16 наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қос палатаның бірлескен отырысында Қазақстан xалқына «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты кезекті Жолдауын жариялады. Бұл Жолдау елімізде жаңа саяси тәртіп құрудың негізі болмақ.
«Қаңтар оқиғасы» деген атаумен тарихта қалған сындарлы сәттің өрбуі мен салдарын, себептерін арқау ету арқылы басталған Жолдау халыққа расында серпіліс, сенім сыйлады. Президент өз Жолдауында елімізді күтіп тұрған өзгерістерге тоқталып, жақын арада жүзеге асырылатын саяси реформалар мен елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне және қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі арттыру міндеттерін іске асыруға бағытталған жоспарларымен таныстырды.
Жолдау ең алдымен қазақ мемлекеттілігінің саяси жүйесінің жаңа, әрі сара жолын сипаттады. «Реформалардың жаңа бағдарламасы нақтыланды, биліктің тармақтары жүйеленді, халықтың азаматтық қатысу белсенділігінің сипаты белгіленді. Сол арқылы Қазақстандағы жаңа саяси мәдениеттің жарқын үлгісі айшықталды деп білемін. Президент «Қағаз бетінде ғана жүзеге асырылған, бірақ шындыққа еш жанаспайтын жалған табыстарға масаттанып отыратын заман келмеске кетті» деді.
Ұланғайыр жеріміздің байырғы атауларын, ұлы тұлғаларымыздың есімін ұрпақ санасында жаңғырту, халықты әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері қамтылды. Мемлекет басшысы Конституцияның 30-дан астам бабына өзгерістер енгізу қажеттігін атап өтті. Президент жыл соңына дейін тағы 20-дан астам заң қабылдау қажеттігін еске салды. Жаңа ұсыныстар Қазақстандағы демократизм мен бостандықтың дамуына, халықтың әл-ауқаты мен саяси өміріне оң өзгерістер алып келуге бағытталған. «Мен үшін елдің амандығынан артық ештеңе жоқ. Менің ең бірінші алаңдайтыным – халықтың болашағы қандай болады», – дейді өз Жолдауында Мемлекет басшысы. Жолдауда ай тылған ұсыныстар жүзеге асырылса, біз мемлекетіміздің жаңа сатыға көшетініне, жаңа экономикалық және саяси өрістерге жететініне сенім артамыз.
Жолдауда өзгерісті өзімізден бастауымыз керек, әрбір адам жаңғыруы керек және негізгі байлығымыз – еліміздің тәуелсіздігін қорғап, әлемдік ынтымақтастық алдында батыл, заңды реформалар жасауымыз қажет екені айтылды. Өз кезегімізде талантты, еңбекқор, бақытты өмір сүретін мемлекет болуын қалайтынымыз – Мемлекет басшысымен бірге ұштасып жатқан осы бір құндылықтарды алып жүретін сіз бен бізге деген үміт. Біз мемлекетімізбен бірге өркендеуіміз керек. Қазақстанның тұғыры биік болуы тиіс. Ендеше, Жолдау әрқайсымыздың көкейіміздегі арман-тілектеріміздің орындалуына жаңа серпін болмақ. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», әрқайсымыз еліміздің тәуелсіздігін ту етіп ұстап, соған еңбек етейік.
Президенттің айтуы бойынша, біз ескі құндылықтарымызды сақтай отырып, жаңа бастамаларға бет бұрамыз. Мақсатымыз ұлттық болмысымызды, қазақтың қазақ болып қалыптасуы жолында еңбегі ерен тұлғаларымызды құрметтей отырып, ата-бабаларымыз аңсаған, армандаған тәуелсіз ел болу.
Президенттің қазақстандықтарға айтқан өмір сүру сапасын арттыру және ел ішіндегі тұрақтандыру идеяларын қолдаймын. Ұлттың бірлігі – еліміздің табысты болуының басты факторы. Халық “Келісім қайда болса, бақыт та сонда” деп бекер айтпаған. Біздің күшіміз – бірлікте! Осы қиын сәтте елге үміт отын ұялатқан Жолдау іске асып, болашағымыз жарқын, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Қаламқас ОСПАНОВА,
Қаражал қаласы білім бөлімінің басшысы.