Маңызды нысандарды аралады

Өткен аптада Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы жұмыс сапарымен Қаражал қаласына келді. Өңір басшысы алдымен қала активіне шаһардың жаңа әкімі Айқын Елеусізовті таныстырды. Бұдан соң қаладағы бірқатар маңызды нысандарды аралады. Қала басшылығы мен мердігер ұйымдардың өкілдеріне нақтылы тапсырмалар берді.

Жұмыс сапары барысында облыс әкімі әуелі Қаражал тау-кен техникалық колледжіне ат басын бұрды.

Колледж 1967 жылы Қалалық кәсіптік техниқалық училищесі болып ашылған. 2013 жылы оқу орнына колледж деген атақ берілді. Оқу орнында жоғары біліктілікті ұстаздар мен мамандар дәріс береді. Колледждің екі оқу корпусы бар, оның ішінде: электротехникалық жабдықтарды жөндеу, күту және монтаждау зертханасы, электргазбен дәнекерлеу жұмыстарына арналған шеберханасы, кәсіптік және жалпы білімдік пәндер бөлмелері, мәжіліс залы, кітапхана, оқырмандар залы және асхана бар.

Мемлекеттік тапсырыс бойынша мамандықтар даярлайтын колледждің материалдық-техникалық базасы заман ағымына сай жаңартылып отырады. Соңғы кездері мұнда заманауи оқу құралдары әкелінген.

Өңір басшысы оқу ордасын аралай жүріп осы жаңа құрылғылармен де танысты. Дей тұрғанмен, колледжге жаңаша жабдықталған спорт залы да керек. Ғимараттың қасбетін жаңғырту, ауланы абаттандыру да күн тәртібінде тұр. Берік Әбдіғалиұлы оқу орнының басшылырына осы мәселені назарда ұстауды тапсырды.

Бұдан соң өңір басшысы барит өндірумен айналысатын «Қаражал Оперейтинг» ЖШС жұмыс орнына барды. Барит зауыты 2015 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен жалпыұлттық телекөпір арқылы іске қосылды. Содан бері қарқынын бір бәсеңдеткен жоқ. Бүгінде «Қаражал Оперейтинг» ЖШС тұрақты түрде жұмыс істеп келеді. Кешен құрылысына 6 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалған. Жобалық қуаттылығы  жылына 200 мың тонна барит концентратын құрайды.

Жоба мұнай-газ саласына қызмет көрсетуде көшбасшы әйгілі американдық «Halliburton International Inc» компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылды. «Halliburton International Inc» трансұлттық компаниясының барит кен орындарын игеру және барит кендерін өңдеуде 60 жылдан астам тәжірибесі бар.

Облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы өзінің жұмыс сапары барысында Қаражал қаласындағы бірқатар спорт нысандарын да аралады. Әуелі қала мақтанышына айналған жасөспірімдер дзюдо спорт мектебінде болып, оның жай-жапсарымен жақынырақ танысты. Қазір спорт мектебіне жаңа құрал-жабдықтар алу жоспарлануда. Алайда шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Оның осы спорт мектебінің негізін қалаушы, республикаға белгілі жаттықтырушы Дүйсенбай Тәжікеев баяндады.

– Жасыратыны жоқ, спорт мектебіне ұзақ жылдардан бері жөндемді жөндеу жұмыстары жасалынбаған. Қабырғасының жұқалығы сын көтермейді. Сол қабырғаны ішінен жылу ұстағыш материалдар салып заманауи қаптағыштармен қаптаса ғимарат жылынып, балалардың қыста да қолайлы жағдайда жаттығуларына мүмкіндік туар еді, – дейді ол.

Келесі кезекте облыс әкімі қалада қайта жөндеуден өткізіліп жатқан «Горняк» стадионындағы жұмыстардың барысын қадағалады. Мердігер «Construction Training Resources» ЖШС бүгінде нысанда әкімшілік ғимараттың іргетасын, жүгіру жолын және жасанды жабыны бар футбол алаңын орнату бойынша жұмыстарды атқаруда. Сондай-ақ, нөсер кәрізі мен теннис кортын орнату жұмыстары басталды, көрермендер трибунасын орнату жұмыстары жүргізілуде. Нысан бойынша жұмыстар 2021 жылы басталып, 2023 жылдың қараша айында аяқталады деп жоспарлануда. Берік Әбдіғалиұлы қайта жаңарту жұмыстарын кестеден кешіктірмеуді тапсырды.

Ізбасар ОЙБАС.