Мемлекеттік рәміздер — рухани тұғырымыз

4 маусым — Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні. 1992 жылдың 4 маусымында Елтаңба, Ту және Әнұран еліміздің тәуелсіздігін айқындайтын, егемендігіміздің жарқын бейнесіне айналған қасиетті белгілер ретінде заң жүзінде бекітілді. Содан бері бұл күн – әрбір қазақстандықтың жүрегінен ерекше орын алған ұлы мереке.

Мемлекеттік рәміздер – Тәуелсіз Қазақстанның айшықты нышаны. Олар — ата-бабамыз аңсаған азаттықтың, елдік пен бірліктің, тарихи сабақтастықтың көрінісі. Туымыздың көк түсі — ашық аспан мен бейбітшілікті, Елтаңбамыздағы шаңырақ — ортақ үйімізді, татулық пен ынтымақты бейнелейді. Ал Әнұран — ел рухын көтеріп, азаматтық сезімді ұлықтайды.

Бұл рәміздер – жай ғана белгілер емес. Олар – ұлттың жүрегі, мемлекеттің төлқұжаты. Сондықтан, оларға деген құрмет – әр азаматтың қасиетті парызы. Ел болашағын тәрбиелейтін жас ұрпаққа рәміздерге деген сүйіспеншілікті, құрмет пен мақтаныш сезімін сіңіру — біздің ортақ міндетіміз.

Қалада Мемлекеттік рәміздер күніне орай түрлі мәдени-танымдық, патриоттық шаралар өткізілуде. Бұл – ел тарихын жаңғыртып, тәуелсіздігімізді ұлықтайтын игі істердің жарқын көрінісі. Әсіресе, ауыл-аймақтарда өткізіліп жатқан рәміздерге арналған іс-шаралар халықтың рухани серпілісін білдіреді.

Мемлекеттік рәміздер – ұлттың мәңгілігін айқындайтын құндылық. Олар қандай заманда да өз мәнін жоғалтпай, халықпен бірге жасай береді. Егемен еліміздің көк байрағы асқақ желбіреп, Елтаңбамыз төрімізде, Әнұранымыз жүрегімізде жаңғыра берсін!

Досан ДУЛЫҒАЛЫ.