Өнері — шабыттың қайнары

Мәдениет пен өнер – өмірдің ажырамас бөлігі, еліміздің мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басудың бір тетігі – мәдениет қызметкерлерін қолдау. Елдің рухани дамуы мен кемелденуі мәдениеттің қарқынды дамуымен ұштасып жатыр. Еліміздің атын шығаратын да – мәдениет пен өнер» деген еді.

Осы орайда, 2013 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес 21 мамыр – «Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні» деп белгіленіп, содан бері атаулы күнде мәдениет және өнер қызметкерлеріне барынша көңіл бөлініп келеді. Осы мерекеге орай, Жәйрем кенті әкімінің аппараты мемлекеттік мекемесінің, Жәйрем кенті мәдени-сауық орталығының көркемдік жетекшісі, әнші Бағлан Болатова жайында сөз қозғамақпыз.

Бағлан Берікқызы 2000 жылдың 10 ақпанында Қаражал қаласында дүниеге келген. Қаражал қаласындағы №1 мектептің табалдырығын аттап, екінші сыныпта оқып жүрген кезінде ата-анасы Жәйрем кентіне қоныс аударады. Содан бері Бағлан қызымыз Жәйрем кентінің тұрғыны.

Бағлан кенттің жай ғана тұрғыны емес. Ол – Жәйремнің өнер әлеміндегі жас жұлдызы. Ол тек ән айтпайды – ол әр туындысымен көрерменнің жүрегіне жол табады, сахнаны жандандырып, ерекше әсер сыйлайды. Оның үні – жүректің үні, ал өнері – шабыттың қайнары. Ол туған өлкеміздің мәдени өміріне белсенді араласып, түрлі концерттер мен мерекелік шараларға қатысып, кез келген мәдени іс-шараны жандандырып, гүлдендіріп жіберетін ерекше жан.

Жәйрем кентінің мәдени-сауық орталығының кез келген жұмысына өте үлкен жауапкершілікпен, кәсіби сүйіспеншілікпен қарайтын Бағлан Берікқызының атқарған қызметтеріне сай жеткен жетістіктері мен алған марапаттары аз емес.

Мысалы, 2019 жылы Жәйрем кенті әкімінің «Жалын» жастар сыйлығын, «Мәдениет саласының үздігі» номинациясын иеленсе, 2019 жылы Ұлытау облыстық мәдени-сауық орталығы және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығы Қазақстан Республикасы Жастар жылына арналған облыстық шығармашылық жобада авторлық «Жалынды жастармен – жарқын болашаққа» атты жобаны қорғап ІІІ орын алды.

2018 жылы «Нұрлы білім» ҚБ деструктивті діни ағымдардан зардап шеккендерге көмек көрсету орталығынан Алғыс хат, 2021 жылы Қаражал қаласының ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінен Алғыс хат, «AMANAT» партиясы Қаражал қалалық филиалынан Алғыс хат, Халықаралық «ALASH STAR» өнер байқауынан «Үздік жетекші» номинациясы мен Құрмет грамотасын, Республикалық «Жұлдыз болғың келсе» байқауында жас ұрпақты өнерге баулып, салауатты өмір салтын насихаттауға үлес қосқаны үшін Алғыс хат, Республикалық «Ынтымақ» фестивалінен Алғыс хат, Алматы қаласындағы «Жұлдыз» продюсерлік орталығының Құрмет дипломы, «Алтын ғасыр» байқауында «Үздік ұстаз» дипломын алып,

2022 жылы «BILIM-ORKENIETI» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен өткен Республикалық «Жаңа Қазақстанның 100 Жаңа есімі» патриоттық байқауының жеңімпазы атанып, энциклопедияға еніп, төсбелгі және куәлікпен марапатталды.

Ал 2023 жылы «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі мен Құрмет грамотасын иеленеді.

Өз еңбегімен және өнерімен артынан еріп келе жатқан өнерлі жастардың бойында өнерге деген сүйіспеншіліктерін дамытып, ұлттық дәстүрлерді ұлықтап, қазақ мәдениетін дәріптеп жүрген Бағлан Болатқызын Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күнімен шын жүректен құттықтаймыз.

Киелі сахнаны бағындырып жүрген жұлдызымыз әрқашан биікте болсын! Мәдениет пен өнердің күрделі де қиын жолында серігі тек сәттілік болсын!

Теректі ШАҒАТАЙ