Көмекке мұқтаж жандарға қолдарынан келген бар көмекті тәулік бойы көрсететін «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ еңбеккерлерінен жасақталған «Өндірісші волонтерлар» тобы меншікті мерекелері Металлургтер күні де дем алмай, комбинаттан зейнетке шыққан жалғызбасты қарттардың үйлерін аралап, қал-жағдайларын білді. Төл мерекелерімен құттықтап, «Казцинк» компаниясының мерекелік сыйлықтарын жеткізіп берді.
Елгезек жастар Ескі Жәйрем кентіндегі Рая Байбатырова әжейдің ауласын қоқыстан, бақшасын арамшөптерден тазалады. Тағы бір көмекке мұқтаж қарияның үйіне жөндеу жұмыстарын жасап, бөлме есіктерін ауыстыруға көмектесті. Екі қарияның электр тогына қатысты проблемаларын реттеп берді. Ерекше сұранысқа ие баласы бар бір анаға қаржылай көмек көрсетілді.
«Өндірісші волонтерлар» тобы Кәсіподақ ұйымы жанынан 2020 жылы құрылған. Содан бері талай жанның алғысын алып, қалалық, облыстық деңгейге дейін жұмыстарын адал атқарып келеді. Алғашқыда 20 адамнан құрылған топ құрамында қазір 150 волонтер бар. Олардың барлығы «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-да еңбек етеді.
Мереке күні волонтерларға «Ұлттық волонтерлар» семинарына қатысқанын растайтын сертификаттар табысталды. Олар семинарда өзге облыстардың волонтерларымен танысып, волонтерлық іс-қимылдың бағыт-бағдары мен түрлері бойынша тәжірибе алмасты.
Гауһар НАУРЫЗБАЕВА,
«Өндірісші волонтерлар» тобының жетекшісі.