Қай қоғамның болмасын дамуы нақты еңбекпен, өндіріс өрісімен өлшенеді. Заман ілгерілеген сайын экономика күрделеніп, жаңа салалар пайда болып жатыр. Дегенмен, елдің негізгі тірегі — өз ісінің шебері, жұмысшы мамандық иелері екені еш өзгермейді.
Бүгінгі таңда Қазақстанның индустриялық-инновациялық даму бағыты – білікті кадрларға, технологияны меңгерген техникалық мамандарға деген сұранысты күрт арттырып отыр. Металлург, шахтер, құрылысшы, механик, дәнекерлеуші – бұл тек кәсіп емес, нағыз жауапкершілік пен шеберлікті қажет ететін мамандықтар.
Жұмысшы табы — еліміздің нақты секторын алға сүйреп келе жатқан іргетас. Олар – өндіріс орындарында, зауыт-фабрикаларда, құрылыс алаңында, теміржол мен шахтада тынымсыз еңбек етіп жүрген нағыз майдангерлер. Олардың еңбегі көбіне көрінбейді, бірақ нәтижесі бүкіл халықтың өмір сапасына әсер етеді.
Бүгінде кәсіби-техникалық білім беру мекемелері мен колледждер тек теория емес, тәжірибе арқылы оқытуға көшіп жатыр. Өндірістік тәжірибелер, дуалды білім беру жүйесі – осының дәлелі. Бұл – болашақ жұмысшы маманның тек диплом емес, нақты шеберлікпен шығуына мүмкіндік береді.
Жұмысшы мамандығын таңдау — өз болашағын нақты іске арнау. Ең бастысы — бұл мамандықтар тек қоғамға пайдалы ғана емес, сонымен қатар тұрақты табыстың, кәсіби дамудың, өмірлік сенімділіктің кепілі.
Жуманбаева Мереке Рахимбаевна
Қаражал қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы