Мектептердің әзірлігі: жетістіктер мен түйткілдер

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Бұл кезең – ұстаздар қауымы мен білім саласына жауапты мекемелер үшін ең қауырт шақ. Өйткені, мектептердің жай-күйі, балалардың оқулықпен қамтылуы, оқу кабинеттерінің дайындық деңгейі – бәрі жаңа оқу жылының сәтті өтуінің кепілі. Осы орайда, Қаражал қалалық білім бөлімінің жаңадан тағайындалған басшысы Гүлбану Райсоваға хабарласып, жаңа оқу жылына дайындық барысын саралаған едік.

– Гүлбану Серікқызы, ең алдымен жаңа қызметіңізбен құттықтаймыз! Қаражал қаласына қош келдіңіз.

– Рахмет.

– Сізбен нағыз қауырт шақта сұхбаттасып отырмыз. Әңгімемізді қаладағы білім саласының бүгінгі ахуалынан бастасақ. Жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары қалай жүріп жатыр?

– Қаражал-Жәйрем аймағы бойынша бүгінгі таңда 11 білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оның ішінде 8 мектеп, 2 мектепке дейінгі ұйым, 1 жеке меншік балабақша және 1 қосымша білім беру орталығы бар. Жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Әсіресе, мектептердің оқу процесін үздіксіз ұйымдастыруға ерекше назар аударып отырмыз.

– Қалада жаңа мектеп құрылысы мен күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынғаны белгілі. Осы жайында кеңірек айтып берсеңіз.

– Станция елді мекенінде 80 орындық жаңа № 5 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Бұл – ауылдағы оқушыларға қолайлы жағдай жасайтын маңызды нысан. Сонымен қатар, Жәйрем кентіндегі № 10 және № 30 мектептерде күрделі жөндеу жұмыстары басталды. № 10 мектептің спорт залы мен акт залына толық жөндеу жүргізілуде. «Construction Training Resources» ЖШС 530,7 миллион теңгеге келісімшарт жасаған, аяқталу мерзімі – 2025 жылдың 20 қазаны.

Ал № 30 мектепте «Азамат құрылыс» ЖШС мердігерлігімен 3-қабаттың бір қанаты жөнделуде, ол қараша айының басына дейін аяқталуы тиіс. Алайда, бұл екі мектепте 857 және 1040 оқушы оқиды. Сол себепті балаларды уақытша басқа мектептерге орналастыру мәселесі өзекті болып тұр.

– Ал қалған мектептердің дайындық деңгейі қандай?

– № 1 және № 7 мектептер жаңа оқу жылына толық дайын. № 11 мектептің шатырын жөндеу жұмыстары жүргізілуде, мердігердің уәдесі бойынша ол 25 тамызға дейін аяқталады. № 3 мектепте оқу процесіне дайындық жасалғанымен, жылу жүйесіне қатысты мәселе бар. Дәл осындай жағдай № 6 мектепте де кездесіп отыр – қазандығы істен шыққандықтан, қосымша қаражат бөлу қажет. Бұл бағытта облыстық білім басқармасымен бірлескен жұмыс жүріп жатыр.

– Оқушыларды оқулықпен қамтамасыз ету мәселесі қалай шешілуде?

– Барлық 3427 оқушы жаңа оқу жылында оқулықпен толық қамтылады. Бұл мақсатқа мемлекеттен 47,4 миллион теңге бөлініп отыр. Кітаптар тамыздың 20-сынан кейін жеткізіледі. Сонымен қатар, оқушыларды ыстық тамақпен қамту 2 қыркүйектен басталады. Әсіресе, бастауыш сынып оқушылары мен әлеуметтік осал топтағы балалар толық қамтылады. 1354 бастауыш сынып оқушысы мен 152 әлеуметтік осал топтағы бала тегін тамақтандырылады.

– Қауіпсіздік пен инфрақұрылым саласында қандай жұмыстар атқарылуда?

– Барлық мектептер жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілді. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бейнебақылау жүйелері орнатылған. Сонымен қатар, жаңа оқу жылына 2 автобус пен 1 «Газель» автокөлігі сатып алынды. Айта кетейін, бүгінде барлық мектептерде робототехника кабинеттері жұмыс істейді. Бұл балалардың заманауи ғылымға деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.

– Мұғалімдерге деген сұраныс бар ма?

– Иә, кадр тапшылығы байқалады. Қазіргі таңда бос орындарға конкурс жарияланған. Жаңа оқу жылына дейін педагогикалық құрамды толықтырып үлгеруге күш салып жатырмыз.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ