Қазақстанда ауыл шаруашылығын цифрландыруға бағытталған маңызды қадам жасалды: мал шаруашылығымен айналысатындарға арналған «TortTulik» мобильді қосымшасы іске қосылған болатын. Бүгінде ол біздің өңірге де жетті. Бұл жаңалық фермерлер мен жеке шаруа қожалықтарына мал басын есепке алу мен бақылауды жеңілдетуге арналған. Әрбір малдың деректері жүйеде тіркеледі, бұл ветеринариялық қызметтің тиімділігін арттырып, вакцинация мен диагностикалық тексерулерді уақытылы жүргізуге мүмкіндік береді.
«TortTulik» қосымшасы пайдаланушыларға бірнеше маңызды қызмет ұсынады. Қосымша арқылы фермерлер ветеринариялық паспорт ала алады, сырғаны жоғалту немесе ауыстыру мәселесін шешеді, сойылған малды есептен шығара алады. Алдағы уақытта қосымша облыстар арасында малды сатып алу-сату рәсімдерін жасау мүмкіндігімен толықтырылады.
Бағдарлама смартфон арқылы онлайн режимде жұмыс істейді. Интернет байланысы болмаған жағдайда, деректер желіге қосылған соң автоматты түрде жаңартылады. Қазіргі таңда Android құрылғыларына Play Market арқылы жүктеп алуға болады, ал iOS жүйесінде Appstore арқылы құрылғыларына жүктей алады.
Ұлытау облысы ветеринария басқармасының «Жаңаарқа аудандық ветеринариялық станциясы» ШЖҚ КМК Қаражал қаласындағы филиал директоры Назгүл Хамзина қосымшаның артықшылығын атап өтті. Ол:
— Бұл қосымша фермерлер мен шаруашылықтарға мал басын есепке алу мен бақылауда негізгі құрал болмақ. Барлық деректер смартфонда тіркелетіндіктен, ветеринариялық қызмет уақытылы және тиімді жүргізіледі. Бұл технология фермерлерге өз малын бақылауда ұстауға, есеп жүргізуге және қажет жағдайда тез шара қолдануға мүмкіндік береді, — дейді.
Назгүл Хамзина қосымшаның болашақтағы дамуы туралы да айтып өтті. Қосымша жаңартылған сайын жаңа функциялар қосылып, мал шаруашылығын цифрландыру процесі жеңілдейді және барлық рәсімдер онлайн режимде жүзеге асырылатын болады.
Қазақстан бойынша шамамен 1,5 млн мал иесі мобильді қосымшаны қолдана алады деп болжануда. «TortTulik» фермерлер үшін мал басын есепке алу, ветеринариялық қызметті бақылау және малдың денсаулығын қадағалауда негізгі цифрлық құралға айналмақ. Бұл қосымша фермерлердің күнделікті жұмысын жеңілдетіп, мал шаруашылығын цифрлық технология арқылы тиімді басқаруға мүмкіндік береді.
Фермерлер мен шаруа қожалықтары «TortTulik» мобильді қосымшасын смартфондарына жүктей алады. Бұл қосымша олардың мал шаруашылығын цифрлық бақылауда ұстауға, ветеринариялық рәсімдерді онлайн орындауға және малдың денсаулығын тиімді қадағалауға мүмкіндік береді. Қосымшаны пайдаланып, жұмыстарын жеңілдетеді және заманауи технологияның артықшылығын пайдалана алады.
Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ
