Мерейтойлар тоғысы

2025 жылы қазақстандықтар әртүрлі ұлттық, мемлекеттік мерекелер мен мерейтойларды атап өтеді. Бұл жыл тек қазақстандық емес, халықаралық маңызы бар мерейтойлық даталар мен оқиғаларға толы болмақ.

Қазақ хандығының құрылғанына 560 жыл толады

1465 жылы Керей мен Жәнібек сұлтандар Қазақ хандығының негізін қалады. Осылайша, XV ғасырдағы бұл тарихи оқиға кейінгі жүзжылдықтарда қазақ халқының бірігіп, нығаюына, ұлттың қоныстану аумағының тұтастығына, сан ғасырлық мәдениетінің гүлденуіне жол ашты. Бұл туралы Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегінде айтылады.
Шоқан Уәлиханов М.Х.Дулатидің еңбегін зерделей оқып, құрметпен қараса, В.В.Вельяминов-Зернов оның қазақтар туралы деректеріне қатты мән бере келе: «Мұхаммед Хайдардың жазғандарының барлығы дерлік жаңалық және мейлінше қызғылықты. Әңгімелері қай жағынан қарағанда да үйлесімді және жауапкершілігімен ерекшеленеді», — деп бағалаған.
Қазақ хандығы тарих сахнасында талай тар жол, тайғақ кешулерге толы жылдар мен ғасырларды бастан өткерді. Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Тәуке ханның Жеті жарғысы ұғымдары ел аузында қалды. Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама, ұлт-азаттық көтерілістер, XX ғасыр басындағы ашаршылық, сталиндік террор, Ұлы Отан соғысы да зардабын тигізді. Ал, 1991 жылы әлем картасында Қазақстан Республикасы пайда болды.
Әрине, тарихымыздың бастауы Қазақ хандығынан да тереңде жатыр. Дегенмен, Қазақ хандығының орнауы мен қазақ мемлекеттілігінің құрылуы маңыздылығы бойынша ұлт тарихының ең негізгі кезеңдерінің бірі саналады.

Ұлы Жеңіске – 80 жыл

2025 жылы Екінші дүниежүзілік соғыстағы (1941–1945) Жеңіске 80 жыл толады. Осыған байланысты ТМД елдерінде 2025 жыл «Жеңістің 80 жылдығы және нацизмге қарсы күрестегі бірлік жылы» деп жарияланды.
Сұрапыл соғыс 1941 жылдың 22 маусымында басталып, 5 жылға, яғни, 1 418 күнге созылды. Қанды қырғын бұрынғы Кеңес Одағының 27 миллионға жуық адамын жалмады. Ал, қазақ жерінен майданға аттанған 1 млн 200 мың жауынгердің 600 мыңы қайта оралмады. Елімізден аттанған 500-ден астам жауынгер Кеңес Одағының Батыры атанды. Бұл атақты 1965 жылы генерал Сабыр Рахымов, ал, 1990 жылы Бауыржан Момышұлы алды. Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов, Сергей Луганский, ал, Шымкентте орналасқан Чугуев әскери авиация училищесі түлегі И.Кожедуб үш мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді. Шығыстан шыққан қос жұлдыз пулеметші Мәншүк Мәметова мен мерген Әлия Молдағұлова да осы жоғары атаққа лайықты деп танылды.
Қазақстанның табиғи байлығы сол кездегі Қызыл армияны әскери техникамен жарақтандыруда маңызды рөл атқарды. Қазақстан әскери өндіріс үшін қажет мыс, қорғасын, металл, висмут, молибден, полиметалл кендерін өндіруде жетекші орында болды. Марганец, вольфрам, никель өндіру жолға қойылды. Қазақстанның қорғаныс зауыттары қару-жарақ пен оқ-дәрі жасаудың жаңа үлгілерін игерді. Қарағанды кеншілері өнеркәсіп пен көлікті көмірмен қамтамасыз етсе, Орал-Ембі мұнайлы аудандары сұйық отын шығаруды арттырды. Қазақстанның ауыл шаруашылығы майдан мен тылды азық-түлікпен, өнеркәсіпті шикізатпен жабдықтады.
Биыл РФ президенті Владимир Путин Қазақстан Республикасына кезекті мемлекеттік сапарында Қасым-Жомарт Тоқаевты 9 мамырда Мәскеуде өтетін ауқымды іс-шараға шақырды. Қазақстан Президенті Жеңістің 80 жылдығын тойлаудың бірлескен іс-шаралар жоспарын бекітуді ұсынды.
Ал, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің айтуынша, Қазақстанда бұл мерейтойға арналған іс-шаралар 2025 жылдың қаңтарынан басталады.
Сондай-ақ, Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Қазақстанда әс­кери «Айбын» ордендерінің дәрежелеріне Сағадат Нұрмағамбетов, Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев сынды Екінші дүниежүзілік соғыстың аңызға айналған батырларының есімдері берілді.

Қазақстан Конституциясына – 30 жыл

Осыдан 30 жыл бұрын, 1995 жылы 30 тамызда Конституциялық референдум өтті және соның нәтижесінде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданды. Жалпы Тәуелсіз Қазақстанның төл Ата заңының тарихы 1993 жылдан басталады. Ал, қазіргі қолданыстағы екінші Конституция жобасы заң саласындағы ірі тұлғалардың, ғалымдар мен саясаткерлердің қатысуымен 1995 жылы 30 тамызда қабылданған еді.
Күні бүгінге дейін Конституцияға 1998, 2007, 2011, 2017, 2019 және 2022 жылдары өзгерістер енгізілді. Ата заңымызға соңғы өзгертулер мен толықтырулар 2022 жылы 5 маусымда өткен жалпыұлттық референдум арқылы қабылданды. Нәтижесінде Конституцияның 33 бабына бірнеше ондаған өзгеріс енгізілді.
Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар: суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік республикаға түбегейлі көшу; бірқатар билік өкілеттігін қайта бөлу; Парламенттің рөлін күшейтіп, мәртебесін арттыру; елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейту және азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру үдерістеріне құқықтық негіз қалыптастыруға арналған.
«Біз Конституциямызда жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі екенін нақты көрсеттік. Осы норманың арқасында «Ұлттық қор – балаларға» атты ауқымды бағдарламаны қолға алдық. Ұлттың ұлылығы әрбір отбасының, әрбір азаматтың әл-ауқатынан көрінеді. Сондықтан, ел экономикасы, ең алдымен, халықтың мүддесі мен игілігі үшін жұмыс істеуі қажет», – деген еді Мемлекет басшысы.

Қазақстан халқы Ассамблеясына – 30 жыл

1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толады және Алғыс айту күні атап өтіледі. Бұл ұйым 1995 жылы еліміздегі этносаралық келісім мен татулықты сақтау мен нығайту мақсатында құрылған еді.
Алғашында оның мәртебесі Президент жанындағы консультативті-кеңесші орган болып бекітілді. Дегенмен, Ассамблея аталған мәртебеден де мықты құқықтық негізі мен қоғамдық-саяси мәртебесі бар конституциялық органға дейін өсті. Мемлекет басшысы Ассамблея ұсынған Парламент Сенатының 5 депутатын тағайындайды. Ел аумағында мыңнан астам этномәдени бірлестіктер, Аналар кеңесі және Ақсақалдар кеңесі жұмыс істейді.
Одан бөлек, Президент тапсырмасымен құрылған «Ассамблея жастары» бірлестігі мен Медиация кеңесі белсенді жұмыс істейді. Өңірлерде ашылған Достық үйлері де этномәдени бірлестіктердің ғана емес, жергілікті қауымдастықтың, үкіметтік емес ұйымдар мен жастардың ортасына айналды. Еліміздің барлық өңірлерінде ҚХА Журналистер клубы және этникалық БАҚ жұмыс істейді.
Ақпарат және мәдениет министрлігінің мәлімдеуінше, Ассамблеяның 30 жылдығын мерекелеу аясында елімізде және шетелде түрлі форматтағы 150-ден астам іс-шара ұйымдастыру және кемінде 1,5 млн адамды қамту жоспарланып отыр.

Досан ДУЛЫҒАЛЫ.