Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Осы орайда Қаражал қаласындағы білім ошақтарында күрделі жөндеу жұмыстары қарқын алған. Алайда, кейбір нысандарда жұмыстардың сапасы мен уақытында орындалмауы қоғам мен ата-аналар арасында алаңдаушылық туғызуда. Осындай мәселелердің алдын алу мақсатында Қаражал қалалық мәслихатының депутаты Нұрбек Құлжанов пен жергілікті қауымдастық төрағасы Асқарәлі Омаров № 30 мектепке арнайы барып, атқарылып жатқан жөндеу жұмыстарына қоғамдық бақылау жүргізді.
Тексеру барысында мектеп ауласында, ішкі құрылыс бөлмелерінде және сыныптарда жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының қарқыны мен сапасы назарға алынды. Қоғам өкілдері мен депутат орын алған кемшіліктерді де назарға алды. Соның бірі һәм бірегейі – жұмыс күшінің жеткіліксіздігі. Қазіргі уақытта құрылыс нысанында еңбек етіп жатқан адамдар саны тым аз, бұл жобаның уақытылы аяқталуына қауіп төндіреді.
Екінші бір мәселе — құрылыс материалдарының жетіспеушілігі. Бұл да өзекті. Мәлім болғандай, жөндеу жұмыстарына қажетті материалдардың толық жеткізілмегені, кейбірі мүлде жоқ. Бұл еш ақталуды қажет етпейтін кемшілік. Бұл кемшіліктер мердігер ұйымға сол сәтте айтылып, тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Депутат пен қауымдастық төрағасы жөндеу жұмыстарының сапасы мен мерзімі қатаң бақылауда болатынын ескертті.
Қоғамдық бақылау тобының айтуынша, білім беру мекемесінің талапқа сай жөнделуі – тек бір нысанның жай-күйі ғана емес, оқушының сапалы білім алуына, мұғалімнің жайлы еңбек етуіне тікелей әсер ететін маңызды фактор. Сондықтан, кез келген құрылыс немесе жөндеу жұмыстары уақытылы әрі сапалы атқарылуы тиіс.
– Білім беру мекемесінің әр кірпіші – келешек ұрпақтың болашағына қызмет етеді. Сондықтан, біз тек бақылап қана қоймай, жұмыстың сапасына тікелей араласуымыз қажет. Мердігерлерге нақты талаптар қойылды. Бұл – жай ғана жөндеу емес, ұрпақ алдындағы жауапкершілік, – дейді депутат Нұрбек Құлжанов өз сөзінде.
Бүгінде білім беру саласында атқарылып жатқан жұмыстар үлкен жауапкершілікті талап етеді. № 30 мектеп – Қаражал қаласының іргелі білім ордаларының бірі. Оқу жылы басталғанда мектеп оқушылары мен ұстаздары жаңарған, жылы әрі қауіпсіз ғимаратқа оралуы тиіс.
– «Көз қорқақ, қол батыр». Мәселелер бар – мойындаймыз. Бірақ, сол үшін осында келіп, нақты шешімдер қабылдап отырмыз. Уақытымен аяқтаймыз деген сенім бар. Жауапты тараптың өз уәдесінде тұратынына үмітіміз зор, – деп атап өтті қоғам белсендісі Асқарәлі Омаров.
Мектеп жөндеу жұмыстары – тек құрылыс мәселесі емес, қоғам алдындағы борыш. Қаражал қаласы әкімдігі, мәслихат депутаттары мен жергілікті қауымдастық өкілдері бұл бағытта бірлесіп әрекет етуде. Уақыт аз, талап жоғары. Бірақ, ортақ мақсат – балаларға қолайлы орта қалыптастыру.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ