Маңғыстаудан Ұлытауға пойыз келді

Ақтау қаласынан шыққан «Ulytau Express» пойызы Жезқазған қаласының вокзалына алғаш рет келіп тоқтады. Бұл оқиға өңірлер арасындағы көлік қатынасын жаңа деңгейге көтеретін маңызды қадам болып табылады.

Жаңа теміржол бағыты Ұлытау облысының үш ірі стансасы – Жаңаарқа ауданының Атасу кенті, Жезқазған қаласы және Ұлытау ауданының Қоскөл ауылы арқылы өтеді. Бұл жаңа бағыт тұрғындардың қатынауын айтарлықтай жеңілдетіп, сапар уақыты мен шығындарын азайтады.

«Ulytau Express» ЖШС директорының орынбасары Марғұлан Атамбаевтың айтуынша, пойыз вагондары заманауи талаптарға сай жабдықталған және жолаушылар үшін барлық қажетті жағдайлар қарастырылған. Арнайы купелер мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін де қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, сапар жайлылығын арттыратын әртүрлі қызметтер мен ыңғайлы пакеттер ұсынылады.

Жаңа теміржол бағытының іске қосылғанына жолаушылар да қуанышты. Үміт Бурабаева есімді жолаушы, осы күнді он жылдан аса уақыт күткенін айтып, билет бағасының қолжетімді екенін де атап өтті. — Бұрынғыдай бірнеше рет ауысып мінуге тура келмей, сапар әлдеқайда тиімді әрі ыңғайлы болды, — дейді ол.

Аталмыш бағыттағы пойыз қозғалысы 1 сәуірден басталды. Жезқазған мен Ақтау арасындағы жол жүру уақыты шамамен 29 сағатты құрайды. Бұл бағыттың ашылуы өңірлер арасындағы байланысты нығайтып, көлік инфрақұрылымын дамытуға үлкен серпін береді.

 Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ