Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бет-бейнесі

Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бет бейнесі, туы, Елтаңбасы, Әнұраны сияқты рәмізі болып табылады. Ол – азаматтық патриотизм мен Отанға деген сүйіспеншіліктің негізі бола отырып, ел азаматтарын біріктіретін күш.

Тіл — ұлттың аса ұлы игілігі, әрі оның ажырағысыз белгісі. Мемлекеттік тіл – бүкіл қазақстандықтардың тілі, елдің халқын біріктіретін, ортақ істерге жұмылдыратын, елге деген перзенттік ықыласты қалыптастыратын бірден- бір құрал. Мемлекеттік тіл — мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін және іс-қағаздарды жүргізу мен рәсімдеу тілі.

Мемлекеттік тілдің мәртебесінің көтерілуі, оның қолдану аясын тереңінен кеңейту және тіл саясатын насихаттау жұмыстарының бір көрсеткіші – барлық мекемелерде іс-қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу болып саналады. Мемлекеттік тілде іс-қағаздарын жүргізу өз тіліміздің дамуына орасан зор үлесін қосады. Іс-қағаздары қоғам өмірінде үлкен қызмет атқарады және оның саяси, тарихи, құқықтық, экономикалық маңызы өте зор. Іс-қағаздарын қазақша жүргізу – мемлекеттік тілдің жүзеге асуының нақты көрсеткіші.

Тіл мәдениетіне тәрбиелеуде қойылатын мақсат – ана тілінің мәні, тарихы мен бүгіні, шешендік өнердің алуан түрлі сипаттары туралы мағлұматтар бере отырып, адамдардың сөз мәдениетін жетілдіру, тілді әлеуметтік қызметіне сай орынды жұмсай білуге үйрету, интеллектуалдық қабілеттерін арттыру. Қазіргі уақытта соттың әр маманы аудармашы, өйткені, өз іс-қағаздарын екі тілде өздері жүргізуде.

Қаражал қалалық сотында қызметтік құжаттардың қаралуы, мемлекеттік органдардың арасында ақпарат алмасуы мемлекеттік тілде жүргізіледі, қажеттігіне байланысты сонымен қатар, ресми тілде де қолданылады. Біз қазақпыз, өз тіліміз бен мәдениетімізді аялайық, құрметтейік, келешек ұрпаққа бағалы етіп жеткізейік!

Гүлжазира ТУЛЕУОВА, Қаражал қалалық сотының аға сот приставы.