Мамандықты дұрыс таңдау – болашақ кепілі

Қазақстан Республикасы ТЖМ Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясына күндізгі оқыту түрі бойынша орта білімі бар, 16 жасқа толған, денсаулығы бойынша әскери қызметке және оқуға жарамды Қазақстан Республикасының азаматтары қабылданады. Оқуға қабылдау Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігімен өткізілген ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) немесе кешенді тестілеу (КТ) қорытындылары сертификаттарының баллдарына сәйкес жүргізіледі.

Азаматтарды күндізгі оқу түрі бойынша оқуға қабылдау 4 кезеңнен тұрады. 1 кезеңде қабылдау комиссиясы талапкерлердің жеке істерімен танысып, содан кейін ҰБТ және КТ нәтижесі бойынша іріктеу жүргізіледі.

2 кезеңде медициналық және психофизиологиялық көрсеткіштері бойынша оқуға түсуге денсаулығының жарамдылығын анықтау мақсатында жүргізіледі.

3 кезеңде талапкерлерді бекітілген Нормативтерге сәйкес дене шынықтыру дайындығы бойынша сынақтар тапсырады: бағанада тартылу, 100 м жүгіру, 1000 м жүгіру.

4 кезеңде қабылдау комиссиясы курсанттар қатарына қабылдайды. Академияға оқуға қабылдау медициналық, дене бітімі және психофизиологиялық көрсеткіштері бойынша іріктеу қорытындыларын ескере отырып, ұлттық бірыңғай және кешенді тестілеу қорытындылары бойынша сертификат баллдарына сәйкес конкурс бойынша жүргізіледі.

Курсанттар қатарына қабылдау конкурсын өткізу кезінде басым құқыққа мыналар ие: «Алтын белгі» белгісімен марапатталған тұлғалар; Дербес білім беру ұйымдарының білім туралы құжаттары бар тұлғалар.

  • жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың (І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталған) жеңімпаздары;

  • республикалық және халықаралық спорттық жарыстардың (І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталған ) соңғы үш жылғы жеңімпаздары;

  • ҰБТ немесе КТ сертификаттары баллдарының көрсеткіштері бірдей болған жағдайда оқуға қабылдауға басым құқыққа ие;

  • жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынан қалған балалар;

  • үздік білімі туралы құжаттары (аттестаттары, куәліктері, дипломдары) бар тұлғалар.

Қызметтік міндеттерін орындау кезінде қайтыс болған немесе мүгедектік алған қызметкерлердің балалары оқуға түсетін талаптар бойынша белгіленген шектеу балын алған жағдайда Академияға сайыстан тыс қабылданады.

Курсанттар республикалық бюджет есебінен оқытылады. Курсанттар барлық оқу кезеңіне киім-кешекпен, тамақпен және мемлекеттік шәкіртақымен қамтамасыз етіледі. Оқу мерзімі – 4 жыл.

Институтқа түсуге ынта білдірген тұлғалар, Қаражал қаласы, Кеншілер көшесі 20 үй, тұрғылықты мекенжайы бойынша Төтенше жағдайлар бөліміне өтініш (ерікті түрінде) береді.

Ануар ЕРҒАЗИЕВ,

Қаражал қаласы ТЖБ аға анықтаушысы.