Рухы мен өр мінезі ұлт жүрегінде сақталған ақын, батыр Махамбет Өтемісұлының есімін ұлықтау, жас ұрпақтың бойында елжандылық пен отансүйгіштік сезімін қалыптастыру мақсатында жалпы білім беретін мектептердің 8–11 сынып оқушылары арасында дәстүрлі «Махамбет оқулары» республикалық байқауы өткізіліп келеді.
Биылғы байқаудың облыстық кезеңіне Қаражал қаласының №1 Тірек мектебі ресурстық орталығының бірнеше талантты оқушылары қатысып, өз өнерлерін ортаға салған болатын. Солардың ішінде 9 «б» сынып оқушысы Алмас Сайлаубаев ерекше дарынымен көзге түсіп, II орын иеленіп, республикалық кезеңге жолдама алған еді.
Күні кеше Атырау қаласында өткен республикалық додадан сүйінші хабар жетті – Алмас Сайлаубаев Қаражалдың намысын абыроймен қорғап, III орын иеленді! Бұл – жас өнерпаздың ғана емес, ұстаздарының, ата-анасының, туған қаласының ортақ қуанышы.
Алмас «Шашақты найза, шалқар күй» номинациясы бойынша өнер көрсетті. Бұл номинация – Махамбет күйлерін орындаушылар арасындағы бәсеке. Байқау шарты бойынша қатысушылар күй орындау шеберлігін, қағыс әдістерін меңгеру деңгейін және сахна мәдениетін жоғары деңгейде көрсетуі тиіс. Жас күйші осы талаптардың бәрін шеберлікпен орындап, Махамбеттің рухын күмбірлеген күй тілімен жеткізе білді.
Жас дарынға сенім артып, бағыт-бағдар берген жетекшісі Айсұлу Тілегенова зор үлес қосты. Ол шәкіртіне рухани және шығармашылық тұрғыдан демеу болып, өнер жолындағы алғашқы жетістіктеріне жол ашты.
– Алмас өнерге шын ықыласпен қарайтын, күйдің мәнін терең түсінуге тырысатын еңбекқор бала. Оның әрбір орындауында жүрек бар, рух бар. Бұл жеңіс – оның ізденісінің, еңбегінің жемісі, – дейді ұстазы.
Мектеп директоры Жұмакүл Ахметова мен педагогикалық ұжым да шәкіртінің жетістігін зор қуанышпен қарсы алды.
– Махамбеттей өр рухты тұлғаның мұрасын дәріптеу – жас ұрпақтың бойына елдік пен ерлік қасиеттерін сіңірудің ең әсерлі жолы. Осындай байқаулар арқылы балалар тарихқа, ұлттық өнерге жақындай түседі, – деді мектеп басшысы.
Қаражалдықтар үшін Алмастың бұл жеңісі — үлкен мәртебе. Өнерімен елін танытқан жас дарын алда талай биікті бағындырады деп сенеміз. Махамбет рухын күймен асқақтатқан Алмасқа шығармашылық табыс пен толағай жетістіктер тілейміз.
Бетті әзірлеген Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ