Мемлекет басшысы «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісін іске қосты

Қасым-Жомарт Тоқаев New Silk Way VII Халықаралық көлік-логистика бизнес-форумының ашылуымен құттықтап, бүгінгі іс-шараның мән-маңызы ерекше екеніне тоқталды. 

– Бәріміз «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісінің ресми ашылуына куә болып отырмыз. «Достық – Мойынты» жолы – шын мәнінде аса маңызды инфрақұрылым жобасы. Бұл жоба Қазақстанның көлік-логистика жүйесінің дамуына, оның тиімділігін нығайтуға айрықша серпін беретіні сөзсіз. Ал тарихымызға үңілсек, осыдан отыз бес жыл бұрын «Достық – Алашаңқай» жобасы іске қосылды. Қазақстан мен Қытайдың теміржолы тоғысты. Бұл еліміз үшін тарихи оқиға болды. Сол жолды салған ардагерлеріміз қазір осы жиынға қатысып отыр. Баршаңызға зор алғысымды айтамын. Мен халыққа Жолдауымда, көлік-логистика саласы – экономиканың қозғаушы күші, халықаралық байланысты нығайтатын негізгі фактордың бірі деп атап өттім.