Маңызды міндеттер айқындалды

8 қыркүйек күні қала әкімдігінің мәжіліс залында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауын бірлесіп тыңдау және талқылау шарасы өтті.

Жиынға қала әкімі Айқын Елеусізов, әкім орынбасары Аманқазы Наукенов, қалалық мәслихат төрағасы Зәмзагүл Оспанова, ардагерлер мен ақсақалдар кеңесінің мүшелері, мемлекеттік мекемелердің басшылары, БАҚ өкілдері және белсенді қала тұрғындары қатысты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауын «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» деп атап, еліміздің жаңа даму бағытын айқындады. Мемлекет басшысы жаһандық тұрақсыздық жағдайында Қазақстанның цифрлық серпіліс пен жасанды интеллектке негізделген жаңа экономикалық модельге көшуі қажеттігін атап өтті.

Қатысушылар Жолдауда айтылған әлеуметтік-экономикалық реформаларды, шағын және орта бизнесті қолдау, ауылдық өңірлерді дамыту, білім мен ғылым сапасын арттыру, цифрлық теңгені енгізу, жасанды интеллектке негізделген басқару жүйесін құру сияқты бастамаларды жоғары бағалады. Олар бұл реформалар Қаражал қаласы сияқты аймақтардың дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді.

Жиын соңында қатысушылар Президент Жолдауын бірауыздан қолдап, ел дамуы жолында жұмыла еңбек етуге дайын екендіктерін жеткізді.

Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ