Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер – ел тұрғындарының құқығы мен бостандығын, сонымен қатар, кез келген жағдайда туындаған мәселені шешу жолында жұмыс жасайтын маңызды сала. Сол себепті, қызмет көрсету сапасын арттыру аса маңызды. Мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасына терең мән беріп, мемлекеттік қызметкерлердің жұмысын бақылауға алу басты талапқа айналған. Себебі, қоғамда адамзат дүниеге келгеннен бастап өмірінің барлық кезеңдерінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтер алу үшін мемлекеттік органдарға жүгінеді.
Айта кетейік, департаментпен 2024 жылы 21 бақылау іс-шаралары өткізілді, оның ішінде: профилактикалық бақылау – 5, жоспарлы тексерулер – 8, жоспардан тыс тексерулер – 5, жеке және заңды тұлғалардың жолданымдары бойынша – 3 тексеру. Тексерулер нәтижесінде жалпы 723 бұзушылық анықталды. Жалпы санынан мемлекеттік қызмет көрсету мерзімін бұзу – 112, мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін бұзу – 213, қызмет көрсетуден негізсіз бас тарту – 3, жұмыс мерзімін бұзу – 301, өзге де бұзушылықтар – 94 фактілер анықталған.
Сонымен қоса, Жезқазған қаласының білім бөлімі заңнамада көзделмеген жеке функционалды «ИНДИГО24.кз» ақпараттық жүйесіне енгізу арқылы, қаланың мектепке дейінгі ұйымдарына осы ұйымдар қызметкерлерінің балалары кезектен тыс қабылданғаны анықталды. Департаменттің ден қою шараларының нәтижесінде мектепке дейінгі ұйымдарға жіберу үшін балалардың кезегі қалпына келтірілді, бос орындар заң талаптарына сәйкес қайта бөлінді. Осылайша, балабақшаларға жіберу үшін ұзақ уақыт кезекте тұрған 39 мектеп жасына дейінгі (6 жасқа дейінгі) баланың құқықтары қалпына келтірілді.
Департаментпен енгізілген ұсынымдардың нәтижесінде 15 лауазымды тұлға «сөгіс» түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Қызмет алушы Е. Жезқазған қаласының Мансап орталығына «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындау» мемлекеттік көрсетілетін қызметін алу үшін бірнеше рет жүгінген. Алайда, Мансап орталығы тарапынан мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартулар берілген. Қызмет алушының мемлекеттік қызмет алу үшін құжат тапсыру, қызмет нәтижесін алуы Департамент бақылауы нәтижесінде, қызмет алушы Е. бұзылған құқықтары қалпына келтіріліп, атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды.
Департаментпен қызмет алушылардың құқықтарын қорғау және қызмет көрсету сапасын бақылау бойынша тұрақты жұмыстар жүзеге асырылуда. Жалпы, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын үнемі бақылауда ұстап, олқылықтың орнын толтырып, алдын алу шараларын жүзеге асыру аса маңызды. Себебі, мемлекеттік қызметкерлер – ел мүддесін арқаласа, мемлекеттік қызмет көрсету – қашан да халықтың қажеттілігін қанағаттандыруы тиіс.
Роман КИМ,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Ұлытау облысы бойынша департаменті басшысы,
Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы