Қоғамдық жұмыстардың алдыңғы қатарында жүріп, ел тарихын зерделеп, өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беруге бағытталған туындыларымен ерекшеленген ардагер ұстаз, қарымды қаламгер Төлеухан Ілиясұлының жарқын бейнесі әркез жадымызда. Еңбек жолын ұстаздықтан бастап, әркез мектеппен тығыз байланыста болған еңбекқор тұлғаның өрнекті ойларын қағазға түсірмегеніне, мектептердегі тәрбие сағаттары мен әдеби кештерге келіп өнегелі әңгімесін айтып, ел тарихына шолу жасамағанына бір жыл толыпты…
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, БҰҰ жанындағы Қазақ шығармашылық бірлестігінің «Ұлт мақтанышы» медалінің иегері, тарихшы-өлкетанушы, ақын, жазушы, драматург, Қаражал қаласының Құрметті азаматы Төлеухан Ілиясұлы – ардагер ұстаз, журналист ретінде оның атқарған еңбегі мен қалдырған ізі ұрпақ жадында мәңгілікке сақталып қала бермек.
Білім мен мәдениет саласының жарқын өкілі Төлеухан Ілиясұлының тағылымы мен шығармашылығы жастарға патриоттық тәрбие беруде ерекше орын алады.
1947 жылы Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданындағы Атасу поселкесінде дүниеге келген Төлеухан Ілиясұлы өз өмірін ел игілігіне қызмет етуге арнады. Ұстаздық қызметін 1969 жылы бастап, 1993 жылға дейін орыс мектептерінде тарих пен қоғамтану пәндерінен сабақ беріп, оқушыларға білім мен өмірлік ұстанымдардың негізін қалаған ерекше ұстаз болды. Оның әділдігі мен шәкірттерге деген шынайы қамқорлығы ұстаздық еңбегін құрметті етті.
Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін аяқтаған 1969 жылдан 1980 жылға дейін Жезқазған облысы Ақадыр ауданы Көктінкөл орта мектебінде тарих және қоғамтану пәнінің мұғалімі, директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, кәсіподақ комитеті, партком хатшысы болып жұмыс істеді.
1980 жылы Қаражал қаласына көшіп келіп, вокзал ықшамауданындағы №5 мектепте тарих, қоғамтану және құқық пәндерінің мұғалімі болып жұмыс істеді. Жас буын ұстаздарға бағыт беріп, тәлімгер де бола жүріп, 1982–1990 жылдары №5 мектеп директоры болып қызмет атқарды.
Бұл кезең туралы Н.Гоголь атындағы Қарағанды әмбебап кітапханасында автор жайлы берілген ақпаратта №5 мектеп директорлығы жылдарында Т.Ілиясұлының бірде-бір оқушысы кәмелетке толмағандардың есебінде тұрмағанын, түрлі байқауларға қатысқалы тұрған шәкірттерін жігерлендіріп, түрлі жеңістерге қол жеткізгенін атап көрсеткен.
Сонымен қатар, Жезқазған тау-кен техникумының Қаражал филиалында сабақ берді, онда орта буын мамандарын дайындады, сондай-ақ, Қаражал қалалық білім бөлімінің жанындағы балабақша тәрбиешілерін дайындап, шағын қаланың қажет мамандармен толығуына өз үлесін қосты.
1995 жылдан бастап журналистикаға бет бұрып, аймақтың қоғамдық өмірін айна-қатесіз жеткізіп, Жезқазған облыстық «Центральный Казахстан» газетінде тілшілік қызмет атқарды. Қаладағы «Атасу-Жәйрем Ақпарат» және «Қазыналы өңір» газеттерінің бас редакторы болған кезінде оның мақалалары аймақтың тарихы мен мәдениетін насихаттап, оқырманның рухани байлығын арттырды.
Мерзімді баспасөзде әрбір атаулы күн жайлы өз айтары бар, жай ғана ақпарат емес – терең талдау, дәлелді уәжі бар тілші ретінде ерекшеленді.
Төлеухан Ілиясұлы жазушылық өнерінде де өзін көрсетті. Оның «Озатын ел ойшыл келеді», «Өмір сүргім келеді», «Сәкеннің соңғы мүмкіндігі», «Жайрем-Атасуйский рудный регион», «Каражал – город горняков», «Жаңаарқа нақыштары» сияқты туындылары туған жерге деген сүйіспеншілік пен халықтың тарихи-мәдени құндылықтарын тереңдетті. Туған жер, ардагер тұлғалар жайлы жырлары әркез оқырманын сезімге бөлеп келеді.
Төлеухан ағаның өмірлік ұстанымы – адал еңбек пен білімнің биікке жетелейтін жолы. Ұстаздық пен қаламгерлік қызметінде көрсеткен қажырлы еңбегі мен талмай ізденуі – қоғамына үлгі болып қалды.
Жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру жолындағы оның еңбегі өлшеусіз. Біз, Қаражал қаласындағы мектеп ұжымдары атынан, ағаның жарқын бейнесін құрметпен еске алып, оның өнегелі өмір жолынан сыр шерте отырып, бүгінгі таңда Төлеухан Ілиясұлының есімі – Қаражал қаласының мақтанышы, еліміздің рухани мәдениетін байытып, жастарға өнеге көрсеткен тұлға ретінде есте қалмақ.
Қалалық білім бөлімі мен білім беру ұйымдары.