Қоғамда медбикелерді – мәртебелі мамандық иелері деп дәріптеп жатады. Ол орынды да. Өйткені, бірде-бір аурухана медбикесіз жұмысын өрбіте алмайды. Адам жанына араша түсіп, денсаулық түзеу ісінде дәрігерлерден кем орын алмайтын аса жауапты мамандық иелері – медбикелер. Науқас жанына инесімен де, ақ көңілімен де шипа сыйлайтын жандар. Солардың бірі біздің кейіпкеріміз – Нұрғайша Сүлейменова.
Нұрғайша Мұхамеджанқызы осы мерейлі медбике қызметін атқарып келе жатқанына қырық жылдан астам уақыт болыпты. Өзінің жан қалауы, жүрек таңдауымен осы саланы меңгерген білікті маман жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарайды. 1960 жылы қазыналы Қаражал өңірінде дүниеге келген ол осы қаладағы № 1 қазақ орта мектебінде білім алған. Әкесі Мұхамеджан Ақылбеков сол кездегі іргелі кәсіпорын – автобазада маңдай алды шопырлардың бірі болды. Өз ісіне мығым, берілген тапсырманы мүлтіксіз орындап көш басында жүретін әкесі қаршадай қызға да үлгі болды. Ал, анасы Мәжкен Үсенова 11 бала туып, тәрбиелеп өсірген алтын құрсақты ана болды. Көп балалы отбасында өскендіктен шығар, Нұрғайша алғыр, шаруаға бейім болып өсті.
Мектеп қабырғасында жүргенде бала арманшыл болады ғой. Сол кездегі жастардың бәрі ару қала – Алматыға барып, жоғары оқу орнында оқығысы келетін. Біздің кейіпкерімізді де сондай арман қанатына мінгізген еді. Алайда, ол кішкентай күнінен адам жанына араша болған ақ желеңді жандарға қызығып өскен. Өзі де өскенде осы саланың қыры мен сырын меңгеруді арман еткен. Осы мақсат оны мектеп бітіргеннен кейін Жезқазған қаласындағы медициналық училищеге алып келді. Осы жерде медбике мамандығы бойынша оқуға түсіп, оқу ордасынан екі жылдан соң мерейлі мамандық иесі болып шықты. Еңбек жолын 1979 жылы Қаражал қаласындағы ауруханада медбике болып бастады. Міне, 46 жылдан бері қазыналы өңірде, медицина саласында абыройлы еңбек етіп келеді. Біреуге сырлас құрбы, біреуге ақылшы әпке болып жүрген жан әріптестерінің арасында да үлкен беделге ие. Мереке қарсаңында сәті түскен бұл мақаланы жазуға Нұрғайша Мұхамеджанқызы жайлы әріптестерінің жылы лебізі мұрындық болғанын да айта кету ләзім. Кейіпкеріміз медучилищені бітіріп, қолына диплом алып келген сәтте Қаражал қаласындағы аурухананың гинекология бөлімінің медбикесі болып жұмысқа тұрды. Сол кездегі бөлім бастығы Ғалия Садуақасова аурухананың табалдырығын имене аттаған қызды құшақ жая қарсы алып, бар білгенін үйретті. Өз саласының мықты маманы болып шығуға тәрбиеледі. Нұрғайша тәлімгерінің еңбегін ақтай алды да.
Қалалық аурухананың гинекология бөлімінде медбике болып жұмыс істеп, тәжірибесін толықтырған ол кейін емханаға ауысты. Бүгінде осы емдеу мекемесінің учаскелік медбикесі болып тер төгіп келеді.
Қазір Нұрғайша Сүлейменованың қарамағында мыңнан астам тұрғын бар. Міндеті, сол тұрғындардың емханаға келіп көрінгендеріне дәрігердің нұсқамасын беру, ем-дом жасау. Одан қалды, үйлеріне дәрігер шақыртқан сырқаттардың үйлерін аралап, тексеріп, ем жасап, кеңестер беріп отырады.
Көпшілікке бас болып, шаруаны оңтайлы үйлестіру ерік-жігері мықты болмаса, нәзік жандылар үшін оңай болмасы анық. Осындай қызығы мен қиыншылығы мол қызметті атқарып жүрген ақ желеңді абзал жан ем іздеп келген адамдардың ауруынан айығып, аяғына тік тұрғанын көруді бір бақыт деп біледі.
– Осы саланы өзіміз таңдап, өзіміз қалап келдік. Қиындығы да, қуанышы да қатар жүреді деп айта аламын. Күн-түн деп жатпай, уақытпен санаспай жұмыс істейміз. Кейде жұмыстан басқаға уақыт таппай қалатын кездер болады. Бірақ, мамандыққа деген адалдық бірінші орында. Себебі, біз таңдаған жұмыстың арғы жағында қаншама адамның тағдыры, денсаулығы, өмірі тұр. Оған бей-жай қарауға болмайды. Мамандығымды мақтан тұтамын. Ауыр жағдайда келген науқастардың жүзіне қан жүгіріп, тәуір болғанын көргенде құлшынысымыз артып, бірге қуанамыз, – дейді Нұрғайша Мұхамеджанқызы.
Қазіргі заманда әлем бір орында тұрған жоқ. Күн сайын жаңашылдық, жаңа техника. Қай салада болмасын ұдайы дамып, жетіліп, өсу маңызды. Осы ретте, медицина саласы да дамудың дара жолына бағыт алып келеді. Ал, білікті мамандарға жаңашылдықты уақытылы игеріп, оны тәжірибеде қолдана алу маңызды. Біздің кейіпкеріміз де осы үрдістен қалмауға тырысуда. Әркез ізденіп, жаңаны игеруге күш салып келеді.
46 жыл бойы аталған салада абыройлы еңбек етіп келе жатқан жоғары санатты медбике қала, облыс көлемінде Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттармен марапатталған. Ең бастысы, қарамағындағы тұрғындардың оған деген ықыласы, лебізі ерекше. Қызметтегі осы беделі, еңбегі үшін басшылық тараптың ұдайы алғысы мен марапатына ие болып, мәртебесі артқан маман отбасы деген шағын мемлекеттің де аяулысы болып отырған жайы бар.
Ізтай БеЛГІБАЙҰЛЫ