Жәйрем кен байыту комбинаты энергия цехының басқару пультіне дабыл келген сәтте ойлануға уақыт болмайды. Сабыр сақтап, жылдам әрі дұрыс шешім қабылдау қажет: бүкіл өндірістің тұрақты жұмысы соған байланысты. Пультті басқаратын – энергетик-диспетчер Гүлнұр Ақшабаева. Мінезін ерлер ұжымындағы еңбек пен өмірдің өзі шыңдаған қайсар жан.
Гүлнұр қойнауы қазынаға толы құтты мекен Жәйремде дүниеге келіп, сол жерде өсті. Мамандықты да кездейсоқ таңдаған жоқ – отбасында энергетик ағалары мен нағашысы бар еді. Олардың бұл мамандықтың маңыздылығы мен жоғары жауапкершілігі туралы әңгімелері оның осы салаға деген шынайы қызығушылығын оятты.
Мектепті бітіргеннен кейін Қарағанды жоғары политехникалық колледжіне «Электр станциялары мен қосалқы станциялар» мамандығы бойынша оқуға түсіп, бүгінде өз таңдауы үшін бірде-бір рет өкінбегенін айтады.
2010 жылы, ол кезде әлі студент болатын, комбинатқа жұмысқа келеді. Мамандығы бойынша бос орын болмағандықтан, электр слесарі қызметі ұсынылды. Көбі оның орнында болса ойланып, бас тартар ма еді, бірақ, ол бірден келіседі. Гүлнұр кез келген тәжірибені алға жасалған қадам деп қабылдады.
Жұмыс оңай болған жоқ: трансформаторларды жуу, натрий шамдарын күйдіру, профилактикалық жұмыстар, жөндеу жүргізу. Ұжымда ол жалғыз қызбала болды және алғашында «қолыңнан келмейді» деп сенімсіздікпен қарауы мүмкін деп уайымдады. Алайда, өзінің тиянақтылығының арқасында керісінше құрметке ие болды – әріптестері оны тең дәрежелі маман ретінде қабылдады.
Бұл тәжірибе оның мінезін шыңдап, еңбекті «әйелдің жұмысы» немесе «ер адамның жұмысы» деп бөлмеуді үйретті: міндет бар ма – оны орындау керек. Уақыт өте келе ол комбинатты сызбалар арқылы емес, іс жүзінде зерттеп білді – объектілерді аралап, үдерістерді терең түсініп, өндірісті ішінен көріп тануды үйренді.
Табандылығы мен кәсіби өсуге деген ұмтылысы өз нәтижесін берді. 2021 жылы Гүлнұр энергетикалық диспетчер қызметіне тағайындалды.
– Бүгінде менің жұмысым барынша зейінділікті талап етеді, – дейді маман. – Энергетика саласында қателесуге құқығың жоқ. Әрбір қосып-ажыратудың артында адамдар, жабдықтар, қауіпсіздік тұр. Мен үнемі білімімді жетілдіріп, біліктілігімді арттырып, жаңа тәсілдерді қадағалап отырамын. Құзыретті, сенімді болып, өз ісіңді жетік білу өте маңызды.
Жәйрем комбинатындағы он алты жыл – бұл қарапайым жұмысшы қызметінен жауапты лауазымға дейінгі, шәкірттен білікті маманға дейінгі жол. Отбасылық өмірі де осы жерден бастау алды. 2010 жылы Гүлнұр тұрмысқа шығып, Нұрғиса мен Еркемай атты балалардың анасы атанды.
Алайда, 2018 жылы өмірі күрт өзгереді. Басынан қиын кезеңдерді өткізді – ажырасу, отбасы үшін толық жауапкершілік алу, шаршау мен алаңдаушылық… Бірақ, дәл сол уақытта Гүлнұр ең алдымен өзіне сенуді үйренді. Балалары үшін бұрынғыдан да мықты бола түсті.
– Армандамайтын адам жоқ шығар, бірақ, армандардың нақты өмірлік мақсаттарға айналуы маңызды, – деп санайды Гүлнұр. – Мен балаларымның жақсы білім алуына жағдай жасап, дұрыс өмірлік жолды таңдауына көмектесіп, олардың дамуына мүмкіндік жасауға тырысамын. Олар өмірде сенімді де жауапкершілігі мол тұлға болып қалыптасса екен деймін.
Ұлы бесінші сыныптан бастап бокспен айналысады, жинақы әрі табанды болып өсіп келеді, соққыға төтеп беруді үйреніп жүр. Қызы волейболды таңдады. Гүлнұр спорт мінезді қалыптастырады, жауапкершілікке және командада жұмыс істеуге дағдыландырады деп сенеді.
Ол өзі де кішкентай кезінен қозғалыста болуға дағдыланған. Жеңіл атлетика оған төзімділік пен уақытынан бұрын жарыс жолынан шығып кетпеуді үйретті. Қазір де қауырт жұмысына қарамастан, ол комбинат пен кент спартакиадаларына қатысып, жазда жүгіруден, қыста шаңғы жарыстарына шығады, үстел теннисін ойнайды.
2023 жылы Металлург күніне орай Гүлнұр Ақшабаева «Казцинк» кәсіподағы атынан белсенді өмірлік ұстанымы мен адал еңбегі үшін Құрмет грамотасымен марапатталды.
Жүгіру ол үшін тек спорт қана емес. Бұл – өзімен өзі қалатын, ойларын тәртіпке келтіретін және ішкі тірегін қайта сезінуге мүмкіндік беретін уақыт.
Өмір жолында кездескен қиындықтардан кейін Гүлнұр қолдаудың қаншалықты маңызды екенін біледі. Сол себепті де волонтерлікке бет бұрды. Уақыт өте келе әлеуметтік бастамаларға қатысу өмірінің бір бөлігіне айналды. Ол көмегі жайлы көп айта қоймайды, өйткені, жасаған жақсылығыңды жария қылу қажет емес деп санайды.
– Бүгінде мен кәсіби салада белгілі бір нәтижелерге қол жеткіздім, – деп бөлісті кейіпкеріміз. – Бірақ, өмірінде қиын кезеңдерді бастан кешіріп жатқан жандар бар. Волонтерлік – адамға үміт сыйлауға, қамқорлық пен көңіл бөлуге мүмкіндік. Игі істердің адамгершілігі мол адамдардың көбеюіне әрі қоғамды мықты ететініне сенемін.
Сонымен бірге, Гүлнұр Ақшабаева – энергия цехының кәсіподақ комитетінің төрайымы. Жұмысшылардың құқықтарын қорғау, әлеуметтік мәселелерді шешу, әріптестерді қолдау – осының барлығы оның жауапкершілік аймағына кіреді. Ол үшін ұжымның ұйымшыл команда болуы маңызды.
Қиындықтардың адамның сағын сындырмай, керісінше шыңдайтынына сенімді. Ең бастысы – тоқтап қалмай, алға қарай жүре беру керек.
Күнде таңертең Гүлнұр өндірістің тұрақтылығына әсер ететін шешімдер қабылдайды, ал кешке үйінде балаларына қайсарлықтың, еңбекқорлықтың және жауапкершіліктің үлгісін көрсетеді. Жүгіру жолында қадамын үдетіп келе жатқанын көргенде, оның бақыт формуласы қозғалыс, балалары, сүйікті жұмысы мен өзіне деген сенімі екенін түсінесің.
Алена ЕРМОЛАЕВА.
