Мамандық мәртебесі: сүйікті кәсібің арқылы қоғамға үлес қос

Әрбір адамның өмірінде мамандық таңдау – маңызды кезеңдердің бірі. Кәсібімізді дұрыс таңдасақ, ол тек табыс көзі ғана емес, сонымен қатар өзімізді жүзеге асырудың, қоғамға пайда әкелудің негізгі құралына айналады. Қазіргі заманғы еңбек нарығы өзгеріп, жаңа мүмкіндіктер ашылуда. Осы орайда, мамандықтың мәртебесі мен оның қоғамдағы рөлі туралы ойлану өзекті мәселеге айналып отыр.

Әрбір кәсіптің қоғамдағы маңызы зор. Ұстаздар білім беріп, келешек ұрпақты тәрбиелейді, дәрігерлер адамдардың денсаулығын қорғайды, инженерлер мен құрылысшылар қалаларды тұрғызады. Қызметтің әр саласы қоғамның дамуына өз үлесін қосады. Сондықтан әрбір мамандықтың мәртебесін көтеру – жалпы елдің дамуы үшін аса маңызды.

Мемлекет басшысы қарапайым еңбек адамдарын асқақтатып, оларды үлгі етіп, жұмысшы мамандықтарына жастарды көбірек тарту керектігін ұдайы айтып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жыл “Жұмысшы мамандықтар жылы” деп жариялады. Соның аясында кәсіптік білім беруді жетілдірудің, жұмысшы мамандықтарының беделін арттырудың маңыздылығын атап өтті. Себебі кәсіби шеберлігі жоғары мамандар – ел экономикасының тірегі болып табылады. Сондықтан техникалық және кәсіби білім беру мекемелеріне ерекше көңіл бөлініп, оларға қолдау көрсету керек.

Мамандық мәртебесін көтеру — ол біздің ортақ міндетіміз. Кез келген кәсіби қызметтің беделі ең алдымен оның әлеуметтік маңыздылығымен өлшенеді. Қоғамда еңбек адамына деген құрмет артып, жұмысшы мамандықтары жоғары бағаланған кезде ғана ел экономикасы тұрақты дамиды.

Сондықтан бізге:

✔ Жастарды кәсіптік білімге тарту;

✔ Қызметкерлердің еңбек жағдайын жақсарту;

✔ Жоғары білікті мамандарға қолдау көрсету қажет.

Қоғамның өркендеуі – еңбек адамдарының үлесімен жүзеге асады. Әрбір мамандықтың өз орны, өз жауапкершілігі бар. Сүйікті ісіңмен айналыса отырып, қоғамға үлес қосу – ең үлкен жетістік. Егер әркім өз кәсібіне жан-тәнімен беріліп, сапалы қызмет көрсетсе, еліміздің болашағы жарқын болатынына сенім артамыз!

Буштаева Гулнур Мараткызы

Қаражал тау — кен техникалық колледжінің әдіскері