Әрбір елдің тарихында оның егемендігі мен елдігін айқындаған ұлы күн бар. Сол күн — ұлттың жүрегінде мәңгі сақталатын қастерлі мереке. Президентіміздің бастамасымен тарихи мәртебесіне қайта ие болған Республика күні – әр қазақстандықтың бойында мемлекетшіл рухты, отаншыл сезімді оятатын ерекше мереке. Бұл күн – халқымыздың азаттық пен тәуелсіздікке деген асқақ арманының жүзеге аса бастағанының айғағы.
Дәл осы күні, 1990 жылдың 25 қазанында, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданып, еліміздің тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуына кең жол ашылды. Биыл осы тарихи құжатқа қол қойылғанына 35 жыл толып отыр.
Осы атаулы күнге орай Қаражал қаласының мәдени-сауық орталығында «Мәңгілік жаса, қыран елім – Қазақстаным» атты салтанатты жиын өтті. Шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының салтанатты түрде енгізіліп, мемлекеттік Әнұранмен басталды.
Мерекелік жиын барысында Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізов өз сөзінде:
– Құрметті жерлестер! Қадірлі қонақтар! Бүгін – халқымыз үшін аса маңызды мерекелердің бірі – Республика күні. Осы айтулы күнмен сіздерді шын жүректен құттықтаймын. Биыл 25 қазан – Республика күні Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның 35 жылдығы аясында атап өтілуде. 1990 жылы осы күні Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Жоғарғы Кеңесі «Мемлекеттік егемендік туралы» Декларацияны қабылдап, Қазақстанның дербес саясат жүргізуінің құқықтық негізі қаланды.
Республика күні – тәуелсіз ел болудың бастауы, елдігімізді танытқан тарихи белес. Бұл мереке бізге ұлт ретінде қалыптасу жолындағы қиын да қасиетті кезеңдерді еске салып, жаңа буынды отансүйгіштікке, бірлік пен жауапкершілікке тәрбиелейді.
Биылғы жылы өңіріміздің экономикалық-әлеуметтік жағдайы қалалық бюджеттің орындалуына (127%) оң әсерін тигізді. Бұл өз кезегінде абаттандыру, жаңа нысандар салу және жолдарды жөндеу мәселелерін шешуге мүмкіндік берді. Құрметті жерлестер! Республика күні – жалпыұлттық мереке. Сіздерді мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Қазақстанның қарқынды дамуы мен табысы – халықтың бірлігі мен ынтымақтастығының нәтижесі. Әр шаңыраққа шаттық, зор денсаулық, тұрақтылық пен толағай табыс тілеймін! Ел іргесі тыныш, бейбітшілігіміз баянды болсын, – деп жүрекжарды тілегін жеткізді.
Келесі кезекте еліміздің дамуына үлес қосқан азаматтарды марапаттау рәсімі өтті. Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрлігінің «Су шаруашылығының үздігі» төсбелгісімен Балдай Мусин марапатталды.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгісімен «Өркен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Өркен-Атасу» өкілдігінің автокөлік цехының жүргізушісі Ғалы Шөкіжанов, аталған өкілдіктің жетекші инженері Марат Көшмағамбетов марапатталды.
Ал Ұлытау облысы әкімінің Алғыс хатына Қаражал қаласының «Жастар ресурстық орталығы» КММ маманы Сәния Тоқабаева ие болды.
Қаланың қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысқаны және әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін Қаражал қаласының Құрмет грамотасы №1 тірек мектебінің темір ұстасы Жанабай Мақаевқа, сондай-ақ аймағымыздың дамуына үлес қосып жүрген жеке кәсіпкер, меценат Ерболат Халықовқа табысталды.
Қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталғандар қатарында: «Балалар өнер мектебінің» бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі Баршагүл Тоқтыбаева, №7 жалпы білім беретін мектептің биология пәнінің мұғалімі Аида Мусина, Мәдени-сауық орталығының маманы Талшын Кеңесова, жеке кәсіпкер Гүлдана Күзекбаева, «Қаражал қаласы Мансап орталығы» филиалының маманы Жұлдыз Бозова, Қаражал қаласының статистика бөлімінің интервьюері Айман Бейсембаева, Қаражал қаласы полиция бөлімінің анықтаушысы, полиция капитаны Тұрар Мұқажанов, «Өркен-Атасу» байыту фабрикасының конвейер машинисі Гүлнұр Қамзина, «Батыс Қаражал» шахтасының жерасты бекіткіші Хасен Жақұпов, қалалық коммуналдық шаруашылығы кәсіпорнының санитарлық тазалаушысы Надежда Эйрих бар.
Сонымен қатар, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге атсалысқаны үшін Гүлмира Савватеева, Қуат Аманжолов және Қалжан Дюсембин қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Мерекелік жиында республикалық деңгейде жетістікке жетіп, қаламыздың абыройын асқақтатқан №1 тірек мектебінің 9-сынып оқушысы Алмас Сайлаубеков те марапат биігінен көрінді. Ол қазан айында Атырау қаласында өткен Махамбет оқуларында ІІІ орынға ие болып, қала әкімінің Алғыс хатына және жабық жүзу бассейніне бару сертификатына ие болды.
Осы күні Қаражал қаласының тумасы, Жәйрем кентінің тұрғыны, жеті баланың анасы, 30 немере мен 10 шөберенің аяулы әжесі Бағила Сауытбаеваның есімі «Қазақстанның Алтын кітабы» энциклопедиясына енгені туралы сүйінші жаңалық жарияланды. Бұл мәртебелі кітап – ел дамуына үлес қосқан азаматтардың өмірі мен еңбегі туралы маңызды еңбек. Қала әкімі салтанатты түрде аталмыш еңбекті Бағила апамызға табыстап, ізгі тілегін білдірді.
Марапаттау рәсімінен кейін мерекелік концерт басталды. Астана қаласынан арнайы шақыртумен келген, «Almaty» телеарнасының тілшісі Мәди Бижан мен біздің жерлесіміз Үміт Әбілдина кешті әсерлі де мәнді жүргізіп, көрермендерге мерекелік көңіл күй сыйлады.
Сахна төрінде жергілікті өнерпаздармен қатар, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары — «Арай» дуэті, сондай-ақ, «X-Factor Kazakhstan» жобасында танылған, «Ұнайды маған» шоуында ерекше көзге түскен жас эстрада жұлдызы Еламан Мұхамеджанов өнер көрсетті.
Республика күні — тәуелсіздігіміздің жаршысы, елдік пен егемендіктің бастауы. Бұл мереке — ұлттық рухымыздың қайта жаңғырып, мемлекетіміздің мәңгілік іргетасы қаланған күннің символы.
Мерекелік кеш азаттықтың, бірліктің және татулықтың әнімен қорытындыланды. «Бірлігіміз жарасса – еліміз еңселі, болашағымыз баянды болмақ!» деген игі тілекпен жиын өз мәресіне жетті. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, халқымыздың еңсесі жоғары!
