Аптаның аяғында Қаражал қаласындағы жалпы білім беретін мектептерде түлектер үшін ерекше толғанысты сәт – мектеппен қоштасу салтанаты өтті. Бұл күн – балалық шақпен, қимас естеліктермен қоштасып, жаңа өмірге алғашқы қадам жасайтын ерекше кезең. Қолдарына гүл шоқтарын алып, салтанатты шараға сән мен шырай кіргізген түлектердің жүзінен қуаныш пен қимастықтың қатар болғаны анық.
11 жыл бойы білім мен тәрбиені қатар алып, ұстаздарының ыстық мейірімі мен ата-ананың ақ үмітін арқалаған әрбір түлек үшін бұл күн – өміріндегі маңызды бетбұрыс. Бір кездері тарыдай ғана болып табалдырықтан аттаған бүлдіршіндер бүгін таудай талапты азамат пен азаматшаға айналып, үлкен өмірге аяқ басқалы тұр. Бұл қуаныш тек шәкірттер мен ұстаздардың ғана емес, ата-аналардың да жүрегін толқытқан сәт.
Кеше ғана баласының алғашқы сынып жиынына барған ата-аналар енді міне, олардың өміріндегі ең жауапты кезеңдердің біріне куә болып, қызы мен ұлының біліммен қанат қағуына тілекші болып тұр.
Ресми мәліметтерге көз жүгіртсек, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің 2024 жылғы 10 шілдедегі № 174 бұйрығына сәйкес, Қаражал қаласындағы мектептерде 2025 жылғы 23 мамырда оқу жылы ресми түрде аяқталды. Педагогикалық кеңестің шешімі негізінде 11 сынып түлектері үшін салтанатты соңғы қоңырау шаралары 23 және 24 мамырда ұйымдастырылды.
Сондай-ақ, 9 сынып оқушылары үшін қорытынды мемлекеттік емтихандар 2025 жылғы 29 мамыр мен 10 маусым аралығында өтеді. Ал 11 сынып түлектері мемлекеттік бітіру емтихандарын 30 мамыр – 16 маусым аралығында тапсырады.
Қаражал қалалық білім бөлімі мамандарының айтуынша, 2024-2025 оқу жылын аяқтаған оқушылардың жалпы саны – 3427. Оның ішінде, 11 сыныпты аяқтайтын – 203 түлек, «Алтын белгі» үміткерлері – 11 оқушы, Үздік аттестатқа үміткерлер – 11 оқушы, 9 сыныпты бітірушілер – 308 оқушы, Үздік аттестатқа үміткер 9 сынып оқушылары – 40. Бұл көрсеткіш – қаламыздағы білім сапасының артып келе жатқанының дәлелі.
Қаз-қатар сап түзеп тұрған болашақтың жарқын жұлдыздары – мектеп түлектері осы кеште өмір жолындағы бір белесті артта қалдырды. Көздерінде қимастық, жүректерінде үміт, арман мен сенім… Бұл кеш – олардың есінде мәңгі сақталатын сәттердің бірі болары анық.
Себебі, мектеп – тек білім ордасы ғана емес, өмірге алғашқы қадам жасатқан, тәрбие мен тәлімнің тұғыры болған ұлы мекен. Ұстаздарының әрбір ақыл-кеңесі, бірге оқыған достарының күлкісі мен ортақ естеліктер – өмір бойы ұмытылмас байлыққа айналады.
Әр түлек енді жоғарғы оқу орындарына түсіп, армандарын жүзеге асыруды, алған білімін ұштап, ел болашағына өз үлесін қосуды мақсат етеді. Бұл – олардың жүрек түкпіріндегі басты арман. «Ұстазым – ұлы тұлғам» деп, білім берген жандардың еңбегін бағалап, ел сенімін ақтауға ұмтылады.
Түлектер үшін бұл кезең – бір дәуірдің жабылып, екіншісінің есігі ашылған сәт. Бұл сәт – қимастық пен қуаныштың, үміт пен арманның тоғысқан тағылымды кезеңі.