік, сүйіспеншілік, сабырлылық керек екен. Оқушылардың алдында 45 минут сөз сөйлеп, оқулықтағы тапсырманы орындата салу кез келген адамның қолынан келеді деп ойлаймын. Алайда, өскелең ұрпақты тәрбиелеу, шын мәнінде үлкен жауапкершілікті мойныңа артып, оларды білімді етіп шығару, сондай-ақ, бар мейіріміңді төгіп, әр оқушының жүрегіне жол табу екінің бірінің қолынан келмейтіні анық.
Қазіргі қоғамда білім беру жүйесі үлкен өзгерістер мен жаңартуларды бастан кешіруде. Оқу орнында негізгі жұмысты жүргізетін тұлға – ол, әрине, сөзсіз ұстаздар. Ал ұстаздардың жұмысын тиімді, әрі жемісті ете алатын жалғыз адам ол — басшысы, яғни, мектеп директорының рөлі өте маңызды. Әсіресе, ұстаздарды басқарып отырған мейірімді, алайда, мысы басым мықты директордың орны бөлек. Ол тек мектептің басқарушысы емес, сондай-ақ, өз ұжымының рухани жетекшісі, қолдаушысы әрі тәрбиешісі болуы қажет. Дәл осындай бойындағы қасиеті бар басшылардың бірі де бірегейі Жұмакүл Жандәулетқызы Ахметова екенін қазыналы қаламыздың бұқарасы мойындайтыны жасырын емес. Неге десеңіз Жұмакүл Жандәулетқызы ұстаздар мен білім алушылардың жағдайынан бөлек, халықтың да мұң-мұқтажын тыңдап, билік өкілдеріне жеткізіп отырады, яғни, Қаражал қалалық мәслихатының депутаты лауазымын да үлкен жауапкершілікпен атқарып жүргені баршаға мәлім. Осы орайда екі бағыттағы көшбасшы, яғни, мектеп директоры және депутаттың қызметі мен жауапкершілігін қатар алып жүрген Жұмакүл Жандәулетқызымен сұхбаттасудың сәті түсті.
Жалпы Жұмакүл Ахметова 1968 жылы 2 ақпанда Қаражал қаласында дүниеге келген. 1985 жылы № 1 ЖББМ 10 жылдығын тәмамдаған соң, Жезқазған педагогикалық институтына түсіп, математика пәнінің мұғалімі мамандығын алып шықты. Кейін туған өлкеге оралып, еңбек жолын № 5 ЖББМ математика пәнінен сабақ береді. Дәл сол мектепте 25 жыл бойы ұстаздық еткен Жұмакүл Жандәулетқызы 2016 жылы № 1 ЖББМ директоры болып қызмет атқаруға келген. Содан бері осы қара шаңыраққа бас-көз болып, басқарып отырған жайы бар. Мектептің дамуы мен жетістіктері тек мұғалімдер мен оқушылардың күш-жігеріне ғана емес, сонымен қатар, оны басқаратын директордың басшылығына да байланысты. Мектеп директоры – оқу орнындағы барлық өзгерістердің қозғаушы күші, оның даму жолындағы басты тұлғасы десек, артық айтқандық емес. Жұмакүл мұғалім бірнеше жыл бойы мектептің өркендеуіне ықпал етіп келе жатқан тұлғалардың бірі, сондай-ақ, білім беру жүйесіндегі маңызды жаңартулар мен ілгерілеулердің себепкері. Яғни, мектеп жыл санап, жаңарып танымастай өзгеруде. Оны қаламыздың кез келген тұрғыны да растай алады. Айта кетсек, мектептің ішкі және сыртқы жұмысына ғана емес, жалпы білім беру жүйесіне де өзгерістер енгізіліп жатыр. Яғни, білім беру сапасын арттыруға, оқушылардың жан-жақты дамуына жағдай жасауға, мектептің материалдық-техникалық базасын жақсартуға қаламыздың білім бөлімінің басшылығы мен мектеп директоры күш салуда. Келер шақта да бұл қара шаңырақтың болашағы жақсара түсетіні ақиқат. Өйткені, бұл мектеп ауыл мектептерінің әлеуетін арттыру жөніндегі жобаға енді. Яғни, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың мәлімдеуінше, жоба аясында тірек мектептерінің материалдық-техникалық базасы толығымен жаңартылып, шағын жинақты мектептер пәндік және цифрлық кабинеттермен жабдықталады. Мектептер жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз етіледі. Қазіргі уақытта № 1 ЖББМ 250 млн қаражатқа толығымен жабдықталып, білім алушыларға барша жағдай жасалған. Айта кетсек, математика, қазақ тілі, арт-студия, телестудия, орыс тілі, биология, химия, физика, АӘД, робототехника, СТЕМ кабинеттері толығымен жабдықталды. Демек, жобаны іске асыру ауыл оқушыларына қандай да бір жерге көшпей немесе элиталық мектептерге іріктеуден өтпей-ақ, олар тұратын жерде сапалы білім алуға қол жеткізуге мүмкіндік беретінін мектеп директоры қуана жеткізді. Негізі мектеп директоры әрі депутат болып қызмет атқару – бұл аса маңызды және күрделі міндетті қабылдаған адам үшін үлкен сынақ. Мұндай қызметтің тиімді болуы үшін бірнеше аспектілерді ескеру қажет деп ойлаймын өз басым. Мектеп директорының басқарушылық тәжірибесі депутаттық қызметінде де маңызды рөл атқарады. Оқу орындарын басқару барысында әртүрлі мәселелерді шешуге, ұжыммен тиімді жұмыс істеуге, әртүрлі мүдделерді ескеруге үйренген директор, депутаттық қызметте де осы тәжірибені пайдаланады. Мұндай тұлға қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге қабілетті, әрі әрқашан халықтың талаптарын назарға алатыны сөзсіз. Осы орайда айта кеткен жөн болар, бірнеше жылдан бері «Вокзал» шағын ауданының оқушылары мектеп тапшылығынан бірнеше шақырымды артқа тастап, қала орталығына келіп білім алуда. Ол әрине, бала үшін, ата-ана үшін өте ауыр. Дәл осы мәселенің шешімін бірінші Алла, екінші Жұмакүл Жандәулетқызының ерен еңбегі мен билікке жекен жанайқайы тапты десек те болады.
Мемлекет басшысының әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Үкімет Ұлытау облысының Қаражал қаласында 80 орындық мектеп салуға Арнаулы мемлекеттік қордан 1,4 млрд теңгеден астам қаражат бөлді. Білім беру нысаны «Вокзал» шағын ауданында салынатыны жайлы сүйінші ақпарат кешелі бері қаламызға жетті. Жаңа білім ошағының құрылысы балаларды заман талабына сай оқытуға қолайлы жағдай жасап, білім алуға қол жеткізуін арттыруға мүмкіндік береді.
«Ел есіңде бір жыл қалғың келсе – ас бер, он жыл қалғың келсе – ағаш отырғыз, ал, мәңгі қалғың келсе – бала тәрбиеле» дейді дана халқымыз. Ал, менің жоғарыдағы кейіпкерім бала тәрбиелеп қана қоймай, тұтас бір халықтың сенімін арқалаған халық пен билік арасындағы алтын көпір десек, артық болмас. Нәзікжанды әйел заты болса да, бірнеше жауапкершілікті қатар алып жүрген Жұмакүл Жандәулетқызының бір ренжіп немесе шаршап жүргенін көрген емеспіз. Үнемі ұстаздарға арқау болып, өз ұжымымен бірлікте жұмыс істеуге баса мән береді. Ұстаздар мен оқушылар арасындағы қарым-қатынас, бір-бірін құрметтеу және түсіністікке үлкен жауапкершілікпен қарайды. Жалпы бүгінгі күні Жұмакүл мұғаліммен сұхбаттаса отырып, мектеп директоры әрі депутат болып қызмет ететін тұлға – қоғамға үлкен қызмет көрсететін, өз жұмысында жоғары деңгейдегі жауапкершілікті талап ететін адам екеніне көзім анық жетті. Бұл сөзіме қарап, сөзбен ғана іс қайырады деген ұғымнан аулақ болыңыздар, ол кісіні жақсы танитын адам болса, ісімен дәлелдеген басшылардың бірі деп шегелеп айтатыны айдан анық. Мұндай қызметтің қиындығы мен күрделілігіне қарамастан, ол қоғам үшін маңызды жұмыстарды атқаруда. Дәл осындай жандар тек кәсіби маман ғана емес, өз халқының шынайы қызметшісі, рухани және әлеуметтік көшбасшысы екені айғақ.
Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ