Мәселелерді шешу жолдары

Қазақстан бірлігінің бірегей моделін құруда Қазақстан халқы Ассамблеясына (ҚХА) елеулі мән беріледі.
ҚХА-ның басты міндеті – мемлекеттік ұлттық саясатты іске асыру, Қазақстан Республикасында қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету және этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік және азаматтық қоғам институттарының өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру болып табылады.
Ұлытау облысында қойылған міндеттерді шешу үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының жанынан ақсақалдар кеңесі құрылды, оның құрамына Қаражал-Жәйрем аймағының Құрметті азаматтары: Қаражал қаласынан Мешітбай Омар және Жәйрем кентінен Марлан Шамбулов енгізілді.

Ақсақалдардың алдына күрделі міндеттер қойылды: мемлекет пен қоғамның қоғамдық келісім мен бірлікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша «кері байланыс» тетіктерін ұйымдастыру, жастар арасында патриотизм идеяларын ілгерілету, әлеуметтік және тұрмыстық жанжалдардың алдын алу мен шешуде мемлекеттік органдарға жәрдемдесу, халық арасында қоғамдық келісімді қамтамасыз ету мәселелерінде білім мен тәжірибе беру.
Кеңес мемлекеттік құрылым­дар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында жергілікті қоғамдастықтардың мүдделерін білдіретін болады, мемлекеттік тілді этносаралық қарым-қатынас тілі және шоғырландырушы негіз ретінде ілгерілетуге, Қазақстан халқының мәдени мұрасын сақтауға және насихаттауға көмектеседі.
М.Омар мен М.Шамбуловтың ақсақалдар кеңесі құрамындағы жұмыстары Қаражал қаласы мен Жәйрем кентінің тұрғындарын жеке қабылдаудан басталды. Кез­десу барысында азаматтарды әлеуметтік қорғау, коммуналдық шаруашылық, мал жаю, Жәйрем кентін абаттандыру бойынша сұрақтар қойылды, сондай-ақ, жастар ресурстық орталығының базасында ақсақалдардың өңір жастарымен жұмыс ұйымдастыру қажеттілігі туралы өтініш түсті.
Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ұлытау облысы ақсақалдар кеңесі мүшелерінің жұмысы тұрақты негізде жүзеге асырылады.
Азаматтарды қабылдау әр айдың үшінші сәрсенбісінде Қаражал қаласы мен Жәйрем кентінде кесте бойынша жүргізіледі. Барлық мүдделі тұрғындарды өңіріміздің қоғамдық маңызды мәселелерін шешу бойынша бірлескен жұмысқа белсенді қатысуға шақырамыз.

Гүлмира ИСИНА,
«Қаражал қаласының
ішкі саясат,
мәдениет, тілдерді дамыту
және спорт бөлімі» ММ басшысы.