Менің ата-анамның кәсібі

Әрбір бала бастауыш сыныптарда, әсіресе, 2-3 сыныптарда мамандықтар әлемін белсенді түрде зерттей бастайды. Жақында мектебіміздің оқушыларына ата-анасының немен айналысатыны және болашақта кім болғылары келетіні туралы өз ойларын білдіруге мүмкіндік берілді.

Оқушылар үйлерінде ата-анасымен байланыса отырып, үлкен қызығушылықпен ата-аналарының кәсіптерін бейнелеп көрсетті. Мәселен, 3 «в» сынып оқушылары Мерей Болат мен Балауса Бирманова ата-аналарының Жәйрем кен байыту комбинатында әртүрлі маман иелері екенін бейнелеп көрсетсе, 3 «б» сынып оқушысы Айсұлтан Бақытжан анасының балабақшада жұмыс істейтінін суреттеп көрсетті. 2 «в» сынып оқушылары Шерәлі Сырымбет өзінің болашақта полиция қызметкері болатынын бейнелесе, Тәуекел Бақытжан ата-анасының «Жедел жәрдем» қызметкері екенін бейнелеген. 3 «г» сынып оқушылары Ибраһим Каспий әкесінің қандай қызметте істейтінін БелАЗ автокөлігінің суретін салып көрсетсе, Сезім Жұмаділдә анасының мұғалім, әкесінің инженер екенін суретпен жеткізді. Сонымен қатар, 2 «б» сынып оқушысы Медина Жазыбек өзінің болашақта ақ халатты абзал жан, яғни, дәрігер болғысы келетінін мақтанышпен айтып, медициналық құралдары бар адамның суретін салған. Ал, 2 «д» сынып оқушысы Нұрислам Дастан болса, өзінің болашақта полиция қызметкері болғысы келетінін түсіндіре отырып, суретте оны анық бейнелеген екен.

Бұл суреттер балалардың шынайы өмірінің көрінісі ғана емес, сонымен қатар, ата-ана еңбегінің маңыздылығын түсінуге мүмкіндік берді.

Сонымен бірге, оқушылар тек ата-анасының кәсібімен шектеліп қалмай, олар да болашаққа деген армандарымен белсенді түрде сурет арқылы бөлісті.

Ата-ананың мамандықтары мен болашаққа деген арман-тілектері туралы суреттер – балалардың дамуындағы маңызды қадам. Олар еңбекті бағалай білуге, армандарына ұмтылуға және әркім өмірде өз жолын таңдай алатынын түсінеді. Бұл шығармашылық жұмыстар тек қуаныш қана емес, болашақ ұмтылыстар мен жетістіктерге де негіз болады деп ойлаймын.

Әсем ТӨЛЕУОВА,

 № 30 ЖББМ кәсіптік бағдар беру және әлеуметтік педагогы.