Мазмұнды әрі салмақты үндеу

Еліміздің тағдыры мен болашағына қатысты түбегейлі мәселелер қозғалған Ұлттық құрылтайдың V отырысы Қазақстанның даму жолындағы маңызды белеске айналды. Осы алқалы жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөйлеген сөзі арқылы қоғамды толғандырып жүрген өзекті мәселелерге терең талдау жасап, ел дамуының стратегиялық бағытын айқын көрсетті. Президенттің баяндамасы ұлттық бірлік пен тарихи сабақтастықты, заманауи реформалар мен рухани жаңғыруды өзара үйлестіре білген мазмұнды әрі салмақты үндеу болды.

Мемлекет басшысы сөзін Қызылорда өңірінің тарихи және рухани маңызын атап өтуден бастап, бұл аймақтың қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуындағы орнына кеңінен тоқталды. Сыр өңірінің «Алаштың анасы» аталуы, көне қалалар тарихы мен жыраулық дәстүрі – ұлттық болмыстың терең тамырын көрсететін құндылықтар ретінде бағаланды.

Президент аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына нақты тоқталып, инвестиция көлемінің артуы, инфрақұрылымның жаңаруы, энергетикалық қауіпсіздік, көлік-логистика жүйесінің жетілдірілуі және әлеуметтік нысандардың салынуы өңір халқының өмір сапасын жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі екенін атап өтті. Сонымен қатар, бұл жетістіктер жергілікті атқарушы биліктің тиімді әрі табанды еңбегінің жемісі екені де ашық айтылды.

Сөз барысында су ресурстары мәселесі, әсіресе, Арал теңізін сақтау тақырыбы ерекше маңызға ие болды. Президент бұл мәселені тек ұлттық деңгейде емес, халықаралық ынтымақтастық аясында шешу қажеттігін алға тартып, су дипломатиясының стратегиялық рөлін нақтылады. Кіші Аралды қалпына келтіру бағытындағы жұмыстардың жалғасуы өңірдің экологиялық әрі экономикалық дамуына серпін беретіні атап өтілді.

Сонымен бірге, Мемлекет басшысы мәдениет пен руханиятты дамытуға, ұлттық мұраны сақтау мен оны цифрлық форматта жаңғыртуға баса назар аударды. Театрлар, музейлер, кітапханалар салу, тарихи жәдігерлерді ЮНЕСКО тізіміне енгізу бастамалары ұлттың мәдени әлеуетін арттыруға бағытталған нақты қадамдар ретінде бағаланды.

Жастардың креативті индустриядағы рөлі, жас буынды ұлттық құндылықтар мен заманауи ойлау жүйесі негізінде тәрбиелеу мәселесі де сөздің маңызды өзегіне айналды.

Президенттің Ұлттық құрылтайдағы бұл сөзі ел дамуының ұзақ мерзімді стратегиясын айқындап қана қоймай, қоғамдағы бірлік, заң мен тәртіп, отаншылдық пен жауапкершілік сияқты негізгі қағидаттарды нығайтуға бағытталған. Бұл баяндама Қазақстанның тұрақты даму жолындағы сенімді қадамын көрсететін маңызды бағдарламалық құжат деуге толық негіз бар.

Зәмзагүл ОСПАНОВА,
Қаражал қалалық мәслихатының төрағасы.