Мемлекеттік тіл – кез келген тәуелсіз елдің басты құндылықтарының бірі. Ол халықтың тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін маңызды құрал. Қазақстанда мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Қазақ тілі еліміздегі түрлі ұлт өкілдерін біріктіретін, ортақ түсіністік пен татулықты нығайтатын негізгі фактор болып табылады.
Мемлекеттік тілдің дамуы – мемлекеттің дамуының көрсеткіші. Тіл арқылы адамдар бірбірімен қарым-қатынас жасап, қоғамда өз орнын табады. Сондықтан, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту – әр азаматтың ортақ міндеті. Әсіресе, мемлекеттік мекемелерде, білім беру саласында және сот жүйесінде мемлекеттік тілдің қолданылуы ел бірлігін нығайта түседі.
Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Әр ұлттың өз тілі мен мәдениеті бар. Дегенмен, барша халықты біріктіретін ортақ тілдің болуы ел ішіндегі тұрақтылық пен бірліктің кепілі. Мемлекеттік тіл — қоғамдағы өзара түсіністікті арттырып, халықтың бір мақсатқа жұмылуына ықпал етеді.
Қазақ тілін дамыту – тек мемлекеттік саясаттың ғана емес, әрбір азаматтың борышы. Ана тілін құрметтеу, оны күнделікті өмірде кеңінен қолдану арқылы біз еліміздің бірлігін нығайтып, болашағын жарқын етеміз.
Қорытындылай келе, мемлекеттік тіл – ел тәуелсіздігінің символы, халық бірлігінің негізі. Қазақ тілінің мәртебесін көтеру, оны құрметтеу және дамыту – Қазақстанның әрбір азаматының қасиетті парызы.
Жадыра СӘДУОВА,
Қаражал қалалық сотының бас маманы.
