2011 жылдың 28 қаңтарында «Медиация» туралы Заң қабылданды. Аталған Заңға сәйкес Қазақстанда дауларды баламалы шешудің жаңа түрі – медиация енгізілді. Қазіргі таңда дау көбейді. Оған бірден бір себеп — меншік түрлерінің молаюы, нарықтық қатынастардың орнауы және халықтық құқықтық сауаты мен талабының артуы.
Татуласу келісімін, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу барысында тараптар бірбірінің материалдық жағдайын және уақыт үнемделетінін, сонымен қатар, екі тараптың уәждері ескеріле отырып ерікті түрде жасалады. Аталған келісімдер заңға қарама-қайшы келмейді, сот процесінің кез келген сатысында қолдануға болады және келісімдер сотпен бекітіледі. Сонымен, медиация — тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі мақсатында медиатордың жәрдемдесуімен арадағы дауды реттеу рәсімі. Ал, медиатор – кәсіби және кәсіби емес негізінде медиация жүргізуші үшін тараптар тартатын тәуелсіз тұлға. Қажет болса, тараптардың өзара шешімі бойынша медиацияны өткізу мерзімі отыз күнтізбелік күнге дейін ұзартылуы мүмкін. Дегенмен, бұл мерзім жиынтығы алпыс күнтізбелік күннен аспауы тиіс. Ерекше жағдайларда шешілетін даудың қиындығына байланысты қосымша ақпарат пен құжаттар қажет болған жағдайда медиацияны өткізу мерзімі тараптардың және медиатордың келісуімен отыз күнтізбелі күннен асырмай ұзартылуы мүмкін.
Қазіргі таңда Қаражал қалалық сотының азаматтық, әкімшілік, қылмыстық істері медиация тәртібімен қаралуда. Медиацияның мақсаты – дауды шешудің медиацияның екі тарапын да қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткізу және тараптардың дауласушылық деңгейін төмендету.
Негізінен айтқанда бұл заң қазақ халқының дәстүрлі билер мен ата-бабалар тағылымын, әдет-ғұрып тәжірибесін қалпына келтіруге жасалған игі қадамының бірі, оны тиімділігі мол деп есептесек қателеспейміз.
Жадыра САДУОВА,
Қаражал қалалық сотының бас маманы.