Қазақ тілінің құдіретін қанша сөзбен айтсақ та, оны жеткізу мүмкін емес. Кезінде талай ғалым, жазушы, зерттеушілер осы қазақ тілінің қандай көркем тіл екенін айтқан еді.
Қазақ тілі сүбелі сөзге, мақалға, шешендік сөздерге бай. Ана тіліңмен қатар басқа халықтың тілін білу сол елдің тіліне көшті деген сөз емес, ол адамның өз-өзін шыңдауы. Тіл тұғырының биікке көтерілгені – халық мәртебесінің жоғарылауы.
Біздің Туымыз, Елтаңбамыз, Әнұранымыз, мемлекеттік тіліміз ұлтымыздың көкке ұстар тірегі. Біз төл тарихымызды қастерлеп, мемлекеттілігімізді нығайтып, әлемдегі алпауытты елдердің санатына енуді мақсат еттік.
Ғасырлар қойнауынан тарихымыз, тіліміз сондай анық, таза күйінде бізге жеткен қастерлі мұрамыздың бірі – бірлік пен ынтымақтың жығылмас туы, мемлекетіміздің тұғырлы тірегі, өткені мен болашағының айқын көрінісі, мемлекеттік тіліміз — қазақ тілі. Бойымызға анамыздың сүтімен дарыған ана тілімізді ардақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізу басты парызымыз. Ана тілінің қадір-қасиетін ерте кезден-ақ түсіне білген халқымыз оны қасиетті мұраға балап, қастерлейді. Қазақ тілі ерте кезден-ақ оралымды, ырғақты, аса қуатты, бай тіл. Ол жан-дүниеміздің айнасы, тәуелсіздігіміздің айғағы іспетті.Тіл болашағының жарқын болуы саналы да қуатты жастардың қолында. Әр халықтың тағдырына жауапты қазіргі жас буын еліміздің болашағының иесі екендігін естен шығармағанымыз жөн. Себебі, өркениетке құлаш ұратын елдің өрісі қашанда білікті де, саналы ұрпақпен кеңеймек.
Әр адамның азаматтық қасиетті — салт-дәстүрін сақтаумен, өзінің туған жерін, атамекенін сүюмен, өзінің ана тілін білумен өлшенбек. Біліп қана қоймай, күнделікті тұрмыста қолдану аясын кеңейтіп, тілге деген жанашырлық сезімінің болуынан көрініс табады. Ендеше, татулық пен тұрақтылықтың негізіндей болған туған тіліміз тұғырлы, тәуелсіздігіміздің ғұмырлы болуы үшін баршамыз тіл мерейінің жоғарылауы үшін әрекет ету қажеттілігі туындап отыр. Туған тіліміздің мерейі үстем болсын!
Жанар СМАЙЛОВА,
Қаражал қалалық сотының
бас маманы-
сот отырысының хатшысы.