Мектепте өткен құқықтық кездесу

Заңдарды білу – әр азаматтың, әсіресе бүгінгі жастардың, қоғамдағы тәртібі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды міндет. Құқықтық сауаттылық жасөспірімдер мен жастардың өз құқықтары мен міндеттерін дұрыс түсінуіне, сондай-ақ, күнделікті өмірде жауапкершілікпен әрекет етуіне ықпал етеді. Тәртіп пен заңға құрмет – өркениетті қоғамның ғана емес, өскелең жас буынның да дұрыс қалыптасуының негізі.

Осы орайда, Каражал қалалық соты төрағасының міндетін атқарушы Сауле Дюсембина № 7 жалпы білім беретін мектептің жоғары сынып оқушыларымен кездесу өткізіп, олардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған мазмұнды әңгіме жүргізді.

Кездесу барысында ол заңды білудің маңызын атап өтіп, оқушыларға адам құқықтары, жасөспірімдердің әкімшілік және қылмыстық жауапкершілігі, интернет қауіпсіздігі мен кибербуллинг туралы түсінікті тілмен айтып берді. Нақты мысалдар арқылы құқықбұзушылықтың алдын алу жолдары да түсіндірілді. Іс-шарада құқықтық тақырыптағы қысқа бейнероликтер көрсетіліп, олардың арқасында оқушылар заң талаптарының күнделікті өмірмен қалай байланысты екенін жақсы ұғынды. Көрсетілімнен кейін оқушылар белсенді түрде сұрақ қойып, талқылауға қатысты.

Еркін сұхбат форматында өткен кездесуде кәмелетке толмағандардың құқықтары, тұрмыстық қатынастардағы заң нормалары, мектеп пен қоғамдық орындардағы тәртіп мәселелері сөз болды. Сауле Жанұзаққызы әр сұраққа жеңіл әрі түсінікті жауап беріп, қажет жерінде құқықтық кеңес ұсынды.

Осындай шаралар оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастырып, заңға деген құрметін арттыруға көмектеседі. № 7 мектеп оқушылары кездесуден мол әсер алып, алған ақпараттың өмірлеріне пайдалы екенін атап өтті.

Каражал қалалық сотының бастамасымен өткен бұл кездесу – жас буынның құқықтық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған игі қадам. Осындай шаралар жүйелі түрде өткізіліп тұрса, заңды білетін, жауапкершілігі жоғары азаматтардың қалыптасуына үлкен үлес қосары анық.

Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ