«Наурызнама»: Ұлттық мейрамның мәні мен маңызы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес былтырдан бастап елімізде Наурыз мейрамы ерекше жағдайда тойланатын болды. Осыған орай арнайы Наурызнама тұжырымдамасы бекітілгені белгілі. Аталған тұжырымдама негізінде Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мейрамы елімізде тойланатын болды. 14 наурыз – Көрісу күнінен бастау алатын мерекелік іс-шаралар 23 наурызға дейін жалғасады. Әрбір күн белгілі бір тақырыптық негізге бекітілген. Ең бастысы, он күн бойы өтетін салтанат ізгі амалдарға, мәдени-сауық кештер мен әдет-ғұрпымызды, салт-дәстүрімізді дәріптеуге арналмақ.

Сонымен, 14-23 наурыз аралығында халықтық мерекені тойлау­ға арналған «Наурызнама» онкүндігі төл мерекемізді тойлаудың жаңа дәстүрлерін қалыптастыруға, ең жақсы адами қасиеттерді – ашықтықты, шынайылықты, жауаптылықты, қайырымдылықты ашуға бағытталған. Әр күн белгілі бір тақырыпқа арналады. Мерекелік онкүндік Амал мерекесінен басталады.

Көрісу күні – Амал мерекесі

Бұл күні жасы үлкендерге арнайы сәлем беріп, құрмет көрсету, қонақ күту, мейраммен құттықтап, ізгі тілек жаудыру салты қалыптасқан. Амал мерекесінің мәні Наурызбен біте қайнасқан, себебі, бұл күн Наурыздың алғашқы хабаршысы. Бұл күн барлық реніштерді ұмытып, айналамыздағы адамдарға шынайы мейірімділік көрсетуге шақырады. Бұл орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Амал» біздің ұлттық бауырмалдығымыз бен мейірімділігіміздің көрінісі екенін айтады.
Қайырымдылық күні
Бұл күн қайырымдылықты, мейірімділікті және тату көршілікті насихаттауға бағытталған. Қиын өмірлік жағдайларға тап болған адамдарға көмек көрсету мақсатымен түрлі қайырымдылық шаралары іске қосылады. Қарттар үйі, дағдарыс орталығы, ата-ана қамқорынсыз қалған балаларға арналған мекемелерге және көп балалы аналарды құттықтай бару, сый-сияпат табыс ету көзделіп отыр.

Мәдениет және ұлттық
салт-дәстүр күні

Елімізде 16 наурыз — «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні» тақырыбында аталып өтпек. Ұлттың «мәдени коды» негізінде бұл күн мәдениет, өнер мен ұлттық салт-дәстүр насихатына арналатын болады. Бұл күні мәдениет ұйымдарында мерекелік марафон – халықтың кең тараған салт-дәстүрлері – тұсаукесер, баланы бесікке салу, беташар сияқты түрлі жоралғылар жасалады. Мамандардың айтуынша, бұл күнге негізделген тақырыптық іс-шаралар ата-бабамыздың рухани-практикалық және мәдени тәжірибесін еске түсіріп, одан сабақ алуға мүмкіндік береді.

Шаңырақ күні

«Шаңырақ күні» тақырыбында ұйымдастырылатын іс-шаралардың бәрі 17 наурызға жоспарланған. Бұл күн сүйіспеншілік, құрмет, сенім, өзара көмек, мейірімділік, жанашырлық, анаға құрмет және ұрпақ сүю сияқты отбасылық құндылықтарды насихаттауға арналады. Аудан-қалаларда жас жұбайлардың некесін қию рәсімін өткізу, нәрестелі болған ата-аналарға «Наурыз-базарлық» естелік сыйлықтарын тарту ету, елге сыйлы ақсақалдардың Наурыз батасын алу секілді жобаларды жүзеге асыру көзделеді. Шаңырақ күні елдегі жас ұрпақты тәрбиелеу ісін дұрыс жолға қойып, олардың бойында патриотизм, адамгершілік, білімқұмарлық пен еңбекқорлыққа деген құштарлықты қалыптастыруға сеп болады.

Ұлттық киім күні

Ұлттық киімге арналған 18 наурыз — ата-бабамызды, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан әдет-ғұрыптарымызды еске алатын ерекше күн болмақ. Бұл күні облыста ұлттық киім үлгілерінің көрсетілімі мен фестивальдер өткізіліп, танымал мәдениет қайраткерлерінің, әртістердің, спортшылар мен блогерлердің және басқаларының қатысуымен «Ұлттық киім күні» тақырыптық челлендждері ұйымдастырылмақ.

Жаңару күні

Онкүндік аясында «Жаңару күні» тақырыбына арқау болатын іс-шаралар 19 наурызға жоспарланған. Ағаш отырғызу акциялары дәл осы күні ұйымдастырылады. Бұл күні айналаны абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары жүргізілмек. «Жаңару күні барша азаматтарды ортақ мақсаттарға жету жолында бірігуге және ынтымақта болуға үндейді. Бұл күн ел өмірінде және әрбір қазақстандықтың өмірінде жаңа кезеңнің басталуын білдіреді. Бұл – алға жаңа мақсат қойып, жаңа жобаларды бастау, елдің жаңа басшылығының саяси ерік-жігері мен прагматикалық ұстанымының арқасында өмірді жақсылыққа қарай өзгерту туралы шешім қабылдау уақыты» делінген Наурызнама тұжырымдамасында.

Ұлттық спорт күні

20 наурыз — Ұлттық спорт күні. Бұл күні қала және аудан тұрғындарының қатысуымен түрлі спорттық шаралар өткізіледі. Атап айтсақ, ат жарыстары, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу, асық ату, тоғызқұмалақ, садақ атудан жарыстары ұйымдастырылады. Ұлттық спорт түрлері мәдени мұраны сақтауға, жас ұрпақтың ұлттық сана-сезімін күшейтуге ықпал етеді. Бұл мереке біз үшін бірліктің символына айналып, әр азаматтың өз елі үшін мақтанып, адами-рухани қасиеттерді дамытуына мүмкіндік береді.

Ынтымақ күні

21 наурызда елімізде жалпыхалықтық бірлік марафоны аталып өтеді. Онкүндіктің осы күнінде өзге ұлт өкілдерінің қатысуымен танымдық іс-шаралар, кездесулер, дөңгелек үстелдер, концерттік бағдарламалар ұйымдастырылады. Бұл күн өткенді еске түсіруден, ата-бабамыздың қазіргі уақытты қалыптастыруға және сақтауға қосқан үлесінің маңыздылығын түсінуден тұрады.

Жыл басы

22 наурыз – «Жыл басы». Тұжырымдамада «Бастауға оралу» атауына негізделген бұл күн – халқымыздың дәстүрлері мен құндылықтарына қайта оралудың символы әрі жаңа тарихи кезеңді бастауға дайындық екені айтылады.
Барлық өңірлерде этноауылдар ашылып, дәл осы күні ұлттық мәдениеттің байлығы паш етіледі. Бұл күні біз ата-баба әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін тамашалап, өткеннің рухын сезінетін боламыз.

Тазару күні

Онкүндіктің соңғы күні «Тазару» тақырыбындағы іс-шараларға бағытталмақ. Бұл күні аймақтарда жаңа жылды жаңа мақсат, жаңа үмітпен қарсы алудың символы ретінде жалпыұлттық экологиялық акция өткізіледі. Бұлақ көздерін ашу, аулаларды қардан, қоқыстан тазалау іс-шаралары да аймақтарда белсенді жүргізілмек.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ