Қазақстанның көлік-логистика жүйесін дамыту – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындап берген стратегиялық басымдықтардың бірі. Президент атап өткендей, еліміз Еуразия құрлығында ірі транзиттік хабқа айналуы тиіс. Бұл – тек қана географиялық артықшылықты пайдалану емес, сондай-ақ, елдің экономикалық қуатын еселейтін, халықаралық беделін арттыратын міндет.
Сол мақсатта бүгінде ұзындығы 1300 шақырымды құрайтын төрт ірі теміржол инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып жатыр. Олар – Достық-Мойынты, Алматы айналма теміржол желісі, Дарбаза-Мақтарал және Қытаймен шекарада бой көтеріп жатқан Аягөз-Бақты өткелі. Аталған жобалардың қатарында ерекше маңызға ие бастамалардың бірі – «Мойынты-Қызылжар» жаңа теміржол желісі.
Стратегиялық маңызы
Ұзындығы 366 шақырымды құрайтын бұл бағыт Трансқазақстандық дәліздің ажырамас бөлігі ретінде салынуда. Жоба іске асқан жағдайда Транскаспий халықаралық көлік бағыты 150 шақырымға қысқарып, еліміздің транзиттік әлеуетін айтарлықтай арттыруға жол ашады.
Жаңа теміржолдың 323 шақырымға жуық негізгі бөлігі Қарағанды және Ұлытау облыстарының аумағынан өтпек. Құрылысы 2025 жылдың көктемінде басталған нысанда бүгінде қарқынды жұмыстар жүріп жатыр. 150-ден астам маман, 100-ден аса арнайы техника тартылып, 375 мың текше метрден астам топырақ үйіндісі төселді. Алдағы уақытта 14 техникалық пункт, 40 көпір мен жол өтпесі, 108 су өткізу құбыры бой көтермек.
Бас мердігер – еліміздің ірі құрылыс компанияларының бірі «Integra Construction KZ» ЖШС. Бұл компания бұған дейін де көлік инфрақұрылымындағы бірнеше ауқымды жобаларды табыс ты жүзеге асырған тәжірибелі ұйым.
Мамандардың айтуынша, жаңа теміржол желісі транзиттік тасымалды жеңілдетіп қана қоймай, өңірлік экономикаға да тың серпін береді. Әсіресе, Қаражалдағы кен өндірісінің өнімдерін жаңа нарықтарға жеткізу мүмкіндігі кеңейеді. Солтүстік пен орталықты байланыстыратын жүк тасымалы уақыты қысқарады. Жоба барысында жергілікті кадрлар жұмысқа тартылып, жаңа жұмыс орындары ашылады. Әлеуметтік инфрақұрылымға қосымша қолдау жасалмақ.
Өткен аптада осы ауқымды жоба – «Мойынты-Қызылжар» теміржол желісіне қатысты қоғамдық тыңдау өтті. Жиынға сала мамандары, Қаражал қаласы, Ақтау елді мекені мен Жаңаарқа ауданының жергілікті билік өкілдері, мердігер компания басшылығы мен тұрғындар қатысты.
Бұл басқосуда жоба жай ғана инфрақұрылым нысаны ретінде емес, халықтың күнделікті тұрмысына әсер ететін маңызды құбылыс ретінде қаралды. Әрбір сөз, әрбір сұрақ елді мекендердің болашағы мен халықтың мүддесіне тікелей байланысты болды.
Халық көтерген мәселелер
Жаңаарқа ауданының депутаты Мақсат Арунов мал айдау көпірлерінің қай жерлерге салынатынын нақты карта арқылы көрсетуді талап етті. Ол сондай-ақ, құрылыс кезінде экологиялық талаптардың толық сақталмай жатқанын сынға алды. «Елді мекенге жақын қазылған шұңқырлар жабыла ма, әлде қоқыс төгуге пайдаланыла ма?» деген сауалын да бүкпесіз қойды.
Ақтау ауылының тұрғыны, Қоғамдық кеңес төрағасы Амандық Қияшев мәселені тереңдетіп, мұндай шұңқырлардың малға қауіп төндіріп жатқанын айтты. «Келесі жылға дейін құм алынған шұңқырға түсіп, талай мал қырылады. Бұған кім жауап береді?» деп ашына сөйлеп, шұғыл шара қабылдауды талап етті. Сонымен қатар, «Теміржол өтетін жерлердің иелеріне өтемақы төлене ме?» және «Ақтау ауылын станциямен байланыстыратын көпір салына ма?» деген көпшіліктің көкейіндегі сұрақтарды да ортаға салды.
Қаражал қаласының Құрметті азаматы, Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Мешітбай Омаров теміржолдың кейбір шаруашылықтардың жайылымын бөліп тастайтынын айтты. — Жайылым арғы бетте, қожалық бергі бетте қалады. Арнайы өткел қарастырылмаса, бұл үлкен қиындық туғызады, – деді ол. Сондай-ақ, жол бойындағы елді мекен атаулары дұрыс көрсетілмегенін айтып, «Түгіскен» мен «Киікті» атауларына өзгеріс енгізуді ұсынды.
Қаражал қаласы әкімінің орынбасары Аманқазы Наукенов табиғатқа қатысты маңызды мәселені көтерді. Оның айтуынша, соңғы жылдары жол құрылыстарында киіктердің табиғи көші-қон жолдары ескерілмей қалып жүр. «Мойынты-Қызылжар» теміржол желісі бойында жабайы жануарлар өтетін арнайы өткелдер қарастырыла ма?» деген сауал қойып, Шалғы кентіндегі жол-көлік қиылысын салу қажеттігін де жеткізді.
Ал Қаражал тұрғыны Қасқан Құйқабаев әлеуметтік серіктестік мәселесін алға тартты. — Жидебай өзені жылына бір-екі апта ғана ағып өтеді. Сол суды бөгеп, дамбы тұрғызса, қалаға да, мал жайылымына да үлкен көмек болар еді, – деді ол.
Қоғамдық тыңдау барысында айтылған барлық ұсыныс хаттамаға енгізілді. Жоба жетекшілері экологиялық қауіпсіздік, мал айдау және жабайы жануарлар өтетін өткелдер, жергілікті тұрғындарға өтемақы төлеу, көпірлер салу сынды мәселелердің кезең-кезеңімен қарастырылатынын мәлімдеді.
Түйін
«Мойынты-Қызылжар» жаңа теміржол желісі – Қазақстанның транзиттік тартымдылығын арттырып қана қоймай, Қарағанды мен Ұлытау өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретін стратегиялық жоба.
Ең бастысы – құрылыс халықтың үніне құлақ асып жүргізілуде. Өйткені, әрбір көпір, әрбір өткел немесе әрбір бөгет – тек теміржол инфрақұрылымының бөлігі ғана емес, халықтың өмір сапасына тікелей әсер ететін әлеуметтік шешім.
Бұл жоба аяқталғанда, Қазақстанның көлік-логистикалық картасында жаңа артерия пайда болады. Ол елді халықаралық дәліздердің басты ойыншысы етіп қана қоймай, өңірлердің дамуына, халықтың тұрмыс сапасына жаңа мүмкіндік әкелмек. Халық үміті – ел игілігіне айналсын.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ