Қай дәуірде болмасын, ел игілігі үшін маңдай терін төгіп, адал еңбегімен жұрттың алғысына бөленген жандардың орны қашанда ерекше. Сондай еңбекқор да абыройлы тұлғалардың бірі – Үміт Темірова, Қаражал қаласы «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» ММ Жәйрем кенті бойынша жұмыспен қамту, мүмкіндігі шектеулі және аз қамтылған азаматтар мәселелері бойынша бас маманы, саналы ғұмырын халыққа қызмет етуге арнаған ардақты азаматша.
Үміт Шұғайқызы 1964 жылы Жезқазған облысы, Қызылжар станциясында дүниеге келген. Әкесі – Шұғай Теміров (1922 ж.), Ұлы Отан соғысының ардагері. Ел үшін от кешкен ер азамат өмірінің соңына дейін ұрпағына еңбекқорлық пен адалдықтың үлгісін көрсетіп өтті. Ардагер 1995 жылдың желтоқсан айында дүниеден өтті. Анасы – Батыш Темірова (1936 ж.), тыл ардагері, тоғыз баланың анасы. Қазір қара шаңырақта ұлымен бірге тұрып, үлкен әулеттің берекесін сақтап отыр. Бүгінде ол 32 немере, 24 шөбере сүйіп, көптің батасын алып отырған асыл ана. Осындай еңбек пен ізгілікке толы отбасында өскен Үміт Шұғайқызы бала кезінен-ақ жауапкершілікті, адамгершілікті және қайырымдылықты өмірлік ұстанымына айналдырды
1981 жылы Үміт Шұғайқызы Жезқазған құрылыс техникумына түсіп, 1983 жылы оны ойдағыдай тәмамдайды. 1984 жылдың маусым айында еңбек жолын «Жәйремтяжстрой» мекемесінде жылжымалы механикалық колоннада шебер болып бастайды. Жастық жігері мен еңбекке деген адалдығы оны ұжымда сыйлы маманға айналдырды. 1987-1990 жылдар аралығында ол 1600 әскери-құрылыс отрядында нормировщик қызметін атқарды. Ал 1990 жылы ақпан айында Үміт Шұғайқызы Жәйрем кенті бойынша зейнетақы бөліміне инспектор болып қабылданып, әлеуметтік саладағы еңбек жолын бастады. 1992-1995 жылдар аралығында Жәйрем поселкелік халық депутаттары кеңесінде есепші қызметін атқарды. Ал 1995 жылдан бастап, Үміт Шұғайқызы тағдырын толығымен әлеуметтік салаға арнады. 1995 жылдан бергі ширек ғасырдан астам уақытта ол әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту саласында еңбек етіп келеді. 2009 жылдан бастап Қаражал қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі Жәйрем кенті бойынша мемлекеттік мекемесінде жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі бас маман қызметін абыроймен атқарып келеді
Халықтың мұң-мұқтажына бейжай қарамай, әр адамға жанашырлықпен қарайтын Үміт Шұғайқызына тұрғындар әрдайым үлкен сеніммен жүгінеді. Көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар — бәрі де оның көмегін, қамқорлығын сезініп келеді.
— Менің жұмысымның ең басты мақсаты – адамдарға қол ұшын беру, олардың өмірін жеңілдету, өзімді сол қызметім арқылы бақытты сезінемін, – дейді ол. Бұл сөздер – оның еңбек философиясының айқын көрінісі. Үміт Шұғайқызының адал еңбегі мен ұзақ жылғы қызметі лайықты түрде бағаланып келеді. 2002 жылы Қарағанды облысының әкімі К.Мұхаметжановтың Құрмет грамотасымен, 2012 жылы Қарағанды облысының әкімі Ә.Құсайыновтың Құрмет грамотасымен, 2018 жылы Қаражал қаласының әкімі Досаевтың Құрмет грамотасымен, 2023 жылы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі С.Жақыпованың Құрмет грамотасымен марапатталды. Бұл марапаттар — оның жылдар бойғы еңбегінің, адамға деген шынайы мейірімінің, кәсіби адалдығының жемісі.
Үміт Шұғайқызының отбасылық өмірі де өнегеге толы. Жолдасы Кабибулла Қуаншбеков — зейнеткер. Екі қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірді. Қыздары — Бибісара мен Аяжан, ұлы Әлішер — ата-анасының тәлімін бойларына сіңіріп, өз жолдарын тауып келеді. Ұлы Әлішер – офицер, қазіргі таңда Ұшарал қаласында әскери қызметте. Қызы Аяжан – медицина колледжін тәмамдап, Қарағанды қаласындағы ауруханада қызмет етеді. Ал үлкен қызы Бибісара бала күтімімен үйде отыр. Бүгінде Үміт Шұғайқызы екі немеренің сүйікті әжесі.
2025 жылдың 5 қыркүйегінде Үміт Шұғайқызы зейнеткерлікке шықты. Бірақ, ол үшін бұл – еңбектің аяқталуы емес, еңбектің жаңа белесі. 41 жылдық жалпы еңбек өтілінің 30 жылы әлеуметтік салаға арналуы – бір ғұмырдың ел игілігіне қызмет еткенін дәлелдейді.
Халық арасында сыйлы, әріптестері арасында беделді, отбасы мен ұжымының мақтанышы атанған Үміт Шұғайқызы — нағыз қоғамдық қызметтің жүрегімен істейтін тұлға.
Ел ішінде «еңбегімен елге танылған жанның жолы — ең жарық жол» деген сөз бар. Үміт Шұғайқызының өмірі мен қызметі – осы сөздің айқын айғағы.
Ол адал еңбек пен адамгершіліктің, қарапайымдылық пен жауапкершіліктің үлгісі болып қала бермек. Жүрегі жылы, сөзі сыпайы, еңбегі ерен ардақты жанға мықты денсаулық, отбасына амандық, ғұмырына ұзақтық тілейміз.
